Қарағандыда тұрғындардың жекелеген санаттарына үйлерін газдандыруға біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мұндай қызметті алуға кімнің құқығы бар және қанша абонент орталық газды пайдаланатыны туралы ӨКҚ брифингінде айтылды.
Газға қосылу үшін әлеуметтік көмекті ала алатындар санаттары:
- жасы бойынша зейнеткерлер;
- мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- көп балалы аналар мен көп балалы отбасылар (АӘК алушылар);
- басқа мемлекеттер аумағында жауынгерлік әрекеттерге қатысқан ардагерлер;
- жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, газдандыруға жататын жеке үйлерде тұратын балалардың қамқоршылары.
Әлеуметтік көмектің мөлшері газ жабдығын жеткізуге және орнатуға байланысты нақты шығындарға сүйене отырып анықталады, бірақ 100 АЕК-тен аспайды (қазір бұл 345 000 теңге).
Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылы 8 млн теңгеден астам сомаға 28 отбасы осындай көмек алды. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 35 отбасы газға қосылуға 12 млн теңгеден астам қаражат алды.
Әлеуметтік көмек алу үшін Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне Поспелов көшесі, 16 мекенжайы бойынша жүгіну керек немесе электрондық үкімет порталы арқылы өтінім беру қажет.
Сондай-ақ, газға қосылу үшін пайызсыз несие алуға болады.
Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы жеке тұрғын үйлерді газға қосу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның операторы болып табылады. Бағдарлама бойынша биыл 300 үйді қосу жоспарлануда: 200 – Қарағандыда және 100 үй – Теміртауда. Несиелеу 5 жылға дейін, пайызсыз жүргізіледі. Іс-қимыл алгоритмі қарапайым: тұрғын үйге арналған барлық құқық белгілейтін құжаттармен мына мекенжай бойынша Жаңғырту орталығына хабарласу қажет: Пассажирская көшесі, 15а, 322 кеңсе. Телефон: 996-559. Өтініш бергеннен кейін "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-дан техникалық шарттар алып, мердігерді таңдап, үшжақты шарт жасасасыз, – дейді "Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы" ЖШС директоры Данияр Дүйсембаев.
Техникалық шарттарды алу үшін төрт құжат қажет:
1. Жеке куәлік.
2. Кадастрлық анықтама (2-ші форма).
3. Техникалық төлқұжат.
4. Жер актісі.
Облыс орталығын газдандырудың жалпы жобасы төрт кезектен және 16 іске қосу кешенінен тұрады. Алғашқы іске қосу кешені бойынша 65 км газ құбыры төселіп, 66 көшенің 1695 үйіне газ жеткізілді. Екінші іске қосу кешені бойынша 76 км газ құбыры төселді, газ 56 көшенің 2471 үйіне жеткізілді.
Осы екі іске қосу кешені бойынша барлығы 1397 абонент қосылуға техникалық шарттар алды, 995-і газбен қамтамасыз етілді. Одан әрі газбен жабдықтауға келетін болсақ, біз өткен жылдан бастап үшінші іске қосу кешені бойынша жобаны іске асырып келеміз. Осы жылдың қараша айына дейін біз оны аяқтаймыз. 38 көше орталықтандырылған газбен қамтылатын болады. 68 км газ құбырын саламыз, 2852 үйді газбен қамтамасыз ету жоспарлануда, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Қамзин.