Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар алаңында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Сырдария өзені қалай қалпына келтірілетіні туралы айтты.
Арнасы тартылып бара жатқан Сырдария өзенін қайта қалпына келтіру бойынша қазіргі уақытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – деп сұрақ қойды журналист.
Бұл сұраққа Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов жауап берді.
Сырдария өзенінің арнасы тартылып барады деп айтуға болмайды. Сырдария өзенінің сулығы азайып келеді. Ол біріншіден, табиғи құбылыс. Осымен төртінші жыл сулығының азаюы жалғасып келеді. Оған қыс мезгілінде қардың аз түсуі, жауын-шашынның аз болуы себеп болып отыр. Су Қазақстанға келем дегенше, жоғары жақта бірнеше ел бар – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан. Бұл елдерде де суға мұқтаждық бар, - деді ол.
Вице-министр осыған қарамастан жұмыс жасалып жатқанын айтты.
Бірақ біз қарап отырған жоқпыз. Жұмыс істеп жатырмыз. Біріншіден, Арал-Сырдария бассейнінің өзге елдің суына тәуелділігі 91%. Қазақстан аумағында шамамен қалған 9% су пайда болады. Сол себепті сыртқы елдермен түрлі тәсілдерді пайдаланып, шаралар қабалдап жатырмыз, - деп толықтырды Экология министрлігі өкілі.