Қарқаралы баурайында жөңкіліп бара жатқан арқарлар бейнежазбаға түсіп қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бейнежазба Қарқаралы ұлттық паркінің ресми парақшасында жарияланды.
Арқарлар тобы бейнекамера объективіне ілікті! Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында ерекше табиғи құбылыс тіркелді. Таудың баурайында жүрген арқарлар тобы бейнежазбаға түсірілді. Бұл сирек кездесетін әрі құнды кадр! Арқар – Қазақстанның Қызыл кітабына енген, күш пен төзімділіктің символына айналған аң. Оны табиғи ортада кездестіру – үлкен сәттілік әрі парк экожүйесінің сақталып отырғанының айқын дәлелі. Мұндай сәттер бізге табиғатқа деген қамқорлықтың қаншалықты маңызды екенін еске салады, – делінген ұлттық парк хабарламасында.
Айта кетейік, Қарағанды облысындағы Қарқаралы ұлттық паркінде 46 сүтқоректі, 234 құс, 6 бауырымен жорғалаушы, 2 қосмекенді және 15 балық түрі мекендейді.
Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек жануарлардың қатарында бұл аумақта арқар, қара ләйлек, бүркіт, жапалақ, кіші аққұс және дала сұржыланы тіршілік етеді.