«Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 92 жоба мақұлданды – Жеңіс Қасымбек

9 Шілде 2019, 12:27
1809
Бөлісу:
«Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 92 жоба мақұлданды – Жеңіс Қасымбек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында вице-премьер Жеңіс Қасымбек «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 92 жоба мақұлданғанын айтты.

«4 шілдедегі жағдай бойынша жобалық кеңсе жұмысында «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 1 трлн теңгеден астам сомада 1,5 мың бизнес-жоба бар. Бұл елдегі барлық әлеуетті қатысушылардың шамамен 30 %-ын құрайды. Оның ішінде 41 млрд теңгені қамтыған 92 жоба мақұлданды, ал 280 млрд теңгеден астам 166 жоба банкте қаралу үстінде», - дейді Жеңіс Қасымбек. 

Оның  айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» жобалары бойынша Ақмола, Маңғыстау, Павлодар облыстары және Алматы қаласында белсенділік байқалады. 

«Белсенділік критерийлері ретінде дамудың мөлшерлік және жалпы көрсеткіштері қарастырылады. Осы критерийлерге сәйкес, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы белсенді емес. Сондықтан осы өңірлердің әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын. Тек соңғы айда мақұлданған жобалар саны екі есеге артты. Негізгі несиеленген жобалар азық-түлік өнімдерін (6,6 млрд теңге), қызметтерді (11,1 млрд теңге), агроөнеркәсіптік кешенін (4,2 млрд теңге) және жеңіл өнеркәсіпті (2,7 млрд теңге) қамтыды. Мақұлданған 92 жобаның 29-ы жаңа өндірістерді құруды, 63-і қолданыстағы өндірісті кеңейтуді көздейді. Аталған жобаларды іске асыру шамамен 2 мың жұмыс орнын құрады», - деді вице-премьер.

Өзгелердің жаңалығы