Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда 2020 жылы қатерлі ісіктері бар науқастарды диагностикалауға емдеуге арналған Облыстық эндоскопия орталығы ашылады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Өңірдегі онкологиялық қызметті дамытуға бағытталған жобалар жайлы облыс әкімдігінде өткен жиналыс барасында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев баяндады."Эндоскопия орталығы әлемдік деңгейдегі өндірушілердің ең заманауи медициналық жабдықтарымен қамтылатын болады", - деп атап өтті ол.
Жоба бюджеттік қаражат есебінен Облыстық онкологиялық диспансер базасында жүзеге асырылып жатыр. Басқарма басшысының айтуынша, аталмыш жобаның іске қосылуы қатерлі ісіктерді ерте кезеңде анықтап, науқастардың емделуін жеңілдетуге үлкен септігін тигізеді. "Эндоскопиялық құрылғылармен емдеу – әлемдік тәжірибе болып табылады. Бұл әдіс аз жарақатты және аса тиімді", - деп атап өтті Ержан Нұрлыбаев.
Ол сонымен қатар онкологтар тағы қандай заманауи құрал-жабдықтарға қол жеткізетіні туралы айтты. Басқарма басшысы алдағы уақытта желілік үдеткішті сатып алу және орнату жоспарланып отырғанын және бұл аппарат бір мезгілде компьютерлік томографтың көмегімен диагностика жүргізуге және сәулелі терапия арқылы ем жүргізуге мүмкіндік беретіні туралы түсіндіріп өтті.
Онкологиядағы ең жаңа әдістердің бірін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігін пайдалану арқылы енгізу жоспарланып отыр. Бұл - позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ-КТ). Аталмыш әдіс радиоактивті заттың көмегімен денені немесе оның бөліктерін сканерлеу болып табылады.
"Бұл әдіс ауруды ерте кезеңде және паталогия енді ғана пайда болғалы тұрған кезінде кішкентай ісік ошақтарын анықтауға мүмкіндік береді. МЖӘ жобасы қолға алынып, жеке инвестормен келісім жасалды", - деді Ержан Нұрлыбаев.