Қарағанды облысында дала өртін сөндіру кезінде 33 жастағы өрт сөндіруші-құтқарушы Хайрат Хали қаза тапқан еді. Хайрат Хали - Саран қаласының 24-өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі болып қызмет еткен. Салада 10 жылға жуық еңбек еткен. BAQ.KZ тілшісі Қарақаралы өңіріне барып, марқұмның туған бауыры Еламан Халимен сұхбаттасты.
Хайрат Хали кім еді?
Халилер отбасы 4 ағайынды. Отбасындағы ең кішісі Еламан Хали. Ол қазіргі таңда Астанада математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.
Ағамның құтқарушы болатыны бала кезімнен белгілі еді. Өйткені ол үнемі үлкен-кіші демей қолынан келсе, қол ұшын созуға дайын тұратын. Қаламызда көптеген егде жастағы кісілер бар, олардың да үй тірліктеріне көмектесіп, батасын алып жүретін. Ағам мектепті бітірген соң бірден әскерге барып келді. Кейін бір жылдан соң Саран қаласына өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасты. Осы уақытқа дейін сол салада 10 жыл жұмыс істеді, - деді Еламан Хали.
Еламан Хали ағасы туралы қаралы хабардың қалай жеткенін айтты.
Ағам бір күн бұрын маған хабарласып, іссапарға барғалы жатқанын айтты. Мені ұстаздар күнімен құттықтады. Ал 6 қазан күні таңда әкем мен анама хабарласып, бәрі жақсы екенін айтыпты. Отбасымызға суыт хабарды Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Мен ол кезде Астанада болған ем. Білуімше, ағам өрттің ішінде қалып қойып, қаза тапқан, - деді інісі.
Хайрат Хали сүйген қызын таныстырмақ болған.
Ағам айтып жүргенде шет жағасын білетінмін. Ол маған желтоқсанда отбасымызбен жиналып, қызын таныстыратын ойы болды. Өкінішке қарай үлгермеді. Отбасымыздың барлығы хабардар болмаса да, мен білетінмін, - дейді бауыры.
Інісінің сөзінше, ағасы спортқа өте бейім болған.
Ағам 10 жасынан бастап грек-рим күресімен айналысқан. Ол спортты өмірінің соңына дейін тастаған жоқ. Тіпті соңғы күндерінде достарына "бүгін іссапардамын, 10 күннен соң келемін" деп жазған екен. Республикалық және облыстық деңгейде көптеген жарыстың жеңімпазы атанды. Шамамен 6-7 жыл бұрын спорт шебері кандидаты атанды. Қарағанды облысы ТЖМ құрамында футболда да ойнаған. Қақпаға мықты тұратын. Сарандықтардың айтуынша, ағам үстел теннисін ойнауда да шебер болған. Ағам тек спортқа емес, үй шаруасын да мықты істейтін. Шымыр әрі әр нәрсеге тез бейімделетін. Көп мақтанып, өмірінде не болып жатқанын анық-қанығын айта бермейтін. Ол кісі қызметті өзінің борышы ретінде қарады. Ешқашан ештеңеге міндетсімейтін, жұмысын қатты жақсы көрді. Жұмысқа күліп барып, күліп қайтатын, - деді ол.
Еламан Хали ағасына қатысты кез келген қоғамдық бастамаларды қолдауға әзір екенін айтады.
Естуімше, ескерткіш қояйық деген ұсыныс бар. Елімізде біраз адам қолдап жатыр деп естідік . Біз оған қарсы емеспіз. Алайда өз тарапымыздан ондай ұсыныс болған жоқ. Халықтың өзі қолдап, ескеріп жатса, батыр ретінде ардақталса, қарсылығымыз жоқ, - деді ол.
Егіндібұлақ ауылының №27 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командиры, Азаматтық қорғау сержанты Уәлихан Рахаділов бейбіт күннің батырын еске алды.
Марқұм Хайрат Халидің отбасына қайғыра көңіл айтамын. Ол жігітпен көптеген шарада кездесіп қалатынбыз. Көбіне өрт жағдайында кезігіп, жұмыс істедік. Ақкөңіл жігіт еді. Ұнжұрғасы түспей жүретін мықты азамат болатын. Өрт болған күні оның бөлімшесі өрттің басқа жағында, біз басқа жақта болып едік, - деді Уәлихан Рахаділов.
Еске сала кетсек, бұған дейін өрт болған Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты елді мекендердің қазіргі жағдайы туралы жазған едік.