Әскери қарсы барлау шебері – Қари Әбитов

9 Мамыр 2020, 13:12
4004
Бөлісу:
Әскери қарсы барлау шебері – Қари Әбитов
PHOTO
Фото: дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 19 жасында қан майданға аттанған жауынгер елге тек 40-шы жылдардың соңында бір-ақ оралады.

1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ жерінен аттанған жауынгерлердің бірі – Қари Әбитов. 1922 жылы 1 маусымда Ақмола облысында дүниеге келген ардагер Қызыл әскер қатарына 1941 жылдың желтоқсан айында шақырылып, Ташкент пулеметті-миномет училищесінің курсына жіберіледі.

Әлі бұғанасы бекімеген өрімдей жасқа соғыс жағдайындағы қатаң жаттығудың өзі қиынға соғады. Себебі неғұрлым аз уақытта елдің әр қиырынан жиналған, соғыс тұрмақ, қолына қару алып көрмеген өрендерден майданға дайын жауынгер шығару мақсаты тұрған еді.

WhatsApp Image 2020-05-09 at 04.27.29.jpeg

Осынау қиын шақты Қари ақсақал көзінің тірісінде былайша еске алып отыратын:

"Оқу-жаттығу кезінде үстіміздегі зіл-батпан әскери киіммен, арқалаған пулеметіміз, өзге де қару-жарақтарымыз, оқ-дәрілерімізбен тау-тасты аралап жүру қиынның қиыны еді. Әбден әліміз кетіп, қалжыраған кезде командирлер бізге ән айтқызатын. Соғыс туралы ән бастаймыз, бірақ солдат болсақ та баламыз ғой, көңіл босап, көз жасына ерік беретін едік. Содан айтып отырған әніміз аяқталмай қалатын...".

WhatsApp Image 2020-05-09 at 04.30.50 (1).jpeg

Оқуды бітіргеннен кейін Қари Әбитов 1942 жылдың 12 шілдесінде 66-әскердің 226-атқыштар дивизиясының командирі ретінде Сталинград майданына аттанады. Дәл осы Сталинград шайқасы сол жылдарағы ең сұрапыл шайқастардың бірі еді. Сталинградқа жетпей жатып, сарбаздар мінген пойызға шабуыл жасалады.

Майдан даласына келе жатқан жолда немістің жойғыш ұшақтары төбемізден гүрілдеп ұшып, шабуыл жасады. Біздегі "Максим" пулеметтерінің оғы ол ұшақтарға жетпейтін де еді. Әупірімдеп жүріп, командир бізді орман ішіне алып кірді. Волга өзені бойымен келе жатып, әлі топырағы кеуіп үлгермеген молаларды көрдік. Оның майданда қаза болған аты-жөні белгісіз жауынгерлер жерленген "Бауырластар зираты" екенін кейін білдік. Аспаннан оқ қарша борағанда небір ысқырған, жан түршігерлік дыбыстар шығатын еді. Сөйтсек, фашистер бомбамен бірге пойыздың рельстерін, тесік бөшкелерді қоса тастайды екен. Кейіндері ойлап отырсам, бұл – адамның қорқынышын одан сайын үдете түсу үшін психологиялық шабуыл ретінде жасалған әдіс болған екен, - деп еске алады ардагер.

Қари Әбитов өзінің соғыстан кейінгі өмірінде жазған "Өмір өрнегі" атты кітабында жазылған естеліктерінде ұшақ шабуылы кезінде бомбалармен қатар, ескерту жазылған ақ қағаздардың да тасталғанын айтады.

Ақ парақтың бір бетінде орыс тілінде "Русь, буль-буль капут. Война проиграна. Вас затопим в Волге. Сдавайтесь в плен", деп қорқытып жазылған. Ал парақтың екінші бетінде шылым шегетін мүштігін ұстап, жылап тұрған Сталиннің суреті бейнеленген еді. Парақтың төменгі жағында "Мы бросаем вам правые сапоги, ваше дело правое", деген сөз жазылған. Олар бізге бомбамен қатар оң аяққа киетін етіктерді де тастап, мазақ қылғанын түсіндік, - деп жазады ол.

Сталинград шайқасы кезінде (1942 жылдың 19 қарашасында) Паулюс әскерін генералдық басып алу шайқасына қатысады. Ал 1943 жылдан бастап Курск-Орловск түбегі шайқасында 3-әскердің 186-атқыштар дивизиясы құрамындағы минометшілер батареясында 120 мм отты реттеуші лауазымында жауға қарсы күреседі. Дәл сол 1943 жылдың қараша айында Днепрді қорғайды.

Қари Әбитов 1944 жылдың сәуір айында "Смерш" әскери қарсы барлау органына қабылданып, он күннен соң 300 жауынгердің ішінен таңдап алынған үздік тоғыздықпен бірге "Смерш" ҰҚК-ның Мәскеудегі екінші мектебіне оқуға жіберіледі. "Смершке" жүктелген міндет – ішке кіріп кеткен жау агенттерін анықтап, олардың шпиондық желілерін жою, немістер жағына сатылып, отанына қарсы астыртын жұмыс істеп жүрген араларындағы шпиондарды анықтау болады. Қарсы барлаудың небір әдіс-айласын осы мектепте үйренеді. Оны 1945 жылдың наурызында тәмамдаған соң, майдан шебіне қайта аттанып, Венгрия, Чехословакияны азат етуге қатысады.

Қанқұйлы шайқастардың бірінде Қари ақсақал жанындағы үш жауынгермен жау қоршауында қалады. Сонда әлгі үш сарбаз өзара ақылдасып, "біз жауға қарсы ешқандай қадам жасай алмаймыз, оған мүмкіндік жоқ. Дұрысы, қазір беріліп, аман қалу", деп жауға берілуге шешім қабылдайды. Алайда, Қари Әбитов ұйқыда жатқан адамның кейпіне еніп, қозғалыссыз жата береді. Себебі жауға күреспей берілгісі жоқ, ал қасындағылары бұл қарсылық танытса, аман қалдырмасын түсінеді. Осылайша, үш жауынгер мұны ұйықтап жатыр деп ойлап, өздері жау жағына өтіп кетеді.

Осыдан кейін Қари Әбитовті құпия барлау операцияларына жіберу жиілейді. Оның ішінде соғыстан қашқан, Отанын сатқан дезертирлерді анықтау жүктеледі. Алайда Қари ақсақал қандай жағдайда да қазаққа зияны тиіп кетпеу жағын жадында ұстайды.

Әр жауынгерге арман болған Жеңіс күнін "Смерш" ҚББ офицері Қари Әбитов Австрияның Вена қаласында қарсы алады. Алайда жалпы соғыс аяқталғанымен, жауынгер Қари Әбитовтің соғысы аяқталмаған еді. Барлау қызметінің үздігіне айналған сарбазды Югославияға кезекті жедел тапсырма орындауға жібереді. Ол жақта үш жыл барлау жұмыстарымен айналысып, жерді фашист тыңшылары мен жансыздарынан тазартуға қатысады. Елге 40-шы жылдардың аяғында бірақ оралады. Соғыстан соң әскери қызметін әрі қарай жалғастыру мақсатында мемлекеттік қауіпсіздіктің аймақтық органдарына ауыстырылады.

1946 жылдан 1966 жылға дейін Қари Әбитов Солтүстік Қазақстан және Целиноград облыстарының аумақтық мемлекеттік қауіпсіздік органдарында жетекшілік қызмет еткен. 1950 жылы Алматыдағы Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі мектебін бітіреді. Қауіпсіздік органдарында қанша жыл қызмет атқарған ардагерге қарсы барлаудың орны ерек. Онда үйренген әдіс-тәсілдері кейін бейбіт замандағы қызметінде де көп көмегін тигізді.

WhatsApp Image 2020-05-09 at 12.41.48.jpeg

ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарында жауынгерлік ерліктері үшін Қари Әбитов І және ІІ дәрежелі "Отан соғысы" ордендерімен және 30 медальмен, оның ішінде "Жауынгерлік еңбегі үшін", "Германияны жеңгені үшін" және т.б. медальдармен марапатталған.

WhatsApp Image 2020-05-09 at 12.49.32.jpeg

Зейнеткерлікке шығып, құрметті демалыста жүрген кезінде де ол өскелең ұрпақты әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеуге белсене қатысады. Қари Әбитов мемлекетке сіңірген орасан еңбегі үшін Жеңістің 58 жылдығы қарсаңында 2003 жылы 5 мамырда ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапатталған.

WhatsApp Image 2020-05-09 at 04.27.32.jpeg

Соғыста құпия тапсырмаларды орындаған барлаушының "Өмір өрнегі" атты кітабы бар. Онда майдангер соғыс жылдарында қауіп пен қатерге толы өмірі, адамның бойындағы азаматтықтың мәні, дүниенің ақ-қарасы, бейбіт өмірдің маңызы туралы жазады.

WhatsApp Image 2020-05-09 at 13.12.03.jpeg

Қари ақсақалдың азан шақырып қойылған есімі – Қаримолда. Бес қыздың арасындағы жалғыз ұлына әкесі дінге, мұсылманның бес парызын орындауға жақын болсын деген ниетпен қояды. "Қари" сөзі Құранды жатқа білетін адам деген мағынаны береді. Атына сай Қари Әбитов те өзінің саналы ғұмырында аузынан Алласын тастамаған, Құдайға қараған адам еді. Өзі естелігінде жазғандай, қандай жағдай болса да ораза ұстап, Құдай жолымен жүруге тырысқан жан.

Өмірін сұрапыл соғыс жылдарымен қатар өрнектеген Қари Әбитов 2011 жылдың 4 қазанында 90 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ардагердің жеңіске қосқан үлесін, соғыстан кейін мемлекетке сіңірген ерен еңбегін соңында қалған ұрпағы, халқы ұмытпақ емес.


Өзгелердің жаңалығы