Қашаған газ өңдеу зауыты құрылысының орындалу деңгейі 60 пайызға жетті

Зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 1 млрд текше метр ілеспе газ өңдеп, шамамен 727 млн текше метр тауарлық газ өндіруге мүмкіндік береді.

 Энергетика министрлігі 21 Шілде 2026, 21:19
21 Шілде 2026, 21:19
254
Фото: Энергетика министрлігі

Атырау облысында салынып жатқан Қашаған газ өңдеу зауытындағы EPC жұмыстарының орындалу деңгейі 60 пайызға жетті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің өңірге жұмыс сапары барысында белгілі болды.

Жобаны «QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – «GPC Investment» ЖШС жүзеге асыруда. Зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 1 млрд текше метр ілеспе газ өңдеп, шамамен 727 млн текше метр тауарлық газ өндіруге мүмкіндік береді. Бұл еліміздің газ өңдеу қуатын арттырып, ішкі нарықты қосымша газбен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңына қажетті негізгі жабдықтың 97 пайызы жеткізілген. Вахталық кент пен ірі көлемді жүктерді тасымалдауға арналған теміржол инфрақұрылымының құрылысы толық аяқталған. Жоба аясында екі мыңға жуық маман еңбек етуде. Қазір технологиялық жабдықтарды монтаждау, инженерлік желілерді тарту және негізгі өндірістік нысандардың құрылысы жалғасып жатыр.

Нысанды аралау барысында министрге құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы, жабдықтарды жеткізу және жобаның алдағы кезеңдері таныстырылды. Тапсырыс берушінің мәліметінше, құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес қарқынды жүргізілуде.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Қашаған газ өңдеу зауыты – еліміздің газ саласы үшін стратегиялық маңызы бар жоба.

«Газ өңдеу зауытын іске қосу ілеспе газды өңдеу көлемін ұлғайтып, Қашаған кен орнын игеру тиімділігін арттыруға және ішкі нарықты қосымша тауарлық газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Басты міндет – кәсіпорынды белгіленген мерзімде пайдалануға беру», – деді министр.

Ал «QazaqGaz» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов жобаның компанияның тұрақты бақылауында екенін атап өтті.

«Жобаның ел экономикасы үшін маңызын ескере отырып, құрылыс жұмыстарын жоғары сапада әрі белгіленген мерзімде аяқтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз», – деді ол.

Наверх