Қарағандыда 57 түрлі экологиялық зиянсыз, биологиялық ыдырайтын тұрмыстық химия өнімдерінің өндірісі жолға қойылған. Отандық жеңіл өнеркәсіп өндірісінің жұмысын көзбен көріп қайтқан едік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
7 жылға жуық табысты жұмыс істеп тұрған компанияның өнімдері бүгінде тек аймақтың нарығында ғана емес, еліміздің ірі қалалары мен шетелде де ұсынылып жүр. Компания басшылығының айтуынша, экологиялық зиянсыз шикізат Ресей, Оңтүстік Корея және Еуропа елдерінен әкелінеді.
Біз қарағандылық өндіруші компания үйге арналған тұрмыстық химия заттарын шығарумен 2016 жылдан бастап айналысамыз. Шикізатты Ресейден, Кореядан, Еуропа елдерінен алдырамыз. Біздің өнімдер биологиялық ыдырайтын шикізаттан жасалынады, агрессивті химия қосылмайды. Яғни аллергия тудырмайды, адамның терісіне кері әсерін бермейді. Өндірісті алдымен автохимия өнімдерін өндіруден бастадық. Сол жылдары орташа есеппен айына 3 тонна өнім өндірдік. Қазір күніне 7 тонна, ал айына 150 тонна дайын өнім шығарамыз, - дейді «Wec trade» компаниясының өндіріс басшысы Александр Будницкий.
Қарағандының жаңадан құрылған шағын өндірістік зонасында орналасқан компания бүгінде 57 түрлі тұрмыстық химия шығарылады. Оның ішінде кір жууға, ыдыс жууға арналған гельдер, сұйық сабындар, шыны мен айна тазалағыштар, кондиционерлер, ас үй мен ванна бөлмесінің тазалығына арналған сұйықтықтар бар. Қарағандылық тұрмыстық химия өнімдерін қаланың ірі супермаркеттерінен сатып алуға, сондай-ақ, үйге тікелей тапсырыс беру арқылы алуға болады.
Қазір өндіріс орнында 11 адам жұмыс істейді. Тауар қала бойынша көптеген ірі супермаркетке жөнелтіледі. Тұрақты тұтынушыларымыз сайт арқылы тікелей үйге жеткізу қызметін қолданады. Сондай-ақ «Wildberries» платформасы арқылы ресейлік тұтынушылар да тапсырыс беруде. Қазақстан бойынша Астана, Алматы, Өскемен, Жезқазған қалаларында қоймаларды жалға алып отырмыз, - деді Будницкий.
Бір айта кетерлігі компания өткен жылдың күз айында өндіріс қуатын арттырып, жеңіл өнеркәсіп кәсіпкерлерін қолдау үшін арнайы құрылған шағын өндіріс аймағына көшіп келген. Аталған өндіріс аймағында отандық өнім өндірушілері қоймаларды жеңілдікпен жалға алуға мүмкіндігі бар, яғни осы өндірістік аймақтардағы қоймалар отандық кәсіпкерлерге нарықтағы жалға беру құнынан төмен бағамен ұсынылады. Бұл өндіріс аймағының жалпы аумағы 13 мың шаршы метрді құрайды. Қазір 10 жеңіл өнеркісіп кәсіпорындары қоймаларды жеңілдетілген бағамен жалға алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Өнеркәсіп аумағының көлеміне орай өндіріс аймағында 15-ке тарта кәсіпорын тартылады деп күтілуде.
Биылғы жылы облысымызда жалпы соммасы 250 млрд теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылып жатыр. Жыл соңына дейін 3,5 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Біздің мақсатымыз - инвесторлар мен кәсіпкерлерге оңтайлы жағдай жасай отырып, олардың жаңа жұмыс орындарын құруына көмектесу. Бүгінгі күні біз жеңіл өнеркәсіп кәсіпкерлеріне офтейк келісімшарттарын жасауға тиісті көмек көрсетудеміз. Бұл жұмыстар алдағы уақыттары да жалғасын табады. Облыста кәсіпкерлерді қолдау мақсатында шағын өндірістік аймақтар құрылуда. Жалпы Қарағанды қаласында 2 және Теміртауда 1 аймақ құрылатын болады. Оның басты мақсаты - жаңадан жұмыс орнын ашып, өзінің жұмысын ұйымдастыра алатын кәсіпкерлерге тез арада жағдай жасау. Мемлекет тарапынан берілетін көмек біріншіден, арзандатылған несие мен инфрақұрылым болса, екіншіден, кәсіпкерлерге дайын орын ұсынылады. Жеңіл өнеркәсіппен айналысатын кәсіпкерлер осында келіп, жұмыс орындарын ұйымдастыруға мүмкіндіктері бар, - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов.
Отандық кәсіпкерлерді қолдау бағытында тағы бір жоба жасалып жатыр. Ол бойынша облыстың ірі кәсіпорындары шағын бизнеске қолдау көрсетіп, отандық өнімді тұтынуына жағдай жасалмақ.
Біз шағын және орта кәсіп иелеріне жеңілдетілген бағамен қойма ұсынып қана қоймай, жаңадан бизнес бастаған кәсіпкерлерді қолдауды да іске асырмақпыз. Ол үшін аймағымыздағы «Qarmet», «Қазақмыс», «Шұбаркөл Көмір», «Новоцинк» сияқты ірі кәсіпорындармен келіссөздер жүргізудеміз. Болашақта олар біздің қарағандылық өнімдері пайдаланып, шағын және орта кәсіп иелеріне көмек көрсетеді деп ойлаймыз. Бүгін мысал ретінде бір өнеркәсіп орнын көрсеттік, алдағы уақыттары басқа да жеңіл өнеркәсіп орындарына қолдау көрсетуді назарға алатын боламыз, - дейді Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр.
Басқарма басшысының Дарын Бұлқайырдың сөзінше, Қарағанды облысында шағын өндіріс аймақтарының жұмысы жолға қойылған. Қарағандылық шағын және орта бизнес иелері өндіріс аймақтарында жеңілдетілген бағамен қоймаларды жалға алып, өз істерін дөңгелетіп, көптеген адамдарға жұмыс беріп отыр.