Қарағанды қаласының аумағы кеңейеді – қала құрамына Көкпекті станциясы толық қосылады.
Облыс орталығының шекарасын кеңейту туралы шешімді облыстық мәслихат депутаттары кезектен тыс XXXIV сессияда қабылдады.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Әшкеновтің айтуынша, Қарағанды құрамына Тұзды ауылдық округіне қарасты 281 гектар жер қосылады.
Көкпекті станциясында (бұрынғы Солонички) шамамен 500 адам тұрады. Мұнда 120 аула мен мектеп орналасқан. Тұрғындар ұзақ уақыт бойы әкімшілік бөліністің күрделілігінен түрлі қиындықтарға тап болып келген. Себебі үйлердің бір бөлігі қалаға қараса, қалған аумақ Бұқар жырау ауданының қарамағында болған.
Осының салдарынан инфрақұрылымды жөндеу мен қызмет көрсету мәселелері туындаған. Атап айтқанда, 1960 жылдары салынған жергілікті су құбыры шұғыл жаңғыртуды қажет етеді.
Станцияны Қарағанды құрамына қосу халықты сапалы әлеуметтік және коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңа желілер салуға, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді, – деді Дулат Әшкенов.
Аумақ қалаға өткеннен кейін инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту және аудан аумағын абаттандыру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда моноқалалар саны бір қалаға азайғаны хабарланған еді. 2026 жылғы 10 наурыздағы бұйрыққа сәйкес, Екібастұз енді моноқала мәртебесіне жатпайды. Мұндай шешім әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін кешенді талдау нәтижесінде қабылданған.