Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?

Олжас АДАЙ
2 Желтоқсан 2025, 17:25
453
Бөлісу:
 автордан
PHOTO
Фото: автордан

Қарашадағы Бейжің көшесі қаланың мінезін бірден ашады. Саябақтағы тыныш көрініс пен Гуанхуа жолының қарқыны мегаполистің күнделікті өмірін көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Бейжіңнен.

Бір күндік серуен осы қаланың шынайы ритмін сезінуге мүмкіндік берді.

Бейжің қоңыржай құрлықтық климатта орналасқан. Сондықтан бұл қалада күз ұзаққа созылмайды: қыркүйек–қазан жылырақ, ал қараша - күздің соңғы айы, жапырақ толық түсіп, қысқа өтетін кезең. Ал қыс желтоқсан айында басталады.

Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?
Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?
Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?

Суреттер түсірілген негізгі аймақ — Гуанхуа жолы. Бұл көше Бейжіңнің халықаралық іскерлік орталығы саналатын CBD аумағының басты магистралі. Осы маңда China Zun, CCTV штаб-пәтері, Guomao кешені сияқты белгілі ғимараттар орналасқан. Қаладағы ірі компаниялардың бас кеңселері де осында шоғырланған. Chaoyang ауданында ресми дерек бойынша 3,45 миллион адам тұрады. Бұл – Бейжіңнің ең ірі әрі тез дамып жатқан бөлігінің бірі.

Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?
Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?
Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?

Қараша айында ауданның келбеті өзгереді. Көптеген көше сары жапырақ басады. Қалалық коммуналдық қызмет күн сайын мыңдаған тонна жапырақ жинайды. Соған қарамастан жел әр сәтте жаңа жапырақты тротуар бетіне қайта үйіп тастайды. Көшеде сыпырғышпен жұмыс істеп жүрген егде кісіні көру осы мезгілдің ең қарапайым әрі ең шынайы көрінісіне айналады.

Саябақтарда шығыс стиліндегі павильондар байқалады. Қызыл бағандар, жасыл шатыр және тастан қаланған шағын көпір Қытайдың дәстүрлі сәулетін сақтап тұрғанын көрсетеді. Мұндай павильондар Бейжіңнің парк мәдениетінің ажырамас бөлігі саналады. Жанындағы көлде баяу жүзіп жүрген үйректер мен бос орындықтар қараша күнінің тыныштығын айқындайды.

Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?
Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?
Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?
Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?

Қала орталығына жақындаған сайын Бейжіңнің екінші сипаты көрінеді. Биік шыны мұнаралар, көп деңгейлі жолайрықтар, үздіксіз қозғалыстағы көліктер – бәрі мегаполистің қарқынын көрсетеді. Бейжіңде ресми статистика бойынша 21,8 миллион тұрғын бар. Оған қоса бірнеше миллион уақытша мигрант өмір сүреді.

Осындай үлкен жүктемені көтеру үшін қала инфрақұрылымы бірнеше деңгейге бөлінген. Жоғарыда автомобильдер қозғалып жатса, төменгі бөлікте велосипед пен жаяу адамдарға арналған жолдар орналасқан.

Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?
Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?
Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?
Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?

Қаланың күнделікті өмірінің тағы бір сипаты – курьерлер. Қытайда жылына 120 миллиардтан астам сәлемдеме жөнелтіледі. Сол себепті пошта жәшіктерінің жанында үнемі жұмыс істеп жүрген жеткізу қызметін жиі көруге болады. Олар әр жәшікті жылдам қарап, жаңа тапсырысты орналастырып немесе алып кетеді.

Гуанхуа жолының бойында орналасқан ескі телефон-автомат та назар аударады. Смартфондар кең таралғанына қарамастан мұндай құрылғылар әлі сақталған. Бұл Бейжіңнің өткен кезеңін жоғалтпай, заманауи қаламен қатар ұстап отырғанын көрсетеді.

Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?
Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?
Қарашадағы Бейжің: күзгі қала өмірі қандай?

Серуен соңында көз тағы да жапырақ басқан тротуарға түседі. Жанында қатар тұрған көліктер, асығыс адамдар, велосипед тепкен тұрғындар – мегаполис өмірінің қалыпты көрінісі. Бірақ осы ұсақ детальдардың өзі Бейжіңнің күрделі әрі өз дәстүрін сақтай білген қала екенін аңғартады.

Қарашадағы Бейжің жыл мезгілдерінің ауысуын ғана емес, қаланың өз ішіндегі екі түрлі реңкті қатар көрсететін уақыт. Бір жағында шығыс мәдениеті мен тыныш саябақтар, екінші жағында қарбалас іскерлік орталық тұр. Бір күндік серуен осы екі әлемнің бір қалада қалай үйлескенін сезінуге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы