Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тарихи деректерге қарағанда Қарақалпақстан жерінде адамдар неолит дәуірінен бастап өмір сүрген. Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырға жататын Дарий I бейітінің құлпытастарында Арал өңірі мен Сырдарияның төменгі ағысында (қазіргі Қарақалпақстан территориясы) «Тиграхауда сақтары» өмір сүргені айтылады. (Үшкір қалпақ киетін сақтар).
«Печенег» деген кім?
II-VI ғасырларда бұл аймаққа Алтай мен Шығыс Түркістаннан түркілер қоныс аударады.
Көшпелі түркі және жергілікті сақ халқының ассимиляциясы болып, нәтижесінде бажанақ пен оғыз сынды екі жаңа этникалық қауымдастық пайда болған. Қарақалпақтардың этникалық қалыптасуының негізін құраған бажанақ (печенег) тайпалары болды.
Ұзақ уақыт бойы қарақалпақ халқының шығу тегі туралы нақты тұжырымдама болмаған. ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін олар туралы ғылыми әдебиеттер өте аз болып, олар «қарақалпақ» этнонимін сипаттаудан аспады. Белгілі шығыстанушы Дассон «Монғолдар тарихы» деген еңбегінде Рашид ад-Диннің «Жылнамалар жинағын» талдай отырып, орыс жылнамаларында «черные клобуки» деген атпен белгілі болған халықтың қарақалпақ екендігін анықтайды.
«Пост-кеңестік Қазақстандағы түркі халықтарының тілі мен мәдениетінің ықпалдастығы» халықаралық жобасының деректеріне сәйкес, «Қарақалпақ» атауы қара мен қалпақ сөздерінің бірігуінен туған.
Рашид ад-Диннің дерегі бойынша, моңғол шапқыншылығы кезінде қарақалпақтар «Kavm-i külah-i siyah» (қара қалпақты халық) деген атаумен танылған. Ескі орыс жылнамаларында «черные клобуки, чёрный колпак», ал араб дереккөздерінде «karabörklü» атауларымен кездеседі. Бүгінгі қарақалпақ этнонимімен танылып отырған халық, тарихи деректерде, осы атаумен алғаш рет XVI ғасырдың соңында (1578 жылы) аталына бастады.
Қарақалпақ халқы мәдени және антропологиялық тұрпатына қарай көршілес жатқан өзге де ортаазиялық халықтардан ерекшеленбейді. Олардың бет әлпеті көршілес қазақ, түрікмен және өзге ұлттарға ұқсас, монғолдық нәсілдің орта-азиялық тобына жатады. Қарақалпақтардың антропологиялық типі орта-азиялық көне еуропалық нәсіл мен кейінірек келген монғол тектес нәсілдің араласуы нәтижесінде пайда болған, - делінген жалпы зерттеу деректерінде.
Қазіргі таңда қарақалпақтардың барлығы ханафи масхабын ұстанатын суннит мұсылмандары. Олардың ислам дінін қабылдай бастауы нақты белгілі болмаса да, зерттеушілердің болжауынша, қарақалпақтар да басқа түркі халықтары секілді Х-ХІІІ ғасырларда мұсылмандықты қабылдады.
Қарақалпақ ССР 1925 пен 1936 жылдар аралығында Қазақ ССР құрамында болды. 1936 жылы Кремльдың бұйрығы бойынша Қарақалпақ ССР Өзбекстан құрамына өтті.
Қарақалпақстан өзінің көне ескерткіштерімен, қарақалпақтардың аумағындағы құмды шөлдерде шашыраңқы орналасқан көптеген бекіністердің қирандыларымен, сондай-ақ көршілес Хорезм облысымен әйгілі.
Бүгінгі таңда Қарақалпақстан Өзбекстан Республикасының құрамындағы автономия. Мұнда 2 млн-нан астам халық тұрады. Астанасы – Нүкіс қаласы.
Қазақ пен қарақалпақ
Шежіреші, тарихшы Асқар Селеубаев Махмұд Қашқаридың еңбегінде қарақалпақтар оғыз тайпасы деп жазылғанын айтады. Яғни, бажанақ.
Орыс халқы бажанаққа тілдері келмей «печенег» деп атап кеткен. Бажанақтар қарақалпақпен өмір бойы бірге жүрген. Қазақ-өзбек, қазақ-қырғыз соғысы болған. Қазақ-қарақалпақ соғысы болмаған. Қазақтың ішінде де қарақалпақтар бар. Бажанақтың екі баласы болған: Қият пен Нүкіс деген. Нүкіс деген ру да бар. Біздің Түлкібас ауданында бірнеше ауыл бар, онда нүкістер тұрады. Ол Шыңғыс ханның да тарихында тұр, - дейді тарихшы.
Тарихшы Махмұд Қашқари оғыз тайпаларының таңбасы мен малға таңба басатын таңбаларын, ұрандарын бердім дегенін айтады.
Сонда 22 тайпаның ішінде қарақалпақ-бажанақ деп тұрды. Шын аты бажанақ қой. Сол кезде біздің Жетісуді билеп тұрған қынық деген тайпа болды. Мына қараханидтер қынық тайпасы, яғни оғыздар. Осылай оғыздар ығысып Түрікменстан, Түркия, Әзербайжанды қоныстанған. Гагауз дейтін де ел бар. Олар өзбектің де, қазақтың да ішінде бар. Қазақ пен қарақалпақ өмір бойы бірге араласып кеткен. «Аңырақайда» Ұлы жүздің 17 мың қазақ қолының екі жарым мыңы қарақалпақ болған. Оны қарақалпақтың Қылышбек пен Жангелді деген екі батыры бастаған. Біразы қазақтың жерінде қалды. Жетісай, Шардарада қият дейтін ел бар. Жаңа Түлкібастағы нүкістерді айттым. Сарыөзекте де біраз қарақалпақ бар. Олар өздерін қарақалпақпыз дейді. Қарақалпақтың да ішінде қазақтың рулары бар, - дейді Селеубаев.
Шежірешінің айтуынша, қарақалпақтың ішінде найман, қыпшақ, қоңырат, шапыраштының тармағы – бес сары деген де бар.
Бірақ олар – қарақалпақ. Қарақалпақтар қазақтармен араласып, ұзақ уақыт бірге жүрген. «Батырлар жырындағы», «Алпамыс», «Қобыланды» жырында «Қырық мың үйлі Қият» қазақпен бірге жүрген қарақалпақ туралы, - дейді Селеубаев.
Қазаққа ең жақын ел қарақалпақ деп санауға болады.
Бізге жақын, ең туысқан ел осы қарақалпақ. Дәстүрі де, салты мен тілі де келеді. Олар оғыз болса да. Қарақалпақтар қазақтың азаматтығын аламын десе, оған қарсылық болмауы керек деп ойлаймын. Қазаққа ең жақын ел – қарақалпақ. Ол солай бола береді деп ойлаймын, - деді ол.
1999 жылы Маңғыстау облысында «Аллаяр жолы» деген атпен алғашқы Қазақстандағы қарақалпақ этномәдени бірлестігі құрылды. Бұл бірлестіктің ұйымдастыруымен облыстағы қарақалпақ диаспорасының тыныс-тіршілігін таныту мақсатында «Айдын жол» атты газет шығарылды.
Қарақалпақ диаспорасының Оңтүстік Қазақстанда 2001 жылдан бері «Оңтүстік Қазақстан облыстық Қарақалпақ мәдени орталығы» және Шымкент қаласында 2004 жылдан бері «Қарақалпақ ұлттық-мәдени орталығы» деген қоғамдық бірлестіктері жұмыс істейді.
Бұл бірлестіктің барлық мүшесі республиканың қоғамдық өміріне белсенді қатысады. Қазақстандағы қарақалпақ халқының осында өмір сүретін басқа да этникалық топтар секілді барлық құқығы қорғалған.
«Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігінің төрайымы Тазабике Салиеваның айтуынша, қазақ тілі мен қарақалпақ тілі өте ұқсас.
Тілдерді -лар, -лер, -дар,-дер деген жалғаулар ғана ажыратады. Мысалы, қыздарды біз қызлар дейміз. Оқушылар сөзі бірдей болады. Келіндерді келінлер дейміз. Жазуымызда айырмашылықтар бар. Қазақшада оқу болса, бізде оқыу деп жазылады. Осындай аз-кем айырмашылық бар, - деді Салиева.
Оның айтуынша, қарақалпақтар да руға бөлінеді.
Бізде бір рудан қыз алмайды. Мысалы, мен кенегес руы болсам, кенегес оның тармақтарынан қыз алмайды. Біз 2000 жылдың аяғында көшіп келдік. Қазақстанда тұрып жатырмыз. Қазақ пен қарақалпақ арасында ұқсастық өте көп. Шілдехана, бесік той, қырқынан шығару, тұсау кесу сынды дәстүр бар. Тұсау кесуден үйленуге дейін дәстүрлер ұқсайды. Қарақалпақтарда «қарын шашу» (біздегі "құрсақ той" - А.Қ.) деген салт бар. Келіннің екі айдан кейін аяғы ауыр болса, көрші әйелдерді шақырып, «қарын шашу» жасайды. Ол келіншек қонаққа барған кезде оны қонақ қылып, тойдырып жібереді. Келінге де қойылатын талаптар болады. Бала іште болғанда ешбір жаман қылық жасамауы керек. Ол балаға беріледі дейді, - деді Тазабике Салиева.
Төрайымның айтуынша, ән өнері бойынша ұқсастықтар көп.
Бізде әнді «қосық» деп айтады. Домбырамен ән айтуды дудармен бақсылардың ән айтуын салыстыруға болады. Батырлардың жыр-эпосын қобызбен орындайды. Бізде қазақ тіліндегі кітаптар өте көп. Оқырмандар да оны асыға күтеді. Ақындар айтысына да көп қызығады. Күтіп жүреді. Менің қайыненем Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа біледі. Қазақтың ақын-жазушыларын құрметтейді. Менің әкем 4-сынып оқыған кезде қазақша кітап оқыған. Өлеңмен жазылған ертегі еді. Мен ол кітапты еш жерден таба алмадым. Оны әндетіп айтатын еді. Қыздар жеті аққуға айналып ұшып кетеді. Соны жатқа білетін еді, - деді Тазабике Салиева.
Ал тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев қарақалпақ тарихы мен рухани мұрасы бай этнос екенін айтады.
Қарақалпақ көне этностардың бірі, әуел бастан азшылық болды, бірде оғыз, бірде бажанақ, бірде қыпшақ құрамында болды. Бірақ өзінің этникалық сәйкестігін, рухани мұрасын сақтаған халық. Бұл этностың көп бөлігі Шығыс Еуропа жерінде, қазіргі Украинада өзге этностармен араласып кетті. Қарақалпақ ауыз әдебиетін шығаруға Франция көмектесіп жатыр, әзірге 150 томы шықты, - дейді тарихшы.
Артықбаевтың пікірінше, қарақалпақ саяси бытыраңқы, жартылай отырықшы ел.
Қазақ түсiнiгi бойынша 1740 жылы қарақалпақ өзiнiң тәуелсiздiгiн, елдiгiн жоғалтып бара жатқан ұлыс. Кiшi жүзге бiр жағы Ресей, бiр жағы Жоңғария қысымы кұшейiп кеткен уақытта ақсақалдар «қарақалпаққа түскен күн бiзге де түсетiн болды деп» уайымдағаны анық. Қазақ, қалмақ, өзбек, қырғыздың олжа iздеген топтары қарақалпақ елiн талан-таражға салды. Қазақтардың iшiнде қарақалпақ жерiне жиi жорық жасаушылар қатарында Әбiлқайырдың өзi және ұлдары, Барақ сұлтан. Барақ сұлтан 1749 жылы Орта жүзден 4,5 мың әскер жинап, оған Төле би Ұлы жұздiң 500 әскерiмен қосылып Жоғарғы қарақалпақтарды шауып, олжа алып, 10 от басын аманат деп көшiрiп әкелгенi анық. Бараққа арқаланып найман-қаракесек арасына келiп жан шақырып алған Қарасақалдың қарақалпақ жерiне iрi жорық ұйымдастырып, сансыз көп олжаны айдап әкелгенi де мәлiм, - дейді ол.
Қарақалпақстан мәртебесі
Маусымда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Өзбекстан конституциясына референдум арқылы өзгерістер енгізуді ұсынды. Өзбекстан Конституциясына енгізілген түзетулерде Қарақалпақстанның егемендік мәртебесін және оның республика құрамынан шығу құқығын алып тастау ұсынылған.
Өзгерістер Конституцияның XVII тарауындағы 70, 71, 72, 74 және 75-баптарына енгізіледі деп көрсетілген.
Өзбекстанның негізгі заңының қазіргі редакциясында Қарақалпақстан «егемен ел» деп көрсетілген. Қарақалпақстан халқы жалпы референдум негізінде Өзбекстаннан бөлініп шығуға құқығы бар екені бекітілген. Түзетулер бұл нормаларды алып тастауды ұсынған.
Ұсынылып отырған түзетулер Қарақалпақстан Жоқарғы Кеңесінің депутаттарымен бірлесіп әзірленген және олар бірауыздан мақұлдаған. Облыс тұрғындарынан Конституцияны реформалауға қатысты пікірлерді жинау барысында «Қарақалпақстанды Өзбекстанның бөлінбейтін бөлігі ретінде анықтау туралы көптеген ұсыныстар түскені» айтылады.
Конституциялық комиссия түзетулер қарақалпақ және өзбек халықтарының бірлігін, сондай-ақ «Бір ел – бір тағдыр» идеясын нығайтуға бағытталғанын түсіндірді.
Қарақалпақстан Конституциясы 1993 жылы 9 сәуірде күшіне енген. Оның бірінші бабында Өзбекстан Конституциясының Қарақалпақстанның егеменді демократиялық статусы және оның республика құрамындағы орны туралы ережелері қайталанады. Сондай-ақ Қарақалпақстан халқының жалпы референдум негізінде Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы да жазылған.
Әу баста Өзбекстанның негізгі Заңының 60-тан астам бабына 177 өзгерту енгізілетіні айтылған. Онда президент билігін қазіргі 5 жылдан 7 жылға ұзарту да көзделген.
Кейін Шавкат Мирзиеев бұл баптарға өзгерістер енгізілмейтінін жеткізді.
Конституцияға енетін өзгертулер мен толықтыруларды талқылау процесі жалғасып жатқандықтан және Қарақалпақстан тұрғындарының пікірін ескере отырып, президент Өзбекстан Республикасы Конституциясының 70, 71, 72, 74, 75-баптарын өзгеріссіз қалдыру қажеттігін айтты, - деп хабарлаған еді өзбек президентінің баспасөз қызметі.