Қарағандылық кәсіпкерлер қаржы вице-министрімен салық реформаларын талқылады

15 Ақпан 2025, 10:10
612
Бөлісу:
Қарағандылық кәсіпкерлер қаржы вице-министрімен салық реформаларын талқылады
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Қарағандыда ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің Қарағанды облысының кәсіпкерлерімен кездесуі өтті. Басты мақсат – салық реформаларын талқылау, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Премьер-министр Олжас Бектеновтың тапсырмасы бойынша Үкімет мүшелері «Атамекен» ҰКП өкілдерімен бірге өңірлерді аралап, кәсіпкерлермен салық саясаты бойынша пікір алмасуда.

Кездесу барысында қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков ҚҚС-тың дифференциалды мөлшерлемелері бойынша Үкімет ұсыныстарын мәлімдеді.

«ҚҚС-тың жалпы мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеу ұсынылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірушілерін бұл салықтан толығымен босату көзделуде. Кейбір салалар үшін аралық мөлшерлеме – 10% белгіленбек. Осылайша, ұсынылып отырған салық дифференциациясы: 16%, 10%, 0% – салықтан толық босату», — деді вице-министр.

Сонымен қатар ҚҚС есебіне тіркелу шегі 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылды.

Кездесу барысында салалық қауымдастық өкілдері салық кодексіне енгізілетін өзгерістер бойынша өз пікірлерін білдірді.

«Экономикалық тұрақтылық – мемлекеттік ресурстарды тиімді басқарудан, ынталандыру жүйесін қайта қараудан және бюджеттік қаражатты ұтымды пайдаланудан басталады. Гранттарды пайызсыз несиелерге ауыстыру қажет, осылайша қаражат экономикаға қайта оралады», — деді «Қазақстандағы жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» қауымдастығының президенті Владимир Быков.

Қарағанды облысының құрылыс саласы өкілдері атынан «Құрылысшылар қауымдастығы» ЖК және ЗТ президенті, «АСПАП» ӨК директоры Төлеген Әшімов сөз сөйледі. Ол инфрақұрылымдық жобаларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) арқылы жүзеге асыруды және тұрғын үй құрылыс саласындағы салық саясатын қайта қарауды ұсынды.

«Салық кодексі жобасында кәсіпкер өз контрагенті мемлекеттік органдарда тиісті түрде тіркелген жағдайда, басқа тұлғалардың салықтық және өзге де міндеттемелері үшін жауапкершілікке тартылмауы тиіс деген ережені қарастыру қажет», — деп атап өтті Төлеген Әшімов.

Кездесу барысында кәсіпкерлер жекелеген салалар мен салықтық өзгерістердің өз қызметіне ықтимал әсеріне қатысты көптеген сұрақтар қойды. Бизнес-қоғамдастық жаңа салық саясатын әзірлеу кезінде кәсіпкерлердің пікірін ескеру маңызды екенін атап өтті, өйткені олар негізгі салық төлеушілер болып табылады.

Қорытындылай келе, Дәурен Темірбеков барлық ұсыныстардың тіркеліп, талданып, әрі қарайғы жұмыста ескерілетінін мәлімдеді.

«Біз Қарағанды бизнес-қоғамдастығының пікірі ескеріледі деп үміттенеміз. ҚҚС және оның төлеу шегіне қатысты мәселе сарапшылардың, кәсіпкерлердің және депутаттардың пікірін ескере отырып шешілуі тиіс», — деп атап өтті Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

Кездесу қорытындысы бойынша 120 қатысушы кәсіпкер 120-дан астам ұсыныс білдірді. Кәсіпкерлер палатасы вице-қаржы министріне ашық диалог үшін және салық реформасының негізгі аспектілерін түсіндіргені үшін алғысын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы