Қарағандыда автогаз құю станциясы заң бұзғаны үшін айыппұл арқалады

Кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қысқартылған тәртіппен 670 375 теңге көлемінде айыппұл салынды.

 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов Бүгiн 2026, 10:58
Бүгiн 2026, 10:58
141
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қарағанды қаласында сұйытылған газды сату кезінде заң талаптарын бұзған автогаз құю станциясы анықталып, жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тексеруді Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті тұрғынның шағымы негізінде жүргізген. Жоспардан тыс бақылау барысында қаладағы Пригородная көшесінде орналасқан автогаз құю станциясында бірқатар заңбұзушылықтар анықталған.

Атап айтқанда, кәсіпорын сұйытылған газды өткізу кезінде УЗГС-01 типті газ толтыру қондырғысын міндетті тексеруден өткізбей пайдаланған. Мамандардың айтуынша, мұндай құрылғылардың уақытылы тексерілмеуі өлшеу нәтижелерінің дәлдігіне күмән келтіріп, тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына әкелуі мүмкін.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік метрологиялық бақылауға жататын, бірақ тексеруден өтпеген өлшеу құралдарын пайдалану – заң бұзушылық болып саналады. Мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 419-бабы бойынша қарастырылған.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қысқартылған тәртіппен 670 375 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар кәсіпорынға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Енді нысан газ тарату колонкаларын тиісті тексеруден өткізіп, қызметін заң талаптарына сай келтіруі тиіс.

Мамандардың айтуынша, техникалық реттеу және метрология талаптарының сақталуын бақылау – тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың маңызды тетіктерінің бірі. Бұл өз кезегінде тауарлар мен қызметтерді ұсыну кезінде өлшеулердің дәлдігі мен әділдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Наверх