Қарағандыда 5-ші қабат терезесінде отырған бала құтқарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қарағанды қаласында ТЖМ қызметкерлері жазатайым оқиғаның алдын алды.
Мұқанов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабатында көршілердің бірі ашық терезенің алдына отырған баланы байқап, дереу 112 нөміріне хабарлаған.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар баланың өміріне қауіп төнгенін көріп, бірден әрекетке көшті. ТЖМ қызметкерлері екі топқа бөлінді: бір топ терезе жаққа автосатыны орнатса, екінші топ подъезд арқылы пәтерге кірді. Осы сәтте үрейленген анасы келіп, пәтердің есігін кілтпен ашты. Құтқарушы пәтерге кіріп, 2018 жылы туған қыз баланы терезе алдының жақтауынан алып, оны анасына аман-есен тапсырды. Бала зардап шеккен жоқ, - деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.