Қартаюды тоқтату мүмкін емес, бірақ кейбір жемістер оны баяулатуға көмектеседі. Бұл процесс ағзада қалай жүретінін және қартаюдың алдын алуға қандай жемістер көмектесетінін биотехнолог Жайна Қамбарова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қартаю қалай жүреді?
Кез келген зат, ол металл болсын, тағам түрлері, косметика болсын оттегінің әсерінен бұзылады, яғни тотығады. Сол сияқты адам ағзасының жасушалары да оттегі әсерінен тотығуға ұшырайды, яғни қартаяды. Қартайған кезде оттегі әсерінен ДНҚ-дағы қартаюға жауап беретін теломерлер (ДНҚ молекуласының соңғы бөлігі) қысқарады және адам бос радикалдарды тез қабылдауға бейім болады, - дейді биотехнолог.
Жайна Қамбарова қазіргі уақытта қоршаған ортаның әсері, ультракүлгін сәуле, шылым шегу, алкоголь, стресс, дұрыс емес тамақтану адам ағзасында табиғи түрде аз мөлшерде бөлінетін бос радикалдар мөлшерінің көбеюіне әкелетінін айтты.
Бос радикалдар жасуша қабықшасын, ДНҚ молекуласын бұзады. Бұл терінің, ағзаның ерте қартаюына алып келеді. Сондай-ақ обыр, артрит, жүрек-қан тамыр ауруларын және жүйке ауруларын тудырады, - деді маман.
Ол адамның қартаюын алдын алатын табиғи молекулалар антиоксиданттар деп аталатынын атады.
Антиоксиданттар адам ағзасында түзілетін бос радикалдардың кері әсерінен сақтап, тотығудың алдын алады. Сол арқылы қартаюды баяулатады. Ағза өзі де антиоксиданттар түзеді, бірақ жемістердегі антиоксиданттар дәрумендер сияқты қосымша әсер береді, - деді биотехнолог.
Күніне 1 апельсин жеу не береді?
Жайна Қамбарова антиоксиданттарға бай жемістерді үнемі тұтынуға кеңес береді. Маманның айтуынша, төмендегі жемістер жасушаларды қорғап, денсаулықты ұзақ уақыт сақтауға, қартаюдың алдын алуға көмектеседі.
1. Жидектер (жие, таңқурай, көкжидек, қарақат)
Бұл жемістер антиоксиданттарға, әсіресе антоцианиндерге бай, олар жасушалардың зақымдануын азайтып, терінің серпімділігін сақтауға көмектеседі. Гарвард университетінің зерттеулері көрсеткендей, көкжидек пен құлпынайды жиі тұтынатын адамдардың есте сақтау қабілеті ұзақ уақытқа жақсы сақталады.
2. Авокадо
Бұл жеміс пайдалы май қышқылдарына, Е дәруменіне және калийге бай, олар жүрек пен тері саулығын сақтауға көмектеседі. Диетолог Джош Акс: “Авокадо ағзадағы қабыну процестерін азайтып, теріні ылғалдандырады және қартаюдың көрінетін белгілерін баяулатады”, – дейді.
3. Гранат
Гранат құрамында пуникалгин атты күшті антиоксидант бар, ол ағзадағы тотығу процесін бәсеңдетіп, коллагеннің ыдырауын баяулатады. Яғни, терінің серпімділігін ұзақ сақтауға көмектеседі.
4. Алма
Алма құрамындағы кверцетин антиоксиданты жасушалық қартаюды тежеп, жүрек-қан тамырларын қорғайды. Генрих Гейне университетінің зерттеуіне сәйкес, алма жеген адамдардың иммундық жүйесі мықтырақ болып, созылмалы аурулар қаупі төмендейді.
5. Апельсин және цитрустар
С дәруменінің негізгі көзі болып табылатын цитрустар терінің коллаген өндірісін қолдап, әжімдердің пайда болуын баяулатады. Танымал диетолог Майкл Грегер: “Күнделікті бір апельсин жеу – теріні ұзақ уақыт жас күйінде сақтаудың қарапайым, бірақ тиімді әдісі”, – дейді.