Қарақат Әбден түрмеде отырған әйелдерге амнистия жасауды ұсынды

Бөлісу:
Қарақат Әбден түрмеде отырған әйелдерге амнистия жасауды ұсынды
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден сотталған әйелдерге амнистия жасауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осы мәселеге қатысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке сауал жолдады.

Әбден Ауыл партиясының фракциясы сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, ондай әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынатынын жеткізді.

Депутаттың сөзінше, мұндай шара әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасы құндылығының нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Көп жағдайда отбасыдағы бала тәрбиесі әйелдердің мойнында. Ана алақанның аясы - ақ шынардың саясы деген сөз бар. Бүгінгі таңда 2336 әйел бас бостандығынан айырылған, олардың жартысы — аналар, оның ішінде 250-і көп балалы аналар. 1500-ден астам бала анасыз қалып, аналарымен қауышуды күтіп отыр. 100-ге жуық сәби үйіне жіберілген. Бұлар жай ғана цифрлар емес — бұл ойран болған отбасылар, бұзылған тағдырлар, ең сорақысы ана жылуынан айырылған сәбилер, - дейді Қарақат Әбден.

Депутаттар сотталған әйелдерге амнистияны қолдану үшін мынадай критерийлер ұсынды:

- зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдер;

- жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар әйелдер;

- көпбалалы әйелдер;

- алғаш сотталған әйелдер;

- жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдер.

Ал ауыр қылмыс, аса ауыр қылмыс жасап, зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасап, сол үшін сотталған, қоғамға қауіп төндіретін әйелдерге амнистия жасалмайды, - деп ұсынды Қарақат Әбден.

Депутаттың мәліметінше, Қырғызстанда әйелдерге 1996 жылдан бері 3 рет амнистия жасалған. Ал Өзбекстанда 2013 жылы амнистия жасалып, әйелдер мен кәмелетке толмағандар босатылған. Ресей Президенті 2023 жылы әйелдерге амнистия жасау туралы идеяны қолдаған. АҚШ-тың кейбір штаттарында әртүрлі қылмыс жасап сотталған әйелдерге бірнеше рет амнистия жасалған.

Өзгелердің жаңалығы