Қарулы күштердің әскери қызметшілері ауыл тұрғындарына көмекке барды

6 Ақпан 2023, 14:10
1016
Бөлісу:
Қарулы күштердің әскери қызметшілері ауыл тұрғындарына көмекке барды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Өткен демалыс күндері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы әкімшілігінің өтініші бойынша су тасқынына қарсы шараларды орындауға жұмылдырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған аймақта күннің күрт жылынуы мен жауған жаңбырдың салдарынан елді мекендер мен шаруашылық қызмет объектілерін су басу қаупі туындады. Су тасқынына қарсы жұмыстарға Луговой гарнизонындағы барлау бөлімшесі және мотоатқыштар батальонынан барлығы 300-ге жуық әскери қызметші жұмылды. Сонымен қоса әскери техника да тартылды. 

Бірден Құлан ауылының тұрғындарына көмекке кірісіп кеттік. Өйткені, қиын жағдайда халыққа қол ұшын беру – әскери және азаматтық борышымыз, – деп атап өтті Жауынгерлік даярлық жөніндегі барлау бөлімшесі командирінің орынбасары майор Абзал Жәнібеков.

Қарулы күштердің әскери қызметшілері ауыл тұрғындарына көмекке барды

Арнайы техниканың көмегімен су арнасын басқа жаққа бұруды төтенше жағдайдың алдын алу жөніндегі органдар жүргізеді, ал әскери қызметшілер жиналған судың үйлерді басуына жол бермеу үшін бекіністер салуда.

Әскерилердің келіп, көмектесіп жүргеніне ризамыз. Олар екі күн қатарынан бізге қол ұшын беріп, қолдап осында жүр, – деп алғысын білдірді Рысқұлов ауданы Құлан ауылдық округінің өкілі Нұрболат Қойшыбаев. 

Жұмыс ауысыммен ұйымдастырылған. Үйлерді су тасқынынан қорғау үшін 50 адамнан құралған топтар құм салынған қапшықтардан бөгеттер жасап жатыр. 

Қарулы күштердің әскери қызметшілері ауыл тұрғындарына көмекке барды

Қазіргі уақытта аудандағы елді мекендерді су басу қаупі әлі де сейілген жоқ. Алайда жағдай бақылауда.

Өзгелердің жаңалығы