Қару дүкенінен басталған өрт әлі сөнген жоқ

3 Қыркүйек 2022, 19:05
2148
Бөлісу:
Қару дүкенінен басталған өрт әлі сөнген жоқ
PHOTO
Фото: автордан

Қостанай қаласы орталығындағы Назарбаев даңғылында орналасқан қару дүкенінен шыққан өртті әлі сөндіре алмай жатыр деп, хабарлайды  Қостанай облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін күндіз сағат 11:00 де Қостанай қаласындағы Назарбаев даңғылы бойында орналасқан «Оружейная палата» дүкенінің ғимаратынан басталған өрт жапсарлас тұрған ғимараттарды шарпуда. Тілсіз жау «ЮГ» деп аталатын көлік жөндейтін орын мен асхана ғимараттарының сау тамтығын қалдырмады. 

Қазіргі таңдағы дерек бойынша өрт шарпыған ауданның көлемі 2 000 шаршы метрден асып кетті. Қолда бар соңғы деректерге сүйенсек , өртенген қару дүкенінің қоймасында бірер адам қаза тапқаны белгілі болып отыр.

Қару дүкенінен басталған өрт әлі сөнген жоқ

Тілсіз жаудан оқ-дәрілерді аман алып қалу мақсатында жанып жатқан дүкен ғимаратының жертөлесіне түскен марқұм қайтып сыртқа шыға алмай қалған көрінеді. Қазіргі таңда қаза болған азаматтың жеке басы әлі анықталған жоқ. Ол осы дүкеннің қызметкері болуы мүмкін.Оның мүрдесі сол жертөледен табылды, - дейді Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Облыс орталығында лаң салған тілсіз жаудан денелері түрлі дәрежеде күйік шалған алты адам ауруханаға жатқызылса, тағы біреуі ауруханаға жатудан бас тартыпты.

Қару дүкенінен басталған өрт әлі сөнген жоқ

Оқиға орнында барлығы 4 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеді. Қазіргі таңда тағы екеуі өрт болған жерде тұр. Олар өрт болған маңда тұратын тұрғындарға көмек көрсетуде, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.

Қостанайдағы күннің ыстығы мен соғып тұрған қатты жел өртті сөндіруге айтарлықтай кедергі келтіруде. Өрт сөндірушілерге ырық бермеген қызыл жалын жанындағы бокс мектебі мен сол маңайда тұрған екі жеңіл көліктің түгін қалдырмапты. Оның сыртында 8 жеке үйлерді де шарпыған. Қару-жарақ қоймасының иесінің айтуы бойынша, жертөледегі 2 адамды дер кезінде құтқару мүмкін болмапты. Оқ-дәрілердің жарылуына байланысты өрт сөндірушілер оларға бара алмапты.

Қару дүкенінен басталған өрт әлі сөнген жоқ

Өрттен зардап шеккен бір азамат сол жертөледе көзжұмса, екіншісі 41 жастағы қару дүкенінің директоры денесінің 50 пайызын күйік шалыпты. Ол қалалық ауруханаға жатқызылды, дәрігерлер оның жағдайы ауыр екенін айтуда. 

Қазіргі таңда өрт толық ауыздықталып өшірілген жоқ. Қостанай қаласындағы қару дүкенінен басталған өртті сөндіруге барлық күш пен техника жұмылдыруда. Атап айтсақ оқиға орында 52 өрт сөндіруші мен16 арнайы техника жұмыс істеуде. Оның сыртында «Қазақстан темір жолы» мекемесінен 4 адам мен 1 техника, жергілікті коммуналдық су тасымалдаушы,  12 полиция қызметкері мен 6 техника, жедел  жәрдемнен 6 адам, 3 техника көмекке келген.

Өзгелердің жаңалығы