Қарақат Әбденнің ұсынысына қарсы петиция жарияланды

7 Сәуір 2023, 15:28
3687
Бөлісу:
Қарақат Әбденнің ұсынысына қарсы петиция жарияланды
Фото: Instagram / abdenkarakat

Қарақат Әбденді депутаттық мандатынан айыру туралы петиция жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Петицияны “НеМолчи.kz” қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі жариялады.

Белсендінің айтуынша, депутат конституциялық нормаларды бұзып, сайлаушылардың сенімін жоғалтты. Қоғам белсендісі президенттік сайлау алдындағы телекөпір барысында Әбден шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарға қомақты салық салу керек деп айтқанын еске салды.

Дина Таңсәрі бірер күн бұрын өзінің петиция жариялайтынын айтқан болатын.

Қызы грузинге тұрмысқа шыққан ана ретінде бұл ұсынысты айтқандарды сотқа беру керек деп есептеймін! Бұл этникалық кемсітушілік! Мына құрметсіз ханым, адам құқығы туралы бірдеңе біле ме екен? Мен Петиция құрып, ел Конституциясын бұзғаны үшін оны Қазақстан Парламентінен қууды талап етемін”,- деп жазды ол Facebook парақшасында.

Еске салайық, Қарақат Әбден шетелдіктермен некеге тұрғандарға салық салуды ұсынды.

Ол осы мәселе бойынша журналистердің қойған сауалына жауап бере отырып, ұсынысты қолдау үшін жұмыс істейтінін айтқан еді.

Осы кезге дейін айтқандарымның бәрін, барлық идеяларымды, көтерген барлық мәселелерді кейінгі қызметімде де жалғастырамын. Қазір айтып отырған шетелдіктермен некеге тұруға салық салу ұсынысын әлі де ашу керек. Қалай жүргізілетінін түсіндіру керек. Неге енгізбеске? Әрине қолдаймын – деді Әбден.

Өзгелердің жаңалығы