Қарин: Президент халықты жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды

19 Қаңтар 2022, 12:20
1769
Бөлісу:
Қарин: Президент халықты жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент қоғамға жаңа күнтәртібін ұсынып, халықты, белсенді азаматтарды жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Қарин елдегі жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арқасында қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп тұрғысынан ғана емес, ақпараттық алаң тұрғысынан да тұрақталғанын жеткізді.

Қабылданған іс-шаралардың  арқасында еліміздегі ахуал қысқа ғана уақыттың ішінде тұрақталды. Қазіргі уақытта төтенше жағдай режимі алынды. Бірақ, бірқатар өңірде терроризмге қарсы операция режимі сақталады. Дегенмен, елдегі жағдай тұрақталды. Жағдай қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп тұрғысынан ғана емес, ақпараттық алаң тұрғысынан да тұрақталады. Бұл ретте Президенттің қоғам үшін мүлдем жаңа күнтәртібін ұсынып, жауапкершілігі бар күштерді, халықты, белсенді азаматтарды жаңа Қазақстанды бірге құруға шақыруы өте маңызды рөл ойнады, - деді ол.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Парламенттегі сөйлеген сөзінде ұсынған реформалар топтамасын іске асыру үшін үлкен жұмыс атқару қажет. Ал бұл реформаларды іске асыру басты фактор мен жағдайға – ел болып бірлесе әрекет ету қабілетіне байланысты болмақ.

Қазіргі уақытта бұл жай сөздер емес. Бұл - дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығуымыз үшін қазіргі уақыттағы қажеттілік. Қазір нақты пікірталас қажет. Өйткені, шындықтан ажырап қалған демагогияның белең алғаны байқалады. Теңгерімді қадамдар болуы тиіс. Мемлекеттік органдар ғана емес, қоғам белсенділері, мамандар да дұрыс бағдармен әрекет етуі қажет. Радикалды құрылымдармен, ұйымдармен, лаңкестермен күреспен қатар радикалды идеологиямен, риторикамен де күрес болуы тиіс. Сонда біз бұл ахуалда қиындықты еңсеріп, еліміздің дамуында сапалы деңгейге шығамыз, - деді Ерлан Қарин.

Өзгелердің жаңалығы