Қарағанды тұрғындары соңғы уақыттары жарықтың жиі өшуі мен электр энергиясы қуатының төмендеп кеткендігіне жиі шағымдануда. Қаладағы электр тапшылығының себебін анықтауға тырысқан едік, деп жазады BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Қарағандылықтар сағаттап жарықсыз отыруға мәжбүр
Соңғы уақыттары қалада жарықтың сөнуі жиілеген. Күн сайын қаланың әр жерінде технологиялық ақау болып, жарық қандай да бір ескертусіз сөніп қалады. Тұрғындардың төзімі таусылған. Қарағандылықтар таңертең, күндіз, кешке, тіпті демалыс күндері де сағаттап жарықсыз отыруға мәжбүр.
Жарықтың сөнуі өте жиі болатыны соншалықты, тиісті органдарға шағым түсіріп те үлгермейміз. Кез келген күні еш ешкертусіз жарық бірнеше сағатқа өшіп қалады. Кей күндері таңнан кешке дейін электр қуатынсыз отыратын күндеріміз де болады. Өткенде бір танысымның тойында жарық өшіп қалды. Мейрамханада орналасқан ықшам ауданда 5 сағат жарық болмады. Өздеріңіз білесіздер, той иелері тойға кем дегенде жарты жыл бұрын дайындалады, қаншама қаржы, уақыт жұмсалады. Ал қуанышыңыздың үстінде жарық сөніп, тойыңыздың шырқы бұзылса қайтесіз? Қазір Қарағанды халқы ашулы. Электр энергиясымен қамтамасыз ететін компания тұтынушылар алдында өз міндетін тиісті деңгейде атқармай отыр, - дейді Қарағанды тұрғыны Сәруар Мырзахмет.
Қарағандының жаңа орталығы саналатын Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданында электр энергиясының жетіспеушілігі бар екендігі жасырын емес. Тұрғындар бұған себеп үйлеріне іргелес салынған жаңа көпқабатты тұрғын үйлердің көптігінен дейді.
Біздің көшеде соңғы 2-3 жылдың өзінде бірнеше көпқабатты тұрғын үй кешені салынды. Жарық жиі сөніп, ескі үйлердің тұрғындары электр энергиясының жетіспеушілігін сезіне бастадық. Жарықтың жоғары кернеуде келуінен пәтеріміздегі тұрмыстық техникалар жанып кетеді. Автоматқа тұрақтандырғыш орнаттық. Әсіресе күз бен көктем жарықтың сөнуі жиілейді. Себебі осы мезгілде тұрғындар жылытқыш құралдарды көп пайдаланады. Кешкілік уақыттары тоқ көзінің қуаты аз екендігі байқалады. Электр пеші мен басқа да тұрмыстық техниканы қатар қоса алмаймыз. Жаңадан салынған тұрғын үйлер ескі желілерге қосылады, ал тозығы жетіп, ескірген желілер тұрғындардың тоқ көзін шамадан тыс қолдануын көтере алмайтындығы белгілі. «Қарағанды-Жарық» компаниясы инвестиция салып жатқандығын айтады. Алайда біз оң өзгерістер көрмей отырмыз. Аптасына болмаса да айына 5-6 рет жарық өшеді. Тиісті органдарға, әкімдікке шағым түсірдік, нәтиже жоқ, - дейді Наталья Жарова.
Ал қаланы электр энергиясымен қамтамасыз ететін «Қарағанды Жарық» компаниясы тоқ көзінің қуаты бұрынғыдай екендігін, желілердегі жүктеменің жоғары еместігін айтады.
Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданында желілердің жүктемесі жоғары емес. Жаңадан салынған үйлер кернеу деңгейіне әсер етпейді, себебі олар жеке линияға жалғанған. Егер де кернеу деңгейі төмен болған жағдайда тұтынушылар «Қарағанды Жарық» ЖШС-на өтініш жаза алады. Біздің мамандар тексеріп, қажетті шараларды жасайтын болады, - дейді компанияның баспасөз қызметі.
Энергетика басқармасы не дейді?
Облыстық энергетика басқармасы қалада энергия тапшылығы мәселесінің өзекті екендігін жоққа шығармайды.
2013 жылдан бері энерго қорын тұтыну жылына 2-3 пайызға артып келеді. Kegok жүйелі кооперативінің мәліметінше, электр энергиясын өндіру көлемі 14 млрд кВт/сағ болса, тұтыну көлемі 19 млрд кВт/cағ. Яғни электрэнергиясының тапшылығы 5 кВт/сағ құрайды. Біз оны сыртқы көздерден аламыз. Жыл өткен сайын сұраныстың артуы жарықтың жетіспеушілігіне әкеліп отыр. Себебі біз әртүрлі әлеуметтік нысандар тұрғызамыз, тұрғын-үй құрылысы саласы да қарқынды дамып келеді, - дейді Қарағанды облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының энергетика бөлімінің бас маманы Гүлбарам Аделғожина.
Жалпы Қарағанды облысында ғана емес, еліміздің энергия көздері мен жылу жүйелері, электр желілері мен су құбырлары тозығы жетіп, ескірген. Энергетика басқармасының мәліметінше, облыста тозған желілерді қалыпқа келтіру мен энергия көздерін қайта жабдықтау, жаңғырту бойынша бірнеше ірі жоба іске асырылып жатыр.
Коммуналдық кәсіпорындардың сапалы жұмыс істеуі үшін Қарағандының ЖЭО-3, Теміртаудың ЖЭО-2, Топардағы МАЭС пен Балқаш қаласындағы ЖЭО-да 2028 жылға дейін қосымша 3 қазандық пен 4 турбинаны қолданысқа беру жоспарланған. Бұл облысымызға 410 МВт электрэнергиясы мен 430 Гкал жылу энергиясын бермек. Аталған шаралардың барлығы тұтушылардың энерго қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Себебі тұтынушыларға қызмет көрсететін коммуналдық кәсіпорындардың жұмысы энергия көздерінің дұрыс жұмыс жасауынан тікелей тәуелді, - дейді Гүлбарам Аделғожина.
Электр тапшылығы проблемасын шешу үшін инженерлік желілерге жөндеу жүргізіліп, электр таратқыш және жылумен қамтамасыз ететін мекемелерді инвестициялық бағдарламалармен қамту жоспарланған. Аймақта 2025 жылға дейін 130 шақырым инженерлік желілер жөнделіп, жаңартылатын болады.
Қарағандыда электр желілерінің 73 пайызы тозған
Қарағанды халқын 32 қосалқы станция мен жалпы ұзындығы 1472 кабельді желілер жарықпен қамтамасыз етеді. Алайда, электр желілердің 73%-ы тозған.
Қала әкімінің сөзінше, Қарағандыға электр энергиясын жеткізу және таратумен айналысатын «Қарағанды Жарық» компаниясы инвестициялық жобаларды уақытылы орындап отыр. Дегенменде, жарық мәселесі күн тәртібінен түспей келеді.
Біз күз-қыс мерзіміне дайындықпен келуіміз үшін, компания жаз айларында барынша жұмыс істеуде. Жоспарланған инвестициялық бағдарламаның барлық бөлімі бойынша жұмыстар атқарылуда, - дейді қала әкімі Мейрам Қожухов.
Ал қарағандылықтар болса өткен жылғы күздегі блэкаутты әлі ұмытпады. Еске салсақ, өткен жылы 28 қыркүйекте ЖЭО-3-те технологиялық ақау болып, облыс орталығы мен қалаға іргелес бірнеше елдімекен жарықсыз қалған болатын. Жарықтың өшуі салдарынан көлік қозғалысы қиындап, мобильді байланыс, ғаламтор желісі жұмыс жасамай, тұрғындар біраз әбдігерге түскен болатын.
Былтыр күзде бүкіл қалада жарық сөніп, бір күн қаланың тіршілігі тұралап қалғанын әлі ұмытпадық. Соңғы уақыттары электр энергиясының жиі сөнуі бізді алаңдатады. Қатты жел соқса да, жаңбыр жауса да жарық сөніп қалады. Жарықтың жоқтығы жұмысымызға қолайсыздық тудырады. Тұтынушыларға барлығын түсіндіре алмайсыз. Ескі желілерді жөндеп, осы проблемадан арылатын күн туады деп үміттенеміз, - дейді шағын кәсіпкер Ералы Мерей.
Компанияның техикалық директорының мәліметінше, «Қарағанды Жарық» күз-қыс мезгіліне дайындықты қарқынды жүргізуде.
Жаз мезгілі энергетиктер үшін әрқашан компаниядағы жөндеулермен тығыз байланысты «ыстық» уақыт. Электр жабдықтарын күрделі жөндеу бекітілген кесте бойынша жүргізілуде. Жаз айларын барынша пайдалануға тырысамыз. Әрине қарапайым тұтынушылар біздің жұмысымызды байқамайды, осы себепті бізді әрекетсіз деп ойлайды. Дегенменде, ауқымды жұмыстар жасалып жатқандығын айтқым келеді. Бұл жұмыстар тек қаланы ғана емес, барлық облысты қамтиды. Жұмыстар электрмен жабдықтаудың сапалы әрі сенімді болуына бағытталған. Біздің жұмысымыздың көрсеткіші – қыс мерзімі. Жаз айларында жасаған жұмыстардың барлығы қыс айларында тұтынушы жарықсыз, жылусыз қалмауы үшін жасалады, - дейді «Қарағанды Жарық» ЖШС-ның техникалық директоры Константин Конради.
Титан, сужылытқыш пен кондиционер. Жарықтың жиі сөнуіне себеп не?
Қарағанды тұрғындарына электр энергиясын тарататын «Қарағанды Жарық» компаниясы жаз айларында жарықтың жиі сөнуіне титан, сужылытқыш пен кондиционерді қосу кезінде электр желілеріне түсетінін жүктеменің жоғарылауы себеп болатындығын айтады.
Тұтынушылар жаз айларында ыстық судың болмауына байланысты электр титандары мен сужылытқыштарын пайдаланады. Үй-жайларды салқындату үшін сплит-жүйелерін, ауа баптағыштарды қосады. Бұның барлығы желіге қосымша жүктеме түсіреді және ауаның жоғары температурасы жағдайында кабельдік желілердің зақымдалуына әкеледі. Жоғары ауа температурасы электр желілерінің жұмысы үшін ең қолайсыз кезең болып табылады. Электр құрылғыларын қосқан кезде желідегі кернеу төмендейді, ал автоматты қосылулар мен ажыратулар электр энергиясының үнемі өзгеріп отыратын параметрлеріне әкеледі. Бұдан бөлек, кейбір тұтынушылар өз үйлерінде электр кернеуін реттеу құрылғыларын орнатады. Бұл құрылғылар электр тоғының сипаттамаларына әсер етіп, осы көздерден қоректенетін басқа тұтынушыларды электрмен жабдықтау сапасына да теріс әсерін береді, - деп түсініктеме берді «Қарағанды Жарық» ЖШС-ның баспасөз қызметі.
Компания жоспарлы және жоспардан тыс жұмыстарды, яғни электр жабдықтарын жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуді үздіксіз жүргізетіндігін, тұтынушылардың барлық өтінімдеріне жедел ден қоятындығын айтады.
«Қарағанды Жарық» компаниясы жөндеу науқанын жүргізуге байланысты Қарағанды қаласының шағын станцияларынан электрмен жабдықтау схемасының бәсеңдеуі орын алатындығын хабарлаймыз. Компания күрделі және ағымдағы жөндеулерді бекітілген кестеге сай жүргізуде. Бұл іс-шаралар алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындалуға бағытталған. Осыған байланысты жұмыс уақытында электр энергиясының ажыратулары орын алуы мүмкін, - дейді компания.
Қарағандыға сапалы жарық қашан беріледі?
Сонымен, «Қарағанды Жарық» компаниясы тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар істеп жатыр?
Қаладағы кабельді желілер өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары жүргізілген. Содан бері жөндеу көрмеген желілерді 2023 жылдан бастап жаңартуға кірістік. Биыл «Степной» шағын ауданына қарай жаңа кабельді желілер жүргіздік. Қазір қосалқы станциядан бастап «Арай» базарына дейінгі 8,3 шақырым кабельді жаңартып жатырмыз. Кабель жүргізгенде тігілген полиэтилен қолданамыз, бұл кабельдің жарамдылық мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. - дейді «Қарағанды Жарық» ЖШС-нің бас директоры Дидар Ахмадин.
Бас директордың айтуынша, Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданындағы Панель-Орталыққа дейінгі желілер де жаңартылатын болады. жаз соңына дейін жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Бұл желілерге түскен жүктемені азайтуға мүмкіндік бермек.
«Оңтүстік-Шығыс» қосалқы станциясы 2012 жылы қайта жаңғыртудан өтті. Трансформаторлар толық жаңартылды. «Жаңа қала» қосалқы станциясындада да жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін станцияда жөндеу жұмыстары 10 жыл бұрын жүргізілген. Қазір жаңа әрі қуатты трансформатор орнатылуда. Трансформаторға қыста тапсырыс бердік. Трансформатор Өзбекстан елінің зауытында жарты жыл бойы жасалды. Трансформаторды монтаждау жұмыстары аяқталуда, жақын уақыттар іске қосатын боламыз. Сондай-ақ, 30 ықшам ауданда «Болашақ» қосалқы станциясын салу жоспарда бар. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардан жобаға келісім алу шаралары жасалуда, содан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары кірісетін боламыз. Жобаны іске асыруға 3 жыл уақыт керек, - дейді бас директор Дидар Ахмадин.
Қарағандыда жылдан жылға халық санының артуы, жаңа тұрғын үйлердің бой көтеруі, өнеркәсіп орындарының ашылуы мен кәсіпорындардың дамуы шаһарда электр энергиясы тапшылығына әкелгендігі белгілі. Ал жылдар бойы жаңартылмаған, жөндеу көрмеген электр желілері бұл өзгерістерге шыдас бермеуде. Қаланы жарықпен қамтушы компания тозығы жетіп ескірген желілерді жаңарту мен қосалқы станцияны іске қосу қарағандылықтарды әбден мезі еткен жарық мәселесінің шешілуіне мүмкіндік беретіндігін айтады. Тоқсаныншы жылдардағыдай жарықсыз отыруға мәжбүр қарағандылықтар болса төзімдері таусылуға шақ.