Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдың қараша айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктері жалпы салмағы 129,2 келі 3401 алтын құйманы сатты.
Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 2,6 тоннаға жуық 71 631 алтын құйма сатылған.
Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 28%, яғни, 19 816 дана. Одан кейін 100 грамдық құйма сұранысқа ие, 15 911 дана (22%) сатылған, 20 грамдық құймадан 13 779 дана (19%), 5 грамдық құймадан 12 367 дана (17%), 50 грамдық құймадан 9 758 дана (14%) сатылды. Алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында көп сатылады.
Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.
Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктер жалпы салмағы 257 келі 10 538 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 15%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.
Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.
Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, ЦентрКредит банкі, сондай-ақ жекелеген банктік емес пунктерден сатып алып, кері сатуға болады.