Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қарағандыда -30 градус аязда оқушы су толы ашық құдыққа құлады

Бөлісу:
 видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Қарағандыда қатты аязда оқушы су толы ашық құдыққа құлаған. Бұл туралы баланың әпкесі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, оқиға болған жерде бейнебақылау камералары орнатылмаған. Оқушыға дереу көмек көрсетілмесе оқиғаның қайғылы аяқталуы мүмкін екенін атап өтті.

Бауыржан Момышұлы көшесіндегі №103 мектеп жанында менің 3-сыныпта оқитын бауырым −30°C аязда ашық, қоршалмаған су толы құдыққа құлап, гипотермия алған. Бала аман қалды, бірақ бұл жағдай сол күйі қалмауы керек. Оқиға туралы полицияға, әкімдікке және eOtinish арқылы хабарлама берілді. Мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін кінәлілер табылып, жауапқа тартылуы тиіс, – деп жазды ол.

Автор інісін құтқаруға көмектескен жоғары сынып оқушысына, сынып жетекшісіне және сыныптастарына алғысын білдірді. 

Сондай-ақ, ол оқиғадан кейін құдық уақытша тақтаймен жабылғанын, бірақ оның да сенімділігіне күмән бар екенін жазған.

 Қазіргі уақытта құдық бетон тақтаймен жабылған, барлық қауіптер жойылды. Қақпақтың ұрланғаны жөнінде полиция органдарына арыз берілген. Сондай-ақ, ашық нысандарды анықтау және жабу мақсатында инженерлік жүйелерді жоспардан тыс тексеру ұйымдастырылды, – деп хабарлады қалалық ТКШ баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметі мәлім еткендей, соңғы алты айда Қарағандыда канализация люктерінің қақпақтарын ұрлау бойынша 50-ден астам факті тіркелген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша бала жарақат алмаған және үйіне жіберілген.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысында жоғалған 8 жасар бала құдықтан табылды. Құдыққа құлаған бала 6 сағат бойы сонда отырған.   

Сондай-ақ, астаналық мұғалім шұңқырға түсіп кеткен оқушыны құтқарып қалған еді. 

Өзгелердің жаңалығы