Қараусыз қалған қара шаңырақ немесе Ахметовтің Қошановқа берген уәдесі

11 Қазан 2022, 13:10
10988
Бөлісу:
Қараусыз қалған қара шаңырақ немесе Ахметовтің Қошановқа берген уәдесі
PHOTO

Алдағы 2023 жылы «Алтайдың Кербұғысы» атанған әйгілі жазушы Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толады – деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Осы орайда Оралхан Бөкейдің артында жоғын түгендеп, барын ұқсатып отырған туған қарындасы Ғалия Бөкейқызымен сұқбаттасқан едік.

Ғалия Бөкейқызы ағасының 80 жылдығы қарсаңында Мәдениет және спорт министрлігіне екі-ақ өтініш жасап отыр. Сонымен қатар, сұқбат барысында Даниал Ахметовтің Ерлан Қошановқа қандай уәде бергенін, Оралханнан қалған қара шаңырақты неге аудан әкімдігінің қарамағына бермей отырғанын айтты. Сонымен...

- Ғалия апай, 80 жылдыққа дайындық қалай болып жатыр?

- Оралхан Бөкей ең көп оқылатын жазушылардың бірі. Оның дәлелі – кітаптары кітапханаларда жатпайды, үнемі қолда, оқылымда болады. Бұл – бірінші. 

Қараусыз қалған қара шаңырақ немесе Ахметовтің Қошановқа берген уәдесі

Өмірден өткеннен кейін, 50 жылдығында 2 томдығы мемлекеттік тапсырыспен шықты. 60 жылдығында 4 томдығы шығады деген еді. Бірақ белгілі бір себептермен алғашқы нұсқалары ғана шықты да, еліміздің кітапханаларына толық жеткен жоқ. 

Ал 70 жылдығында 7 томдығы жарық көрді. 7 томдығы министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің тікелей таппсырмасымен «Ел-шежіре» баспасына қаражат бөлінді. Сол қаражаттың негізінде аз уақыттың ішінде өзім 7 томды түгелдей баспаға дайындап, том-томға бөліп бердім. Бұл – 70 жылдығы тұсында болған жағдай. 

Ал қазіргі кезде 80 жылдығының қарсаңында Оралхан Бөкейдің толық шығармалар жинағын шығаруға болушы еді. Себебі 70 жылдығында жарық көрген 7 томдығында көп нәрсе кірмей қалды. Атақты «Мұзтауынан» бастап, біраз дүниелері енбеді. Себебі 7 томға әңгімелерін, повесттерін, халық көп біле бермейтін очерктерін енгіздік те, томға симай қалды. 

- Шығармаларының толық жинағы шығар болса, бұрын жарық көрмеген дүниелері де қамтылар еді дейсіз ғой?

- Қазіргі күнде ағам қайтыс болғаннан бері бибилографиясын жасай отырып, бір де бір дүниесін қалтырмай, іздеуші болып отырған менмін. Әрине, оған бір гонарар алып, жыртығымды жамап отырған жоқпын. Авторлық құқығы болса болмаса артында қалған екі баласында. 

Қараусыз қалған қара шаңырақ немесе Ахметовтің Қошановқа берген уәдесі

Мен бар болғаны – ағамның іздеушісі ғанамын. Жоқтаушысы жоқ адамды «осындай бір жан болып еді» деп ешкім ауызға алып, игілік істемейді. 

Әлеуметтік желіден бастап, баспасөз беттерінде ағама қатысты барлық дүниені қарап, сұрыптап, мынау керек-ау дегендерін жинақтап отырмын. 

- Шығармаларының толық жинағын шығарып беріңдер деп министрлікке өтініш жасадыңыз ба?

- Жоқ. 80 жылдығы қарсаңында министрлікке ешқандай хат жазып, сұрау салған жоқпын. Оқырмандары Оралханның электронды кітаптарынан да тауып оқыр. Мен, осы сұқбатта бір мәселені айтқым келеді.

- Қандай?

- Осы министрліктен, қазіргі Дәурен Абаев басқарып отырған министрліктен сұрарым – Республикалық деңгейде өтіп келген «Оралхан Бөкей оқуларын» қайтадан қалпына келітіріп берсе деймін.

- Иә, бұрын болған. Өзім де қатысқанмын облыстық сайысына.

- Сол Оралхан оқулары 1998 жылы тілдерді дамытуға, әсіресе қазақ тілін дамытуға байланысты, көркем әдебиетті оқытуға байланысты республикалық деңгейде қолға алынған болатын. Оны қозғаған Алтынбек Сәрсенбай еді. Ол кезде Алтынбек министр. Өзі араласып, Республикалық көркем сөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы байқаудың ережесін жазып, қаулымен бекітіп, ең алғашқы байқауын Астанада ұйымдастырған болатын. Одан кейін еліміздің өзге өңірлерінде жалғасты.

Алғашқы байқауға бүкіл халық қатысты деуге болады. Ешкімге шектеу қойылған жоқ. Кәсіби әртістерден бастап, қарапайым оқушыға дейін бақтарын сынаған болатын.

Ең алғашқы конкурсқа Райхан Қалиолда, Күнсұлу Тұрғынбекқызы, Ғани Құлжанов, т.б. қатарлы танымал әртістер де қатысқан. Одан кейінгі байқауларда кәсіби әртістердің қатысуына шектеу қойылды. Себебі қарапайым халық қатыссын деген ниет болды. 

- Сол байқау халыққа не берді?

- Сұрайсың-ау сенде, Ержан! Бұл байқаудың ең жақсы жері – онда тек Оралханның ғана шығармалары оқылмайды. Проза, поэзия, драматургия салалары бойынша еліміздің ең мықты деген классиктерінің шығармалары іріктеліп, оқылатын. Оның да өз тиімділігі бар еді. Әуелі аудандық, одан кейін облыстық, соңында республикалық деңгейде өтетін. Осы аралықта қаншама адам кітап оқып, еліміздің классиктерін, жас ақын-жазушыларды танитын. Сонымен қатар бұл – қарапайым халық пен мектеп оқушыларына кітап оқытудың жақсы жолы еді.

Қараусыз қалған қара шаңырақ немесе Ахметовтің Қошановқа берген уәдесі

Конкурс 2017 жылға дейін еліміздің барлық өңірінде, түрлі деңгейде жүріліп келді. Бір қызығы, Оралханның есімі конкурстың атауында ғана тұрған болатын. Кейде-кейде ғана драмаларынан, прозасындағы монологтарынан оқылғаны болмаса, көбінде өзге авторлардың еңбектері оқылатын. 

Ұзын сөздің қысқасы, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушыларын оқытудың жаңа жобасын жасап, былтырдан бері іске асып жатыр. Бірақ ол жоба мектепте ғана болып тұр. Ал қазіргі Мәдениет министрі Дәурен Абаевтың өзі оқуға, кітап оқуға бет бұрып отырғанын байқаймын. Кітапханаларға барып, әр түрлі кітап көрмелерінің өтуіне мұрындық болып, барлығына қатысып, өзінің де кітапқұмар екенін байқатып жүр. 

Осы министрге Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы қарсаңындағы менің бір ұсынысым – аталған конкурсты қайта жандандырса екен. «Оралхан оқуларының» оқырмандарына қайта оралуы маңызды.

- Екінші мәселе не еді?

- Әзірге 80 жылдыққа қатысты Оралханның туған өңірінде немесе облыста (ШҚО – Е.Ж.) ешқандай жоба-жоспар жоқ. Өткенде облыстағы зиялы қауым өкілдері кітапханаға барып, «не істейміз» дегенді ақылдасты. Басқа не істеп, не қойып жатқанынан хабарым жоқ. Себебі олар осындай жоспарымыз бар деп менімен ақылдасқан жоқ. Ал республика көлемінде атқарылар жұмыстарын өздері шешіп, өздері қоя жатар, оған мен араласпаймын ғой. 

Дегенмен, қазір әлеуметтік желіде даулы мәселе болып, қайта-қайта қозғалып жүрген – Шыңғыстайдағы Оралхан Бөкей үйі дейді, кейде мұражайы дейді, жалпы осы Оралхан туған қара шаңыраққа қатысты мәселе. 

- Осыны басынан бастап айтып беріңізші.

- 60 жылдығы қарсаңында облысқа жоғары жақтан тапсырма келген. 

- Елбасының тапсырмасы болған дегенді естуім бар.

- Иә, сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев біз жаққа барған бір сапарында сұрайды, «Осы жақ Оралханның ауылы еді ғой, ол қай ауыл?» - деп. Бұл туралы Уәлихан Қалижан өз естелігінде де жазған. «Оралханның ауылынан өтіп кеттік қой» деген жауап алады Елбасы. 

- Есіңізде болса, Астана күні мерекесінің қарсаңында сіздің жеке қорыңыздан алып, Оралхан Бөкейдің Астананы Алматыға көшіру туралы алғашқылардың бірі болып жазған мақаласын BAQ.KZ-ке жариялаған едік. Елбасының көңіл бөлуіне сол Оралхан жазған мақаланың да септігі тиген болып тұр ғой?

- Дұрыс айтасың. Осы Астананы Арқаға көшіру туралы мәселе болған кезде, халыққа толықтай түсіндіріп жазатын журналисті іздейді. Ол кезде Оралхан Бөкей «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы еді. Халыққа сөзі өтімді деп, халық сыйлайды деп, ағамды таңдап алады. Сол тапсырмамен Алматыдан Арқаға көшу туралы ең алғашқы мақалаларды «Қазақ әдебиеті» арқылы халыққа жәйлап жеткізген бірден-бір редактор – Оралхан еді. 

Тіпті Оралхан Бөкей Елбасымен бірге сол кездегі Ақмолаға келіп, көзімен көрген. Ол кезде өңір басшысы Андрей Браун болатын. Ал алғашқы мақаланы сол кездегі «Қазақ әдебиетінің» тілшісі Досымхан Қапасовқа жаздырған болатын. Келесі мақаланы кеше ғана мерейтойы өткен Сафуан Шаймерденовке жаздырады. Себебі екеуі де солтүстік өңірді, Арқа даласын жақсы білетін еді. Осылайша алаштың астанасын Арқаға ауыстыруға ерекше үлес қосқан азамат ретінде Елбасы Оралхан Бөкейді қатты құрметтеген. 

Мұның бәрін жаңағы Оралханның 60 жылдығында жоғарыдан қалайша тапсырма келе қалды деген сауалға орай айтып отырмын ғой. 

Сол сапарында Елбасы жергілікті билікке де, облыс басшыларына да Оралханның 60 жылдығын дұрыстап өткізіңдер деп қадап айтып кетеді. 

Жоғарыдан тапсырма келсе, жан қала ма, облыс қомақты қаржы бөліп, іске кірісіп кетеді.

- Неден бастап еді?

- Әуелі біз өскен қара шаңырақты музей жасамақ болады. Бірақ оны ешқайсымыздан сұраған жоқ. Ол кезде Шолпан апайым тірі, сол үйдің қасында тұратын. Ауданның адамдары келеді де, біраз жылдан бері ешкім тұрмаған үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуді бастап кетеді.

- Үйде ең соңғы рет кім тұрып еді?

- Мен тұрғамын. Шешеміз төрт жыл бойы төсек тартып жатып қалды. Мен де, ағам да Алматыда едік. Бір күні ағам, «апамды қарауға не сен бар, не мен барайын» деді. Сосын мен барайын дедім. Ауылға келіп, шешем қайтыс болғаннан кейін де жылы өткенше бір жыл ауылда болдым. Содан кейін ағам, «ауылдың жағдайы қиындап кеткен екен, қалаға қайт» деп, қасына шақырып алды. Сол кезде маған айрықша тапсырды: 

Қараусыз қалған қара шаңырақ немесе Ахметовтің Қошановқа берген уәдесі
Оралхан Бөкейдің үйі. Фото: Әділ Сайлаубек

«Үйді жауып қой. Бұл біздің қара шаңырағымыз. Бұны ешқашан бұздырма. Бұрын ауылдан бір орталық ашпақ болып, Әбдікерімнің кезінде салынған екі қабатты бастауыш мектепті сұрап едім, әкімдік бермеді. Бірақ, мынау үйдің есігі өзің өмірден өткенше ашылып-жабылып тұрсын» - деді.

Мен кеткен соң ағам бір жылдай ара-тұра келіп жүрді, келесі жылында өмірден өтті. 

- Аудан әкімдігі музей жасайтын болды сонымен?..

- Аудан әкімшілігі «музей жасаймыз» деген соң, жарайды, болса болсын деп келісіп, қолдарына бердік. Бір қызығы үй бұзылмай қойды. Жұмысшылар отыр, басшылар жүр. Сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Сәдуов Қайыржанның өз аузынан естідім. 

«Бір апта болды. Бір шегесін суыра алмаймыз, қарап отырмыз. Жұмысшылар бір апта бойы құр сандалып жүр. Уақыт өтіп барады. Жетінші күн дегенде бір малды құрбандыққа шалғаннан кейін ғана шатырды бұзу мүмкін болды» - дейді ол.

Құрбандық шалып жүріп олар үйдің шатыры мен берендасын жөндеді. Бірақ...

Біздің жақтың үйлерінің бір қасиеті – таза қарағайдан, дөңбекпен салынады ғой. Кірпіш болса өз-өзінен мүжіліп, іске аспай қалар еді, қарағай қалпын сақтайды.

Мен оларға «үй отырып барады, төрт құлағынан домкратпен көтеріп, астына балка жіберіп, оның астына іргетас құйып, еңсесін көтеріңдер» деп ескерттім. 

- Оған қаражат жететін бе еді?

- Әрине, артығымен жететін. Бірақ олай жасалмады. Өзі отырып бара жатқан үйдің сыртынан іргетас құйылды. Оның үстіне шатырын да дұрыс жасамай, қар мен жаңбырдың суы іргеге аға бастады. Тіпті үйдің шіруіне ауданның сол жолы жасаған жөндеу жұмыстары себеп болды деуге болады. Онымен қоймай жөндеу жұмыстарынан қалған құрылыс қалдықтарын түгелдей, екі жертөле бар еді, соған нығап кетіпті. 

Музей ашылып, бәрі тамашалап, елдің бәрі ду-ду, той тарған соң жертөле шіріп, тақтайдың арасынан саңырауқұлақ көктеп шыға келді. Оны өз күшімізбен тазалап, қырып-жонып, химикаттармен дәрілеп жүріп әрең тоқтаттық. Міне, биліктің істеген дүниесі.

- Сол жолы үйдің алдына ескерткіш орнатып еді ғой?..

- Ескерткіш дейсің бе? Ол әшейін гипс қой. Сорақысы сол, ескерткішті орнатып жатқанда төбесі тесіліп қалды. Оны жамаған түрлері сол, алды да қара маймен (смола) майлады. Сол кезде не мрамордан, не граниттен қоя салса, өмір бойы тұратын дүние еді. Көзалдау, жоғарыдан келетін тексеруге көрсету үшін ғана, тапсырма орындалды деген «галочка» үшін ғана жасалды. 

- Аудан 80 жылдыққа орай бұл үйге бірдеңе істейміз деген ниеті бар ма?

- Олар менен қайта-қайта сұрайды, бізге беріңіз деп. «Не істейсіңдер?» - десем, алғашында аудандық мәслихаттың хатшысы Дүйсен Бірәлинов, «ішіне тимейміз, сыртын ағашпен қоршаймыз» - деді. Одан кейін аудан әкімімен сөйлескенімде «сыртын ағашпен қоршап, ауылдан үйге дейінгі жолды асфальттаймыз» - деген секілді сөздер айтты. Мен бірден айттым, «ол әкімдіктің өз жұмысы, ал тікелей Оралханның үйіне не істейсіңдер?». 

Болмаған соң олар: «Апай, бізге сатыңыз?» - деді. «Иә, сатайын». Бірақ олардың ала алмайтын ақшасын сұрадым.

- Қанша?

- Ала алмайтын ақша емес енді, 100 млн теңге сұрадым.

- Ондай баға ойыңызға қайдан келді?

- Ойдан шығарған жоқпын. 2019 жылдан бері осы мәселені қолға алған кезде дұрыс жөндеу жұмыстарын жасап, адам баратындай үй кейпіне келтірудің сметасын жасатқанда 110 млн теңге болған. 

- Оның ішіне не кіреді сонды? Сметаны айтам...

- Үйге толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Оралханның музейі қалыпты жұмыс істейтіндей деңгейге келеді. Штатының, қарауылы мен тазалықшысының айлығына дейін соның ішіне кіреді. Мен оларға соның 100 млн-ын беріңдер дедім. Олар бізде ондай қаржы жоқ деді. Онда сендер бұл үйге тиіспеңдер дегенді айттым.

- Оларға бермеуіңіздің басқалай себебі бар ма?

- Бар. Егемендік алғаннан кейін біздің ауыл құрыды. Елдің бәрі білетін Әбдікәрім болыстан қалған екі қабатты мектеп жекешелендірілді. Біздің жақтың бір жақсы жері, жаңа да айтып жатырмын, қарағайдан қиюластырып салған үйлер қалпын сақтап тұра береді. Кірпіш болса үгітіліп қалады ғой. Дөңбек үйлер ұзаққа шыдайды. Ал жекменшікке өткен соң ол үйді бұзып не отын етеді, не өздері бірдеңе салып алады. Мектебінің екі корпусы да солай кеткен. Олар нағыз тарихи жәдігерлер болатын. Одан бөлек бұрыннан ауыл мектебі болып келген екі қабатты құрылыс, ол да жекеменшікке өтті. өтті. Бір қызығы жекеменшіктен билік қайта сатып алып мемлекет қаржысына күрделі жөндеу жұмыстарын жасап, қазір жекеменшікке өткізіп, сатуға қойды. Ауылда өте әдемі кітапханамыз болған еді, оны да жекеменшікке сатты да, орнын сипап қалды. 

Қараусыз қалған қара шаңырақ немесе Ахметовтің Қошановқа берген уәдесі
Әбдікәрім мектебі

Ал мына қара шаңырағымды әкімдікке берсем, қазіргі екі жылда бір әкім ауысатын заманда, Оралханның үйі де біреудің отыны болып, моншасын қыздырып тұрмасына кім кепіл?! Бұл үйді әкімдікке бермей отырғанымның басты себебі сол. Әйтпесе сол үйге барып тұрып, босағасын күзетейін деп отырған мен жоқ. 

- Енді сіздің ойыңыз қандай сонда?

- Қазір туризім дамып жатыр. Қатонға бармайтын адам жоқ. Біреулер бір игілікті жасап, табыс көзіне айналдыруға сылтау таба алмай отырады. Ал мынау дайын дүние, бірақ соны жасауға құлық жоқ. Аудан былай тұрсын, облыста ниет жоқ. Ауданның онсызда шамасы келмейді. 

- Әбдікәрімнің жұртында ештеңе қалмады ма сонда?

- Түбірімен жоғалып кетті десем қиянат болар. Алашорданың 100 жылдығы қарсаңында біраз қаржы бөліп, оны музей етіп қайта қалпына келтірді. Сол музейден бір бөлмені Оралхан Бөкейге берді. Сол кезде маған өтініш жасады. «Сіздердің үй әзірге жекеменшік қой, қолдарыңызда бар жәдігерді бізге беріңіз, музейге өткізіңіз. Біз Оралхан үшін бір бөлмені арнайы жасақтап жатырмыз» - деді. 

- Бердіңіз бе?

- Түгел бердім. Ауылдағы мектеп директоры жауаптанып, арнайы комиссия құрып, солардың көзінше АКТ жасап, қолымызда барын бердім. 

- Оны кім жоғалтып отыр? Тиісті адамдар жауап беруі керек шығар?

- Ол жәдігерлердің жоғалғанына сол жердегі қызметшілерді кінәлаудан аулақпын. Өздері күнін әрең көріп, 0,5 штатпен, кітапханашының ваканциясында отырған қарапайым адамдар ғой. Оның үстіне ауыл әкімі ауысқан кезде «бұлай жұмыс істеу заңсыз» деп музейді алып алды.

- Енді?

- Қазіргі Алтай ауданын басқарып отырған Қалихан Байғонысов Қатонқарағайда әкім болып отырғанда, бұрыннан таныс азамат болған соң, соған өтініш жасадым.

- Қандай?

- Аудан бюджетінен жылына 1 млн теңге музейдің жұмысына қаржы бөліп отыр, құжаттарын өзім жасап берейін. Бірақ маған бір тиының керек емес. Сол жердегі Оралханның музейін қарап отырған жұмысшыларға бер. Бір теңге тапса да еңбек етіп отырған жандарға көмегіміз болсын. Тым құрығанда, көңілді жүріп жұмыс істесін – дедім. Мен оған өзге өңірлердегі, тіпті шет елдегі танымал ақын-жазушылардың музейлерін көрсеттім. Солардың жұмыс істеу ережесін әкеліп берейін деп те айттым. «Жарайды» деп кеткен. Алайда соңы сиырқұймышақтап, мәт болды, шәт болды деген қырық сылтауы көбейіп кетті. 

Кейін ол Глубокое ауданына әкім болған кезінде ағамның атында үлкен айтыс өткізді, айтарлықтай іс-шаралар ұйымдастырды. Сол кезде хабарластым. «Әй, Қалихан-ау, бір кезде жылына 1 млн тауып бере алмап едің, мына қалың орыстың ортасында ағамның атын дәріптеп жатыр екенсің, рахмет!» дедім. Сондағы Қалиханның айтқаны ғой: «Ана жердің халқы болмайды екен!» деді. Бір-ақ ауыз сөз. Түсіндім. Халқы деп отырғаны Қатонның әкімшілігінің құлықсыздығын айтып отырғаны бесенеден белгілі еді. 

- Қазіргі кезде Әбдікерім музейіне тапсырған жәдігерлеріңіздің жағдайы қалай?

Қараусыз қалған қара шаңырақ немесе Ахметовтің Қошановқа берген уәдесі
Әбдікәрімнің үйі

- Иә, сол жерде тұрса бәрі жақсы болатын шығар деген үмітпен тапсырдым. Әбдікерім мектебін мемлекет қаражатына қайта қалпына келтірді. Мемлекет мекемесі деп ашылу салтанатын жасады. Даниал Ахметовтің өзі барып: «Тарих деген осындай шағын ғана ауылдан басталады. Міне соның бір көрінісі» деп көсіліп сөйлегенін баспасөзден оқыдым. Ал сол дүркіретіп ашқан мектеп-музейдің қазір не штаты жоқ, жарайды, біздің қарашаңырақ жекеменшік-ақ бола қойсын, неге сол Әбдікәрім мектебін қарық қылмайды? Менің музейді жауып қойып, елді дүрліктіріп отырған себебімнің өзі осы. 

Оны ашып, жұмысты жүргізудің бір мақсаты болуы керек қой. Біз «бір тамса да бикеме тамсын» дегендей, бір жақсылық болса да ауылға болса екен дейміз. Болашақ ұрпағымыз бір нәрсе болса да білсе екен дейміз. Білем, бәрі ұмытылады. Бірақ ұмыттырмас үшін, өзіміз ұмытылғанша қызмет еткіміз келеді. Тоқтау су тез борсиды дегендей, айранды толқыған секілді, жиі қозғап, қаузап отыру керек деп ойлаймын.

- Сонда, бір сөзбен айтқанда, аудан әкімдігі құлықсыз дейсіз ғой.

- Солай деуге болатын шығар. Бірақ билікте, аудан әкімдігінде уыздай жас жігіттер отыр. Бәрін анықтап шықтым. Ел ертеңі жастар дейміз. Сол жастар жанашыр болса дейміз ғой. «Апыр-ау, Әбдікәрімнің мектебінің сиқы мынау, енді тым болмаса, мынаны аман сақтап қалайық» дейтін сана болса деймін. Оған көп дүниенің керегі жоқ қой. Әуелі сонда отырған азаматтарға аздаған ұят пен, аздаған құжат керек. Сол арқылы тіркетсе, сонда ғана штат бөлінеді. Әйтпесе, бұрын мұғалімнің 0,5 штатымен музейде жұмыс істеп келген. Ол қазір жоқ. 

Әбдікәрімнің музейіне күз болса қара шыбын толып кетеді. Шатыры былай тұрсын, музейдің ішіне құс кіріп, саңғырыққа айналады. Бұның бәрінің зардабын тартатын кім? Мұғалім. Айналып келгенде әкімдіктің немқұрайдылығы мен шала-шарпы істеген жұмысының залалы мұғалімдерге тиіп жатыр.

- Үйлеріңіз, яғни Оралхан музейі қай жылы салынған?

- Бұл үйдің салыну тарихы да қызық. Шыңғыстай ауылы кезінде болыстықтың орталығы болған. Кейін аудан орталығы болды ғой. Болыстықтың орталығы болған кезде ауыл Бұқтырманың жағасында болатын. Әбдікәрімнің үйі де сол жерде еді. Ресейден көшіп келген бай-шонжарлардың, Самойловтардың үйі де ауылдың ішінде болды. 1968 жылы Бұқтырманың арнасы өзгеріп, біздің үйді су алып кетті. Сол кезде біз тау жаққа қарай көштік. Қазіргі жыр болған музей-үй төрт бөлмелі ағаш үй ғой. Алдында берендасы бар. Сол төрт бөлменің алдындағы екі бөлмесі – Әбдікәрімнің үлкен ұлының үйі. Соны біздің үй сатып алып, қалған екі бөлмесін әкем Бөкей ақсақал өз қолымен жалғап салған. 

- Екі тарихи отбасына тиесілі үй екен ғой?

- Солай деуге болады. Әбдікәрім де осал тұлға емес. Біз алған соң жаңалап салдық. Қызыл қарағайдан қиюластырып салынған. Өте берік. Мысалы жаңағы жекеменшікке өтіп кеткен Әбдікәрім болыстың екі қабатты мектебінің бөренелеріне шеге кіргізе алмайсың. Оқта-текте бір самырсыннан жасалған үй болмаса, қарағайдан салған үй қатып-семіп тұра береді. 

- Бұл мәселені айтып, министрлікке, облыс әкімдігіне хат жазып немесе тіклей қабылдауларында болдыңыз ба?

- Әрине, бәрінің алдынан өттім. 2019 жылдан бері, 80 жылдығы жақындай бастағаннан бастап осы мәселені қозғап келемін. Сол үшін арнайы қор аштым. «Оралхан Бөкей үйі» қоғамдық қоры деп аталады. Барлығы заңды болуы керек қой. Әлі де толыққанды жұмыс істеп тұр. Сол қор арқылы жобасын жасап, көмек береді-ау деген қалталы азматтарға хат жаздым. Түрлі себептерге байланысты, әрі соңғы екі жылдағы пандемияға байланысты қордың жұмысы аса қарқынды жүріп кете алған жоқ. 

- Кімдерге бердіңіз егер, құпия болмаса?

- Қордың атынан хат жазып, жобаны қоса жолдап Берік Уәлиге (ол кезде ҚР Президентінің баспасөз хатшысы болатын – Е.Ж.) бердім, осыған көмектесші деп. Обалы не керек, Берік сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошановтың (қазіргі ҚР Парламент мәжілісінің спикері – Е.Ж.) атынан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке хат жолдады.

- Ахметов жауап берді ме?

- Берді ғой. Бергенде қандай десеңші. Бәрін жасауға, бәрін шешуге хат арқылы уәде берген. Міне, Даниал Ахметовтің жауабы, осы хаттан оқып алуыңа болады оның берген жауабын. (суретте)

Қараусыз қалған қара шаңырақ немесе Ахметовтің Қошановқа берген уәдесі
Даниал Ахметовтің Ерлан Қошановқа берген жауабы 

- Осы хаттан соң сізді шақырып, не істейтіндерін айтқан жоқ па?

- Айтты ғой, айтты. Шақырып, облыстық мәдениет басқармасының басшылары, әкімшілік адамдары, бәрі жиналды. Бірақ әңгімесі сол баяғы аудан әкімдігінің айтқан жауабымен бірдей. «Сіздің үйіңіз жекеменшік. Оған бюджеттен бірден қаржы беріле салмайды» деген секілді шығарып-салды әңгімелерін тағы алға тарты. 

Содан мен: «Жақсы, қолма қол ақша берілмейді екен, олай болса Шығыс Қазақстан облысында небір зауыттар, қалталы компаниялар бар, соларға тапсырма беріңдер. Біреуі маған цемент берсін, біреуі кірпіш берсін, біреуі лэд-экран берсін. Менде керек заттың көлемі мен саны, құны жазылған тізім бар. Солай толықтырып алайын» - дедім. Менің сөзіме сол залда отырған бірде-бір қазақ селт етпеді. Тек сол кездегі ШҚО Ішкі саясат басқармасын басқарып отырған орыс әйел, атын ұмытып отырмын, сол ғана: «Мына кісі өте дұрыс айтып отыр. Осылай бөліп тастайық бәріне» - деді. 

Жиналғандар ештеңе шеше алған жоқ, «сізді шақырамыз» деді, бірақ одан кейін мені іздеген адам болған жоқ ол өңірден. 

- Өзіңіздің шешіміңіз қандай?

- Ауданның шамасы келмейтіні онсызда белгілі болды. Енді бұл үйді облыстың мәдениет басқармасы сатып алу керек те, Қасиетті жерлер картасына енгізіп, облыстық туристік жобаға қосуы керек. Сол арқылы жұмыс істетуге болады. 

Екінші мәселе, біздің облыс бай ғой, титан-магни (ТМК), алтын, уранға дейін біздің облыстан шығады, қорғасынды айтпай-ақ қояйын. Соларға тапсырма берсін де, маған өзара бөлісіп, аз-аздан қаржы берсін. Қалғанын өзім-ақ жасап аламын. Бірақ, мен ол үйді көріме бірге әкетпеймін, қалады. Сол ауылда, сол облыста қалады. Тек ауыл адамдарына бір-екі болса да жұмыс орны болып, ұрпағымыз Оралханның үйі қайсы дегенде көзге көрініп тұрса болды. 

Біздің ауыл туристік орталыққа өте қолайлы жер. Бірақ барсаң тамақ ішетін жер таба алмайсыз. Жатар орынның бағасының өзі аспандап тұр. Басқа басқа, менің өзім, тура сол ауылдан шыққан менің өзім бір жолы такси түнде жай барып, таксиске айттым, таңға дейін үйіңізге қонып шығайын дедім. Келіспеді. Қонақ үйлерге барсақ, бір қонып шыққаны 6000 теңге. Осыдан төрт жыл бұрын, ауылдық жер үшін бұл деген сұмдық баға ғой. 

- Сіздің ойыңызша Оралханның музей үйі анау әйгілі тұлғалардың артында қалған қара шаңырағы секілді болса дейсіз ғой?..

- Әрине. Толстойдың үйі секілді, не Чеховтың үйі секілді ме, болса деймін. Өз басым музей дегенге мүлде қарсымын. Музей деген ешқандай қозғалыссыз тұрған өлі дүние ғой. Менің ойымша Оралхан үйі қайнап жатқан тіршіліктің көзі болуы керек. Қатонның табиғаты керемет, бармайтын адам жоқ. Сондықтан ол жерде туристік орталық деңгейіндегі дүние жасалуы керек деп ойлаймын. 

- Енді ештеңе жасалмаса не істейсіз?

- Осы сұрақты менен тағы бір әріптесің сұраған. «Түк таба алмасаңыз, қаржы бөлінбесе не істейсіз?» - дейді. Ауылға барам, үйдің есігін ашам, сол жерде отырып Оралханды насихаттаймын. Басқа не істеймін? 

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы