Алматыда қарттарды алдап келген алаяқ ұсталды

1 Қазан 2019, 17:45
1935
Бөлісу:
Алматыда қарттарды алдап келген алаяқ ұсталды

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда көптен бері алаяқтық жолмен қарттардан ақша алып келген ер адам ұсталды. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қарағанды облысының тумасы қаладағы Бостандық ауданында тұратын қарттарды алдап, ақша бопсалап келген.

«Қазір 37 жастағы ер адамға қатысты ҚР ҚК 190-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол бұған дейін ұрлық пен алаяқтық әрекеті үшін бірнеше рет істі болған. Ол бірнеше айдан бері зейнеткерлерді алдап, ақша алып келген. Оның қылмыстық пиғылы мынандай кестемен іске асқан: ол интернеттен ересек балалары бар зейнеткерлер туралы мәлімет жинайды. Одан кейін қарттардың үйіне барып өзін полиция қызметкері ретінде таныстырады және ұлдарының істі болғанын хабарлап, егер ақша берсе, босатуға көмектесетінін айтады. Осылайша ол 400 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ірі көлемдегі ақша алып келген», - дейді Бостандық ауданы ПБ-ның басшысы Ғалым Қасымбаев.

Оның үстіне зейнеткерлерге ол полицияда істейтіндігі туралы ешқандай құжат көрсетпеген. Балаларының бір бәлеге душар болғанын естіген зейнеткерлер бірден оларды құтқаруды ойлаған. Оның құрығына ілінгендердің ішінде жасы ең үлкені 86 жаста екен.

«Зейнеткерлер оның түр-тұлғасын есте сақтай алмаған. Дегенмен біз оны анықтап, ұстай білдік. Қазіргі таңда күдіктінің тек Бостандық ауданында ондаған қылмыстық іске қатысы бары анықталды. Жәбірленушілердің қатары көбейе түсетіні сөзсіз. Осы орайда суреттегі адамнан жәбір көргендер болса, 298-52-81 және 298-52-82 телефон нөміріне қоңырау шалуларын сұраймыз», - деді Ғалым Қасымбаев.

5.jpg

Өзгелердің жаңалығы