Қарағандылық «Шахтер» Бірінші лиганың чемпионы атанды

Қарағандылық клуб маусым аяқталуына екі тур қалғанда чемпиондықты қамтамасыз етті. Келесі маусымда Премьер-лигада ойнайды.

 istockphoto.com 10 Қазан 2026, 11:16
10 Қазан 2026, 11:16
293
Фото: istockphoto.com

Қарағандының «Шахтер» футбол клубы Қазақстанның Бірінші лигасында чемпиондық атағын мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Бірінші лига – ел футболындағы екінші деңгейлі дивизион.

9 қазан, жұма күні алматылық «Қайрат-Жастар» сырт алаңда «Таразбен» 1:1 есебімен тең түсті. Осы нәтижеден кейін алматылық команда көшбасшыны ұпай саны бойынша басып озу мүмкіндігінен айырылды.

Маусымның аяқталуына екі тур қалғанда «Шахтердің» еншісінде 65 ұпай бар. Ал «Қайрат-Жастар» 57 ұпай жинаған. Осылайша, қарағандылық клуб мерзімінен бұрын чемпион атанды.

Келесі маусымда «Шахтер» Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алады.

Жоғары дивизионға жолдама алған тағы бір команда – Түркістанның «Тұран» клубы. Ол 51 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орында тұр.

Ал «Қайрат-Жастар» Премьер-лигаға көтеріле алмайды. Себебі алматылық клубтың негізгі командасы қазірдің өзінде елдің жоғарғы дивизионында ойнайды.

Наверх