Қарағандыдағы заңсыз салынған тұрғын үйлер дауы. Қалай сақтануға болады?

14 Наурыз 2024, 14:57
417
Бөлісу:
Қарағандыдағы заңсыз салынған тұрғын үйлер дауы. Қалай сақтануға болады?
Фото: автордан

Қарағандыда 68 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Оның 11-нің құрылысқа рұқсат құжаттары жоқ, яғни құрылыс жұмыстары заңсыз. Сот 3 бірдей көпқабатты тұрғын үйді бұзу жайлы шешім шығарған. Сүрілуі тиісті үйлердің қазіргі тағдыры қандай? Рұқсат құжаттары жоқ тұрғын үйлер құрылысын ең болмаса іргетас кезеңінде тоқтату мүмкін болмады ма? Заңсыз үйлерді қалай анықтауға болады? Үлескер боларда алдымен нені білу керек? Көптің көкейіндегі осы сұрақтарға жауап іздеген едік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Бұзылуы тиіс болған тұрғын үйлердің қазіргі таңдағы тағдыры қалай?

Қарағандыда заңсыз салынған тұрғын үйлерге қатысты дау әлі де басылмай тұр. Қаладағы «Al-Farabi», «Нұра» және «Хан» көпқабатты тұрғын үй кешендеріне қатысты іс сотқа жетіп, оларды бұзу жайлы шешім шыққан.

Ісі сотқа жетіп, құрылысы заңсыз деп танылған «Нұра» тұрғын үйі С.Мұқанов көшесінің бойында орналасқан. Бар-жоғы 6 қабатты, 2 кіреберістен тұратын шағын үй кірпіштен соғылған. Тұрған жері жақсы, аялдамаға, дүкендерге, басқа да әлеуметтік нысандарға жақын. Қазір бұл үйде құрылыс жұмыстары тоқтағандығын қаңырап тұрған есіктерінен байқауға болады. Құрылысты салушы «Satti Lux Stroy» ЖШС-і.

Қарағандыдағы заңсыз салынған тұрғын үйлер дауы. Қалай сақтануға болады?
Қарағандыдағы заңсыз салынған тұрғын үйлер дауы. Қалай сақтануға болады?

4 наурызда «Нұра» тұрғын үйіне қатысты апелляциялық сатыдағы соттың медиативтік келісімді бекіту туралы ұйғарымы шықты. Бұл бойынша үй салушы компанияға Қазақстан көп бейінді қайта құру және дамыту институты сияқты мемлекеттік ұйымның қатысуымен толық техникалық байқау жүргізуге мүмкіндік беріледі. Егер де оң шешім шығарылса, үйді заңды түрде қолданысқа енгізуді қарастырамыз. Оның уақыты 2024 жылдың 1 қазанына дейін деп белгіленіп отыр, - дейді Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының басшысы Сержан Аймақов.

Бұзылуы тиісті тағы бір тұрғын үй кешені «Хан» да осы С.Мұқанов көшесінің бойында орналасқан. «Satti Lux Stroy» ЖШС-нің әлеуметтік желідегі парақшасынан «Нұра» мен «Хан» тұрғын үй кешендерінің бір компанияға тиісті екендігін жарнамаларынан көруге болады. Алайда, құжаттар бойынша «Хан» тұрғын үйі «ТТ INVEST-2022» ЖШС-на тиесілі.

Қарағандыдағы заңсыз салынған тұрғын үйлер дауы. Қалай сақтануға болады?
Қарағандыдағы заңсыз салынған тұрғын үйлер дауы. Қалай сақтануға болады?

«Хан» тұрғын үйінің пәтерлері сатылып кеткен. «Al-Farabi» көпқабатты тұрғын үйіндегі де жағдай осындай. Мердігер компания 268 пәтерлі үйдегі пәтерлердің көбісін сатып үлгерген. Қаланың жаңа орталығы саналатын Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданында орналасқан «Al-Farabi» тұрғын үй кешені 2 жыл салынған. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, үйді салушы «Т-К Building» компаниясына құрылыс жұмыстарын тоқтату жайлы ең алғашқы ескерту 2022 жылдың мамыр айында берілген. Алайда, компания барлық ескертулер мен айыппұлдарды ескерусіз қалдырып, 9 қабатты үйдің орнына 10 қабатты үй салған.

Қарағандыдағы заңсыз салынған тұрғын үйлер дауы. Қалай сақтануға болады?

«Al-Farabi» тұрғын үй кешенін салушы компанияға 2022 жылдың мамыр айында құрылыс жұмыстары басталғаннан кейін бір айдан соң бірінші рет айыппұл салдық. Тағы бір айдан кейін құрылыс жұмыстарын тоқтату жайлы сот шешімі шықты. Сол жылдың қыркүйек айында полицияға сот шешімінің орындалмағандығы жайлы шағым түсірдік. Полиция департаменті тексеріске де шықты. Біз үйдің 2-3 қабаттары салынып жатқан кезеңде құрылыс жұмыстарын тоқтатуға тырыстық, заң бойынша барлық процедураларды орындадық. Қарағандыда мұндай жағдай бірінші рет. Үй салушы компания 10 қабатты үйді салып, содан кейін ғана сотқа жүгінді. Басқарма қолданған шараларға қарамастан, компания бізді көзіне де ілген жоқ, осындай жағдайға жеткізді. «Al-Farabi» тұрғын үйіне қатысты істі сот 6 ай қарастырды, біз қабылдаған шаралардың барлығын қарады. Егер де біздің басқарма жеткіліксіз жұмыс жасаған болса, сот жеке шешім шығаратын еді. Сот барлық әрекеттерімізді заңды деп таныды, - дейді басқарма басшысы С.Аймақов

«Al-Farabi» және «Хан» тұрғын үйлерін салушы компаниялар сотқа апелляциялық шағым түсірген, шағым наурыз айында қаралатын болады. Қала әкімінің орынбасары Қайрат Камзиннің айтуынша, «Хан» тұрғын үйіне қатысты да медиативтік келісім жасалуы мүмкін. Ал, «Al-Farabi» тұрғын үйін салушы компания мемлекеттік сараптаманың барлық сұрақтарына жауап берген.

Қарағандыдағы заңсыз салынған тұрғын үйлер дауы. Қалай сақтануға болады?

Аталған үйді салушы компания болса, өз кезегінде құрылыс барысында рұқсат құжаттарын алатындықтарына үміттенгендіктерін айтады.

Біз неге рұқсат құжаттарынсыз үйдің құрылысын жалғастыра бердік. Себебі, құрылыс барысында құжаттарды реттейміз деп үміттендік. Бастысы осы үйді толық салып бітуді ойладық. Акредиттелген компаниялар 2 рет техникалық сараптама жүргізді, үй барлық талаптарға сай салынған. Біз жауапкершіліктен қашпаймыз, өзіміге жүктерген міндетті атқарып жатырмыз, алаяқ емеспіз, - дейді «T-K Buildinq» құрылыс компаниясының директоры Абылайхан Амирбеков.

 

Тұрғын үйдің заңсыз салынып жатқанын қалай анықтаймыз?

Қарағандыдағы заңсыз салынған тұрғын үйлер дауынан кейін қалада тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Билік органдары тіпті қаланың көрнекі жерлеріне заңсыз салынып жатқан тұрғын үйлердің тізімі берілген QR-кодтары бар билбордтарды іліп қойды.

Баспаналы болу әрбір адам үшін маңызды оқиға. Алайда біраз уақыттан кейін сатып алған пәтеріңіздің қандай да бір рұқсат құжаттарынсыз, заңсыз салынғанын білу өте қиын. Біз әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларымызда, сайттарда тұрғындарға заңсыз салынып жатқан тұрғын үйлер жайлы ақпараттарды беріп жүрміз. Адамдарды ақпараттандыруды әрі қарай жалғастыра отырып, олардың қателікке жол бермеуі үшін қаланың Н.Гоголь және Б.Момышұлы көшелерінің бойында QR-кодтары бар билбордтар іліп қойдық. QR-кодтарды сканерлегенде онда заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің тізімі шығады, - дейді қала әкімі Мейрам Қожухов.

Қарағандыдағы заңсыз салынған тұрғын үйлер дауы. Қалай сақтануға болады?

Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстары барынша жүргізіліп жатқандығын айтады. Басқармада осы мәселеге байланысты жедел желі де жұмыс істейді.

«Al-Farabi», «Нұра», «Хан» тұрғын үйлерінің бұзылуы бойынша сот шешімі шыққаннан кейін үлескерлер мен тұрғындар тарапынан көптеген сын ескертпелер келуде. Адамдар 1 жыл бойы үйлердің рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқанын, үй салушы компаниялардың үлескерлердің қаржысын тартуы заңсыз екендігін білмегендіктерін айтуда. Ақпараттандыру болмады дейді. Алайда, бұл айыптаулар негізсіз. Біз былтыр наурыз айынан бері рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқан тұрғын үйлердің тізімін ресми парақшамызда, әлеуметтік желіде жарияладық. Басқарманың жедел желісі де жұмыс істейді. Тұрғындар бізге кез келген уақытта хабарласып, тұрғын үйлер бойынша мәліметтер ала алады. Біздің сайттағы және әлеуметтік желідегі ақпарат екі аптада бір рет жаңартылып отырады, - дейді С.Аймақов.

 

Қазір «қара тізімде» 11 көпқабатты тұрғын үй бар

Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда қала бойынша рұқсат беру құжаттарының толық пакеті жоқ 11 тұрғын үй бар.

Біз рұқсат құжаттары толық емес, дегенменде құрылыс жұмыстарын бастаған 11 нысанды көрсеттік. Сот шешіміне сәйкес бұзылуы тиіс үш құрылыстан басқа, құрылыс жұмыстарын жалғастыруға құқығы жоқ нысандар бар. Мысалы, «Buildary» ЖШС компания салып жатқан «Қарқаралы» үйі соттың шешімі бойынша құрылыс жұмыстарын тоқтатуы тиіс. Алайда, құрылыс әлі де жалғасуда. Тұрғындарды үлескер болудан сақтандырғым келеді. Егер де аталған құрылысқа қаржыңызды салып қойған болсаңыз, оны қайтаруды талап ету қажет. Себебі бұл үй бұзылуы мүмкін үйлердің қатарында, - дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, «QazaqInvestStroy» ЖШС қарасты С.Мұқанов 49 мекенжайындағы нысанның да құрылысы тоқтатылуы тиіс. Алайда құрылыс салушы компания шұңқыр қазып, іргетасын дайындап жатыр.

Басқарма басшысының айтуынша, Гоголь көшесі 34/5 мекенжайы бойынша «RGB» компаниясы салып жатқан «Central Avenue» тұрғын үйінің де қандай да бір рұқсат құжаттары жоқ. Қазір үйдің екінші қабаты салынып жатыр. Алайда, соттың шешімімен құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтатылуы тиіс. Бұл компания тіпті үйдің құрылысына үлескерлерді тартуда.

«Sunrise» ЖШС компаниясына да ескерту берілген. Олар «Амадина» көпқабатты тұрғын-үйінің құрылысын бастап кетті. Шұңқыр қазып, іргетастың екі блогын салып тастаған. Ескерту берілгеніне қарамастан, олар құрылыс жұмыстарын жалғастыруда. Тіпті пәтерлерді сатуға кіріскен.

Қарбышев көшесі 2/5 мекенжайы бойынша «Холодков» ЖК-да үй салу үшін шұңқыр қазып қойған. Құрылыс салушыға жақында тексеріс келеді. Сондай-ақ, Гапеев көшесі 4е мекенжайындағы «Бақытты Отбасы» тұрғын үйін салушы «ККК Бетон» ЖШС-і бірнеше бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот шешімі бойынша нысанның құрылысы тоқтатылған. Біз бұл нысанның құрылысын іргетас кезеңінде тоқтатқанбыз. Алайда, олар қазіргі уақытта үйдің бес қабатын салып қойды. Үй 9 қабатты. Соңғы екі айда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ, - дейді басқарма басшысы.

Жеке кәсіпкер «Григорян» Ремесленный тұйық көшесі, екінші жер телімінде көп пәтерлі үй салып жатыр. Бұл құрылыс салушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылған, іс қозғалған, сот шешімі бойынша құрылыс жұмыстары тоқтатылған.

Республика даңғылы 23 мекенжайындағы «Inju Citу» тұрғын-үй кешенінің төртінші қабаты салынып жатыр, бұл нысанды да тексеру жоспарланған. Құрылыс салушы компания - «Orda Mineral» ЖШС.

Қарағандыдағы заңсыз салынған тұрғын үйлер дауы. Қалай сақтануға болады?

 

Заңсыз үйлердің құрылысын тоқтату іргетас кезеңінде неге мүмкін емес?

Қала бойынша салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерге апта сайын мониторинг жасалады. Сот шешімімен тоқтатылған нысандар тексеріледі. Рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқан үйлердің құрылысын іргетас кезеңінде тоқтату заңды түрде әзірге мүмкін емес.

Егер де үй салушы компаниялар өз жұмыстарын заңсыз жасаса, біз олай істей алмаймыз. Заң бойынша алдымен ескерту жасалады, айыппұл салынады, содан кейін сотқа береміз. Заңды ереже осындай. Біз үйдің шұңқыры қазылып жатқанда жерге жатып алу сияқты істерді жасай алмаймыз, - дейді облыс басшысы Е.Бөлекпаев.

Қарағандыдағы заңсыз салынған тұрғын үйлер дауы. Қалай сақтануға болады?

Дегенменде, аймақ басшысы қазіргі таңда құрылыс кодексі мәжілісте талқылауда екендігін, оған әкімдік тарапынан ұсыныс берілгендігін айтты.

Мен қала әкімі болған уақыттары да бұл мәселе болған. Ол кезде құжаттарын кейіннен жасалып, заңсыз салынған үйлердің саны 50-60-қа дейін жеткен. Біз сол кезде облыстық прокуратурамен бірлесіп, бұл үйлердің құжаттарын дұрыстап, ретке келтірдік, сараптамадан өткіздік. Қазір міне мұндай үйлердің санын 11-ге дейін азайттық. Құрылыс салушы компанияларға түсіндірдік, көмектестік. Бұл шаралардың барлығы пәтер алушы адамдардың қауіпсіздігі үшін жасалуда, - дейді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Үлескер болудан бұрын нені білген жөн?

Тұрғын үй құрылысына үлескер тарту үшін мердігер компаниялар Біріңғай оператордан кепілдік алуы міндетті және екінші деңгейлі банктердің жобасына қатысу қажет. Сондай-ақ, тағы бір маңызды критерий - үлескерлердің қаржысы үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін ғана тартылады. Мысалы, 9 қабатты үйдің қаңқасы толығымен тұрғызылуы қажет. Яғни жылжымайтын мүліктің 80-85 пайызы салынғаннан кейін ғана құрылыс салушы компаниялар үлескер тарта алады.

Үлескерлік заңнамасының мақсаты біреу – сіздің құрылысқа салған қорыңызды қорғау, ақшаңызды сақтандыру. Егер де сіз үлескер болған құрылыс салушы компания Біріңғай оператормен жұмыс істесе, қандай да бір проблема туындаған жағдайда, мемлекет оператор атынан сіздің ақшаңызды қайтарып береді немесе үйді салып бітіреді, - облыстық мемлекет сәулет-құрылыс басқармасының басшысы.

Қарағандыдағы заңсыз салынған тұрғын үйлер дауы. Қалай сақтануға болады?

Үлескер болуды шешкен болсаңыз құрылыс салушы компаниядан талон хабарламасын, техникалық-авторлық қадағалау келісімшарттарын және үлескердің қаржысын тартуға рұқсат құжаттарын сұрауыңыз қажет. Егер де компания әртүрлі сылтаумен бұл құжаттарды көрсетуден бас тартса, онда сіз облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының жедел желісіне 43-42-43 нөмірлері бойынша хабарласып, салынып жатқан нысан жайлы толық ақпарат ала аласыз.

Өзгелердің жаңалығы