Төтенше жағдай. Қарағандылықтар Наурызды қалай қарсы алды?

23 Наурыз 2020, 10:16
3800
Бөлісу:
Төтенше жағдай. Қарағандылықтар Наурызды қалай қарсы алды?
PHOTO VIDEO
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Әлемнің 160-тан астам елін шарпыған COVID-19 вирусының елімізде таралуын болдырмау үшін ҚР Президентінің бұйрығымен 16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай жарияланған болатын. Қарағандының төтенше жағдай режиміндегі тыныс-тіршілігі қандай, қалада санитариялық-эпидемиологиялық шаралар қалай атқарылуда, халық Ұлыстың ұлы күні - Наурызды қалай қарсы алды. Осы сұрақтарға жауап іздеген едік.

Елде төтенше жағдай жарияланғаннан бері 7 күн өтті. Бастапқыда қарағандылықтар елдегі төтенше жағдайдың маңыздылығына көңіл аудармады. Әдеттегідей қонағын шақырып, дүкенін аралап, бейқамдық танытты. Тек 20 наурыз күні Қарағандыға Минскіден ұшып келген ұшақта болған жолаушылардың екеуі коронавирус індетін жұқтырғаны жайлы ресми хабар тарағаннан кейін елде індеттің кең таралуы мүмкін екендіктеріне көздері жетті. Вирус жұқтырған науқастардың қатары күн санап артып отырған Нұр-Сұлтан қаласының Қарағандыға жақын орналасуы да вирустың қалада таралу қаупі жоғары екендігін көрсетті.

20200323_101444.jpg

Бүгінде қарағандылықтар барынша сақтық шараларына көшкен. Қала тым-тырыс, көшеде бейсауат жүрген тұрғындарды, жолдарда ағылған көлікті көрмейсіз.

20200323_101304.jpg

Ойын-сауық орындары, музейлер, көрмелер, театрлар, кинотеатрлар, фитнес залдары, балалар ойын алаңдары және тағы басқа халық көп жиналатын қоғамдық орындар уақытша жабылған. 

20200323_101352.jpg

Ірі сауда үйлерінде тек азық-түлік сататын орындар ғана жұмыс істеп тұр.

20200323_101519.jpg

Супермаркеттерге кіреберісте қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлер орнатылған. Облыс әкімдігінің мәліметінше, аймақта 8000-ға тарта нысанда санитариялық-дезинфекциялау жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Оның ішінде автовокзал мен теміржол вокзалының санитариялық тазалағына ерекше көңіл бөлінеді.

20200323_101404.jpg

Супермаркеттерде сатып алушылар бір-бірінен 1 метр қашықтықта тұруы қажет. Ол арнайы сызбамен көрсетілген.

Қаладағы дүкен сөрелерінен азық-түліктің барлығын табуға болады, қант ғана жоқ. Жалпы қанттың тапшылығын тұрғындар осыдан бірнеше күн бұрын сезінген болатын. Облыс әкімдігі болса, тұрақтандыру қорында қанттың жеткілікті мөлшері бар екендігін айтады. Алайда, үлкен супермаркеттерде де, кішігірім дүкендерде де, әлеуметтік павильондар да қант жоқ.

Қарағандыда шырақ алып іздесеңіз де таппайтын екінші затыңыз - медициналық маска. Биліктегілер бетперде тапшылығын жою мақсатында біршама шаралар қабылдаса да дәріханалардан маска таппайсыз. Дегенменде бетперде тапшылығын өз пайдасына шешіп жатқандар да баршылық. Көптеген тігін шеберханалары мен жеке кәсіпкерлер қолда бар маталармен бетперде тігіп, сатып жатыр. Бірнеше рет қолдануға болатын маскалардың орташа құны 500-600 теңге шамасында.

Қаладағы тойханалардың барлығы жұмысын тоқтатқан. Үйлену тойы, қыз ұзату, тұсау кесер сияқты салт-дәстүр жоралғыларының барлығы тыйылған. Мешіт жанындағы асханаларда құдайы, ас, қырық күндік, жылдық ас берулердің барлығы төтенше жағдайға байланысты уақытша тоқтатылды.

Наурыздағы көп күндік демалысты пайдаланып, қонақ шақырып, туған-туыстың үйіне той құтты болсын айта баратындар да азайған. Қарағандылықтар мейлінше отбасының жанында, үйде болуды құп көреді.

Осы Наурыз мерекесі күндерінде бірнеше туыстарымыз қонаққа шақырған. Алайда, президент төтенше жағдай жариялағаннан кейін барлықтары қонақты кейінгі қалдырды. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Қазіргі жағдай той тойлайтын уақыт емес екендігін көрсетеді, - дейді қала тұрғыны Райхан Оспанова.
20200323_101558.jpg

Дегенменде, әлі де болса "омыртқа", "шеке" шақыруды кейінге қалдырмағандар да бар. Қарағандылық Лаура Жаудина туыстарының үйіне қонаққа барудан бас тартқаны үшін реніш естігенін айтады.

Бір туысыма бармаймын, ренжіме, немерелерім бар деген едім, енді менен жаман адам болмай жатыр. Осындай жағдайда қонақ шақыруға болмайтындығын қалай түсіндіруге болады, - дейді ол.

Елде Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтуге тыйым салынғандықтан қала тұрғындарының көпшілігі ауылға, ата-аналарының үйіне кетті. Жаңаарқалық Алшынбаевтар отбасы Наурыз мейрамын жылда бірге қарсы алуды құп көреді. Биыл да осы дәстүрден таймай ұлыстың ұлы күнін ауылда, үлкен отбасының қара шаңырағында қарсы алды. Әулеттің ақылгөй ақсақалы Елдос Алшынбаев биылғы жылдың жастар үшін табысты жыл болуын тілеп, еліміздің індеттен аман-есен шығуын Алладан сұрайтындығын айтты.


Жаңа жыл басы - әз-Наурыз мерекесі құтты болсын. Қазақстанның әр отбасына, мемлекетімізге табыс, береке әкелсін. Биылғы жыл барлығымызға қасиетті жыл болсын деп тілеймін. Бүкіл әлемде болып жатқан індеттің бетін аулақ қылсын. Бұл ауыртпалықтан қазақстандықтардың аман-есен өтуіне нәсіп етсін. Халқымыз, еліміз қиналмасын деп тілеймін, - дейді Елдос Алшынбаев.
20200323_101612 (1).jpg

Мерекеден кейін қалаға оралатын тұрғындар үшін балабақшаға баратын балаларының мәселесін шешу қажет болады. Себебі, облыстық білім басқармасы 26 наурыздан бастап облыстың ірі қалаларындағы балабақшалар төтенше жағдай аяқталғанға дейін жабылатындығын хабарлады. Ал мектеп оқушылары 6 сәуірден бастап қашықтықтан білім алуды бастайтын болады. Ол үшін ата-аналарға компьютер, смартфон сияқты гаджет дайындау қажеттілігі тапсырылды.

Бүгінде Қарағанды облысының карантинді госпитальдарында 128 адам оқшауландырылған. Вирус жұқтырған екі сырқат та жұқпалы аурулар бөлімшесінің боксталған палатасында жатыр, дәрігерлер олардың жағдайын қанағаттанарлықтай деп бағалайды.

PS. Қарағандылық 2 жасар Темірхан көктемнің келуін, көктеммен бірге елге тыныштықтың келуін тілейді. Ол бұрынғыдай аулада асыр сап ойнасам, ата-әжеме, нағашыларыма қонаққа барсам дейді. Ал қарағандылықтар келесі наурызды бұқарамен бірлесе думандатып тойлауды тілейді.


Видео: автордан
Өзгелердің жаңалығы