Ертең, 28 қаңтарда Қазақстанның 15 облысында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктердің болжамынша, ел аумағында қар мен жаңбыр, боран, көктайғақ, тұман және қатты жел күтіледі. Кей өңірлерде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Түркістан және Жамбыл облыстарында жауын-шашын (жаңбыр, қар), таулы аудандарда қалың қар, төменгі боран, көктайғақ пен тұман болжанған. Шымкент пен Түркістан қалаларында да ауа райы күрт нашарлайды.
Маңғыстау облысында төмен қарлы боран, тұман, көктайғақ күтіледі. Түнде өңірдің солтүстік-шығысында қатты аяз –25…–27 градусқа дейін төмендеуі ықтимал.
Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында қар, боран, тұман және қатты жел болжануда.
Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Ақмола облыстарында тұман басым болады.
Қызылорда облысында тұман мен көктайғақ күтіледі.
Синоптиктер тұрғындарды жолда абай болуға, алыс сапарлардан бас тартуға және ауа райы жағдайын ескеруге шақырады.