Алматы тауларында құтқару қызметінің мамандары Құмбел шыңына көтерілу кезінде жолдан адасқан екі турист қызға көмек көрсетті.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қараңғы түскеннен кейін қыздар бағытынан жаңылып, кері қайтар жолды өздігінен таба алмаған. Оларды іздеуге «БАУ» бақылау-құтқару бекетінен жедел түрде құтқарушылар тобы аттанған.
Мамандар туристерді қысқа уақытта тауып, олардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ екеніне көз жеткізген. Кейін қыздарды қауіпсіз жерге түсіріп, экобекетке дейін алып барған.
Туристер жарақат алмағандықтан, медициналық көмектен бас тартып, кейін жолдарын өз бетінше жалғастырған.
Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлап, ауа райы болжамын және қайту уақытын ескеруге шақырды. Сондай-ақ құтқарушылар тауға жалғыз шықпауға және қараңғы уақытта шыңға көтерілмеуге кеңес береді.