Қарағандылық полицейлер толғағы келген әйелді перзентханаға апара жатқан жолда босандырып алған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
23 ақпанда Медет Төлегенов пен Берік Кеңесовтен құралған Қарағанды қаласы ПБ патрульдік полиция полкінің наряды Майқұдық ауданында қызмет атқарып жүреді. Түн ортасында Жедел басқару орталығынан көпқабатты үйлердің бірінде отбасылық кикілжің болып жатқаны туралы хабарлама келеді. Аталған мекенжайға келіп жеткен полицейлер жас әйелді көреді. Ол күйеуі екеуінің арасында ұрыс-керіс болғанын, дегенмен қазір татуласқанын, бір-біріне шағымы жоқ екенін айтады.
Біз Берік екеуміз үйдің кіреберісінде тұрғанда қасымызға ер адам келді. Ол жүкті әйелін арнайы көлікпен акушериялық-гинекологиялық орталыққа дереу жеткізіп беруімізді өтінді. Әйелдің суы кетіп, босанып қалудың алдында тұрған. Күйеуі жедел жәрдем шақырған, бірақ оның қашан келетіні белгісіз болды. Сөйтіп жүкті әйелді алдыңғы орынға отырғызып, артқы орынға күйеуін отырғызып, перзентханаға жол тарттық. Алайда бірнеше метр жол жүріп өткен соң, әйел толғағы басталып кеткенін айтып, тоқтауымызды сұрады, - деді Медет Төлегенов.
Босанып жатқан әйелді көрген полицейлер бірден медициналық көмек көрсете бастаған. Біршама уақыттан кейін қызметтік көлікте қыз бала аман есен дүниеге келді. Патрульдік қызметкерлер жаңа туған нәресте мен анасын медицина орталығына жеткізіп, дәрігерлерге табыстады.