Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Көлік министрлігінің алқа отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға Президент Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының өкілдері, ведомствоға қарасты ұйымдардың басшылары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Р. Скляр алқа отырысы еліміздегі саяси трансформация және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын әзірлеу аясында өтіп жатқанын атап өтті.
Жаңа Конституция жобасы қоғамның белсенділігі мен саяси мәдениетін арттыру шараларын көздейтін, мемлекетіміздің дамуының сапалық жаңа деңгейін белгілейтін тұжырымдамалық жаңа құжат болып саналады, - деді ол.
Жиында қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы бойынша алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды айқындады.
Теміржол саласында ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Достық – Мойынты учаскесі мен Алматы стансасының айналма теміржол желісі іске қосылды, 1,5 мың шақырымнан астам жол жаңартылды, шамамен 320 млн тонна жүк тасымалданды.
Автомобиль жолдары саласында 13 мың шақырымға жуық жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қызылорда – Жезқазған (Қызылорда облысы аумағындағы), Қалбатау – Майқапшағай және Ұзынағаш – Отар жобалары аяқталды.
Азаматтық авиация саласында ұшу қауіпсіздігі бойынша ИКАО стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7%-ға жетті. Еліміздегі әуежайлар 30 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсетті, халықаралық маршруттар желісі кеңейтілуде.
2026 жылға арналған жоспарлар шеңберінде теміржол саласында «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» желілерінің құрылысы, «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін жаңғырту жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ «Бақты – Аягөз» жобасын жалғастыру көзделген. Бұдан бөлек, вокзалдарды жаңғырту жұмыстарын аяқтау және жолаушылар мен жүк вагондары паркін одан әрі жаңарту жоспарлануда.
Автожол саласында жалпы ұзындығы 11 мың шақырымды қамтитын жол құрылысы мен реконструкциялау жұмыстары жалғасады. Атап айтқанда, «Қызылорда – Жезқазған» автожолында (Ұлытау облысы аумағында) жұмыстар жүргізіледі. «Орталық – Батыс» жобасын жүзеге асырудың белсенді кезеңі басталады. Сонымен қатар «Қарағанды – Жезқазған», «Ақтөбе – Қызылорда» және «Бейнеу – Сексеуіл» жобаларын бастау жоспарланған.
Мультимодальды тасымалды дамыту мақсатында Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын жаңғырту, оның ішінде айлақтарды реконструкциялау және түбін тереңдету жұмыстарын аяқтау көзделуде.
Әуе хабтарын және авиациялық инфрақұрылымды дамыту аясында Астана мен Шымкентте екінші ұшу-қону жолақтарын салу, Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалын және Ақтау әуежайының перронын реконструкциялау, Атырау қаласында жаңа терминал салу, Павлодар әуеайлағын жаңғырту, Арқалық әуежайын қалпына келтіру, сондай-ақ Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлар құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
2026 жылдың соңына дейін отандық әуе компаниялары 9 жаңа әуе кемесін сатып алып, әуе паркінің санын шамамен 118 бірлікке дейін ұлғайтуды жоспарлауда. Бұл жолаушылар тасымалы сыйымдылығын арттыруға, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға және рейстер жиілігін көбейтуге мүмкіндік береді.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша Роман Скляр көлік-логистика саласын одан әрі дамыту бойынша қосымша міндеттерді айқындап, нақты тапсырмалар берді.