Қарағанды облысында жыл басынан бері 167 өрт тіркелген

6 Ақпан 2019, 10:18
3169
Бөлісу:
Қарағанды облысында жыл басынан бері 167 өрт тіркелген

Фото: интернеттен 

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында жыл басынан бері 167 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жаудан 4 адам көз жұмды. Оның ішіне 1 бала бар. Бұдан бөлек 8 жастағы тағы бір бүлдіршін иіс тиіп қайтыс болған.

Қарағаныдының Дубовка елді мекенінде 1 қаңтар күні пештің ақаулығы салдарынан улы газ бөлініп, 2011 жылы туылған қыз бала қаза тапқан. Оның 1946 жылы туылған әжесіне де иіс тиіп ауруханаға жеткізілген екен. Жалпы жыл басынан бері облыста 167 өрт оқиғасы орын алған. Құтқарушылар тұрғындардан қауіпсіздік шараларын барынша сақтауды сұрайды.

«Тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырамыз. Электр желілерін де үнемі тексерістен өткізіп, істен шыққан қазандықтарды, электр жылытқыштар мен газ құралдарын пайдаланбау керек», - дейді Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Қатты отынмен жылитын үйлерде орнатылған пештерде улы газ бөліну қауіптілігі жоғары. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметі пеш жаққан кезде абай болу керектігін ескертеді.

«Жыл сайын қабырғалардағы түтін каналдарын, сонымен қатар шатырдағы түтін мұржаларын тазарту керек. Жылыту маусымының басталуына дейін және қыс бойы жылыту жүйесін үнемі тексеріп отыру қажеттілігін ескертеміз. Қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Пешті есік ашық кезде жақпау, пешті бензинмен, керосинмен және басқа да тезтұтанғыш сұйықтықпен қыздырмау, пешті қараусыз қалдырмау және балаларға жанып тұрған пешті қарауды тапсырмау, олардың отпен ойнауын болдырмау сияқты ережелерді сақтау керек», - дейді Жанна Дәуренбекова.

Еске салайық, 4 ақпан күні түнде Қарағандыда көпқабатты үйдегі пәтерден өрт шығып, құтқарушылар 13 адамды аман алып қалғанын жазған болатынбыз. Қауіпсіз жерге көшірілген адамдардың жетеуі бала.  

Жібек Мұқашева

Өзгелердің жаңалығы