Жетісу облысы Қаратал ауданында 2022 жылы 74 мың 800 га пайдаланбай жатқан жер анықталып, оның 20 мың 200 гектары мемлекет меншігіне өткен. Әлі де бос жатқан жерлер анықталып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жер іздеген шаруа жетіп артылады
Жетісуда жайылым жердің мәселесі әлі толық шешемін таппады. Қай ауданға барсақ та шағын шаруалар жайылым жердің жоқтығын айтып, өре түрегеледі. Облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен кездескенде де осы мәселе алдынан шығады. Мәселен, шаруа иесі Ерік Өтепов әуелді ірі қара өсіруге бел байлаған. Бірақ жайылым жері тарлық еткеннен кейін мал саны азайтып, қой мен ешкі бағуға көшеді. Уақ малды қыстан жем-шөпсіз-ақ алып шығуға болатынын біліп, осындай қадамға барған.
Мен де егінмен айналысқанға, тіпта мал бордақылауға арналған техника түрі бар. Бос жатқан жерді мемлекеттен алу үшін арнайы конкурс ойнатылады. Міне, 3 жылға кетті жыл сайын өтпей қаламыз. 400-ден астам қой-ешкінің бір жерге иіріп жайғанға обал. Ал еркіне жіберейік десек, айналанын бәрі елдің егіні. Малдың ерні бір тисе тоқтамайды, көк қуалап жайылғанды жақсы көреді. Қыста егін болмағандықтан, маңайдағы шаруалардың егістігіне түсіп, жаюға болады. Ал көктем мен жазда оған рұқсат жоқ, - дейді қараталдық шаруа иесі.
Қазір өңірде жер дауы азайды дегенімен, осындай кәсіпке ниетте азаматтарға жер берілмей қалып жатады. Еліміздегі жер игеруге қатысты мәселені реттейтін заң тетігінің дұрыс жұмыс істемейтіні анық. Бұлай топшылауымызға себеп көп. Мәселен, аталған ауданда жайылым жер сұраған жүздеген шаруа бар. Жыл сайын соған сай көптеген өтінім хат келіп түседі. Мұнда жерді тиімді пайдалану негізінде белгіленген талаптарды қасақана бұзып, жергілікті атқарушы органдардың ескертпесіне құлақ аспайтын жеке шаруа қожалықтары бар. Олар заңның аясында жұмыс істеп жатқан сыңай танытады. Мұны сондағы халық та айтып отыр.
Ал Қаратал ауданы әкімі Ұлан Досымбеков бұл мәселе жылдан жылға жүйеленіп, шешімін тауып келе жатқанын айтады. 2022 жылы пайдаланбай жатқан 1 мың 900 гектар жер қайта айналымға енгізіліп 6 шаруашылықта мал бастары бірдейлендіру жүйесіне (ИСЖ) тіркелгендігі анықталған.
2023 жылы 2 конкурс ұйымдастырылып, 41 мың 700 гектар жер берілді. Оның ішінде 41 мың 400 га жайылымдық алқап, 300 га суармалы егістік ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне табысталды. Осы жылдың 29 наурызында 35 лотты құрайтын 16 мың 870 га жер учаскесі конкурсқа шығарылған. Оның ішінде Бәйшегір ауылдық округіне қарасты 1 мың 500 га жайылымдық алқап, жер учаскесіне қатысқан азаматтардың құжаттары Жер Кодексінің 43-1 бабы, 9-тармағына сай толық болмауына байланысты конкурс өтпеді. Қалған 34 лотты құрайтын 15 мың 370 га жерге конкурс өткізілді. Оның 15 204 га жайылым, 166 га суармалы егістік жер учаскелері жеңімпаздарға ұсынылды, - дейді аудан әкімі.
Биыл 19 мыңға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Былтыр ауданда мемлекет меншігіне 31 мың 185 гектар жер қайтарылып, жоспар 111%-ға орындалған. Оның ішінде – 346,6 га суармалы егістік, 26 га шабындық, 30 812,4 га жайылымдық алқап аналады. Ал жалпы жоспар бойынша – 28 мың га жер қайтарыуы керек болған. Оның ішінде 23,5 мың га жер 6 ірі шаруа қожалықтарынан алынған. Атап айтсақ, ірі шаруашылықтардан «Шығыс Қаратал» ЖШС –15 мың га., «Бақыт - Қаратал» ЖШС – 1,2 мың га., «Тамас» ЖШС - 10 мың га., «Текелі Agro Sеrvis» ЖШС - 5 мың га., «Темірқазық С.Қ.» ЖШС - 5 мың га, «Г. Житкеев» ШҚ – 3,5 мың га.
2023 жылы 52 мың 700 га жер иелеріне нұсқама берілді, тексеру жұмыстары қараша айынан басталған. Бұл 106 тұлғаны құрайды. Осы жылдың басынан 18 мың 551 га жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде: «Батыр» ЖК-інен сот шешімі (06.02.24) негізінде 15,0 мың га жер қайтарылды. Қалған жерлерге мал бастары тіркеліп айналымға енгізілді. Оның ішінде 32 га суармалы егістік, 18 мың 519 жайылымдық алқап. Қазір аталған жер учаскелері өңіраралық геоақпараттық жүйеге толықтай енгізілді, - дейді Ұлан Әлдибекұлы.
Қорасындағы малын жайылымға жібере алмай дал болған ағайын БАҚ өкілдеріне жиі шағымданады. Олардың тілек-арызы орынды. Ал жергілікті билік халықтың бәріне үлестіріп берер жердің жоқтығын айтып ақталады. Оның үстіне жерді алу үшін арнайы заңнамаға сай құжаты түгел болуы қажет. Онсыз пайдаланбай жатқан жерді бере салмайды. Бұл тұста тағы бір мәселе бар. Мемлекет меншігіне қайтқан жердің бәрі жайылымдық жер емес. Мұны да ескерген жөн.
Ауыл маңайында мал жаятын жердің жоқтығы қапаландырады. Қолында оншақты уақ мал ұстаған халық бір уақыт малға өріс іздейді. Ауылда кезек бағатын малшылар алысқа ұзай алмайды. Жан-жақтың бәрі жекеменшік кәсіпорынға тиесілі, олар малды жолатпақ түгіл, өзіңді жеп қоярдай айқайлап кетеді. Жақын маңдағы телімдер жекешеленіп кеткен, тіпті егін егетін танапқа айналған. Біздіңше, ауылдан кемі 5 шақырым жер сол ауыл тұрғындардың иелігінде болуы керек. Себебі, қолда ұстаған төрт түлікке де өріс керек. Өріссіз мал көбеймейді, елдің бәрінде жем-шөп сатып алуға қаржы жоқ, - дейді Үштөбе моноқаласының тұрғыны Айтуар Асылбеков.
Былтыр осындай меселе көксулықтарда да кездескен. Сондағы Жамбыл ауылының тұрғындарына мал жаятын жердің жоқтығын айтып шағым түсірген еді. Үлкен көлемдегі алқаптарға иелік етушілердің аталған ауылға еш қатысы болмай шыққан. Жерді жалға алған немесе жекешелендірген адамдардың кейбірін тұрғындар танымайтынын жеткізген еді. Қайта жергілікті биліктің араласуымен іс оңынан шешіліп, халық қалған жерді қанағат тұтқан. Қараталдықтар да маңайда мал жаятын шағын жер болса да тауып беруін сұрап отыр.