Қарағандылық балалардың жан-жақты дамуы үшін Майқұдықта оқушылар сарайы бой көтермек. Бұл жайында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Пришахтинск ықшам ауданында салынған «Кәусар» оқушылар сарайының ашылу салтанатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
1 маусым Балаларды қорғау күнінде Қарағандының Пришахтинск ықшам ауданында заманауи оқушылар сарайы ашылды. Шарада сөз алған облыс әкімі дәл осындай сарайды Майқұдықта да салуды жоспарланып отырғандығын айтты.
Біздің міндетіміз балаларға барлық жағдайды жасау. Президентіміздің де тапсырмасы осындай. Осы тапсырманың аясында 1 жыл бұрын Пришахтинскте оқушылар сарайын салсақ деген шешім қабылдаған болатынбыз. Міне бүгін «Кәусар» атты балаларға арналған жаңа, заманауи орталық ашып отырмыз. Бұл жерде балаларға барлық жағдай жасалған. Орталықта робототехника, инженерия және басқа қосымша салалар бойынша балаларды дамытуға мүмкіндік мол,- деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Аймақ басшысы бұл жоба көңілінен шыққандығын, осындай тағы бір орталық салуды жоспарлап отырғандығын айтты. Алдағы уақытта Майқұдықтың балдырғандары да заманауи ғимаратта бос уақыттарын пайдалы өткізетін болады.
Пришахтинскте ашылған «Кәусар» орталығы 3 мың шаршы метр аумақта орналасқан. Оқушылар сарайы күніне 600-ден астам бала қабылдай алады. Мұнда ата-аналар 5-18 жас аралығындағы балаларын робототехника, хореография, тағызқұмалақ, шахмат сияқты қосымша сабақтарға, шығармашалық үйірмелерге әкеле алады. Сабақтар тегін жүргізіледі. Балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, орталықта ерекше балалардың моторикасын дамытуға арналған кабинеттер бар.