Жетісу облысында қару-жарақ пен оқ-дәрілер сақталған тағы бір орын анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
13 маусымда Сарқан қаласының маңында Жетісу облысы ПД ҰҚККБ жедел қызметкерлері мен ҰҚКД қызметкерлерінің күшімен қару-жарақ сақталған тықпа орын анықталды. Полиэтилен пакетке оралған атыс қаруы мен оқ-дәрілер Сарқан-Екіаша автожолының 5 шақырымында суармалы арықтан табылған.
7 патронмен жарақтандырылған “Байкал“ тапаншасы, бір ауызды аңшылық мылтығы, 12 калибрлі шолақ мылтық, маркасы белгіленбеген, сериялық нөмірлері жоқ газ тапаншасы, сондай-ақ әртүрлі калибрлі 105 патрон тәркіленді. “Байкал” тапаншасы 2022 жылы Талдықорған қаласында Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғаны анықталды, - деп хабарлады Жетісу облысы ПД ҰҚККБ бастығы Сарқытбай Құсайынов.