Жылу маусымының басталуына санаулы күндер қалды. Қарағанды өңіріне қыс ерте түсіп, көктем кеш шығады. Қысы қатты аймақтың жылу маусымына шолу жасаған едік, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігінің өңірдегі тілшісі.
Орталықтандырылған жылу жүйесінің қуаты жеткіліксіз
Қарағандының орталықтандырылған жылу жүйесі 448 шақырымды құрайды. Қала бойынша 2515 көпқабатты тұрғын үй орталық жылу жүйесімен жылытылады. Қарағандылықтарға жылу 30 қыркүйекте беріле бастады. Үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылуға қосу жұмыстары жалғасып жатыр.
Тұрғындар түсінеді деп ойлаймын. Біз жылуды үйлерге дейін жеткіземіз, одан кейін тұрғын-үйді басқару ұйымдары «Теплотранзитқа» өтініш түсіреді. Осыдан кейін ысырмаларды ашамыз, пәтерлерге жылу барады. Бірден айтайын, үйдегі радиаторлар бірден ысып кетпейді. Жүйеден суық суды шығарып тастауға уақыт керек. Қазіргі уақытта қала бойынша 66 мектепте, 38 балабақшада, 25 денсаулық сақтау нысанында, 36 әлеуметтік мәдени нысанда жылу бар, - дейді қала әкімі Мейрам Қожухов.
Қарағандылықтар соңғы жылдары пәтерлері суып кеткендіктерін айтып, шағымдануда. Бұған кейінгі жылдары қалада көпқабатты тұрғын үйлердің көп салынып жатқандығы себеп дейді.
Қала өсіп келеді. Жыл сайын ондаған үйлер салынуда. Биыл қалада 60 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр екен. Бұл дегеніңіз жылу жүйесіне қосымша күш түседі деген сөз. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін жылу электр стансаларының қуаты жетпей жатыр. Тұрғындар жылудың нашар берілуіне байланысты электр жылытқыштарды қосуға мәжбүр. Бұл өрт қауіптілігіне әкелетіндігі жасырын емес, - дейді қала тұрғыны Ыдырыс Әлімжанов.
Қарағандыда жылу энергиясын тұтынушылардың көбеюіне байланысты ЖЭС-3 тен қаланың Оңтүстік батысына қарай жаңа жылу құбыры салынып жатыр. Сондай-ақ, биыл қаладағы бірнеше жылу қазандығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
ЖЭС-1 бойынша екінші және бесінші қазандықтарда күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, тағы да бес қазандыққа және үш трубинаға ағымдық жөндеу жұмыстары жасалды. ЖЭС-3 бойынша 3-ші қазандыққа жөндеу жүргізілген, - дейді қалалық мемлекеттік және салалық бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің жетекшісі Асыл Төлеубаев.
Қаланы жылумен қамтитын «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС өңірдегі экономикалық қызмет түрі бойынша орташа айлық жалақының өзгеруіне байланысты жылу энергиясын беру және бөлу жөніндегі қызметтерге жаңа тариф бекітілгенін хабарлады.
2023 жылға арналған тариф бекітілгенін тұрғындардың назарына саламыз. 1 қыркүйектен бастап ҚҚС есебінсіз 1 Гкал үшін 2948,94 теңге мөлшерінде болмақ, - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Бұған дейін қарағандылықтар 1 Гкал үшін 2350,57 теңгеден төлеп келген. Шенеуіктер Қарағандының басты проблемасы – жылу қуатынының жетпеуі мәселесін жаңа жылу электр стансасын салумен шешетіндіктер айтқан болатын. Алайда ЖЭС-4-тің құрылысы жоспары сол жоспар күйінде қалып келеді.
Көмірлі өлкеде көмір тапшылығы бар ма?
Жекеменшік тұрғын үйлерде тұратын қарағандылықтар қыс қамына ертерек кіріседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын қыс қарсаңында қалада көмір болмай, тұрғындар қатты отын іздеп кеткен еді. Осы жаңдайдан кейін тұрғындар қыс қамына ертерек кірісуді жөн көреді.
Тамыз, қыркүйек айларында көмір түсіріп аламыз. Дәл күн суыған уақытта көмір болмай да қалуы мүмкін. Күтіп қаласыз. Менің үйім 130 шаршы метр. Қыс бойы шамамен 15-16 тонна көмір жағамыз. «Шұбаркөл» көмірін аламын. Шамамен 250 мың теңге қаржы жұмсаймын, - қала тұрғыны Федор Барадинов.
Қарағандыда «Кузнецк» көмірі тоннасына 13 500, «Шұбаркөл» 14-16 мың теңгеден және «Рапид» жоғары сапалы көмірі 22 мың теңгеден саталып жатыр. Халыққа көмір жеткізумен айналысатын сатушылар қалада көмір тапшылығы жоқтығын айтады.
Көмір күн сайын келіп жатыр. Жеткізуде ешқандай кідіріс жоқ. Тұрғындар тарапынан «Шұбаркөл» көміріне сұраныс жоғары. «Рапид» көміріне де сұраныс бар. Жалпы көмір тапшылығы жоқ, - дейді сатушы.
Көгілдір отынды күткен қарағандылықтар
Еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін көгілдір отынмен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» газ магистралінің құрылысы 2019 жыл бұрын басталған. Қазіргі уақытта Қарағандының Михайловка шағын ауданына газ келді. Биыл «Жаңа қала» ықшам ауданын көгілдір отынмен қамту жоспарлануда. Дегенменде, жекеменшік тұрғын үйлер көп орналасқан Күнгей және Таугүл ықшам аудандарын газбен қамту жұмыстары кешіктірілуде.
Күнгейге табиғи газ 2023 жылдары келеді деп жоспарланған болатын. Алайда, биыл бізге газ келмеді. Біз көптеген жылдар бойы үйлерімізді көмірмен жылытуға мәжбүрміз. Бұл өрт қауіпсіздігі жағынан қауіпті. Сондай-ақ, ауаны ластау жағынан да көмірмен жылытылатын аудандар алда тұр деп ойлаймын, - дейді Күнгей ықшам ауданының тұрғыны Берік Әбілқайыров.
Күнгейлік бірнеше жыл бойы автономды қазандықтан жылу алып келген. Биыл бұл қазандыққа экология департаменті тексеру жүргізіп, заңбұзушылықтардың анықталуына байланысты оның жұмысына толықтай шектеу қойған. Үйлерін автономды қазандық тарататын жылумен жылытып келген тұрғындар биыл басқа жылу жүйелеріне өтуге мәжбүр болып отыр.
Біздің ықшам аудандағы қазандық көктемде толық жабылды. Жазда газ бойлерін орнатып алдық. Пропан табиғи газға қарағанда қымбатқа түседі. Газ бойлерін орнатуға кеткен қаржыдан бөлек біз ай сайын шамамен 60-70 мың теңгеге пропан құямыз. Бұл әрине қаржылық жағынан қалтамызды қағады. Алайда Күнгейге әлі де табиғи газ келмеуі себепті пропан қолдануға мәжбүрміз, - дейді күнгейліктер.
Қарағанды қаласы бойынша табиғи газ тарату желілерінің құрылысына «Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі тапсырыс беруші болып табылады. Әкімдіктің мәліметінше, Күнгей мен Таугүл шағын аудандарына газ тарту жұмыстары тек 2024-2025 жылдары басталмақ.
Қарағанды қаласын газдандыру жобасы 4 кезектен және 16 іске қосу кешенінен тұрады. I құрылыс кезегі жеті іске қосу кешенін қамтиды. Құрылыстың II кезегі төрт іске қосу кешенін, III кезегі екі іске қосу кешенін қамтиды. Ал құрылыстың IV кезегі үш іске қосу кешенін қамтиды деп жоспарлануда. Жобаны іске асыру толық қаржыландыру шартымен кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта 1-ші және 2-ші іске қосу кешендерінің I-ші кезегінің құрылысы аяқталды, сондай-ақ ағымдағы жылы 3-ші іске қосу кешенінің I-ші кезегі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Қарағанды қаласын газдандырудың ситуациялық схемасына сәйкес Күнгей ықшамауданы мен Таугүл ықшамауданы алтыншы іске қосу кешенінің I-ші кезегіне жатады. Жұмысты бастаудың жоспарланған мерзімі – 2024-2025 жылдар, - дейді Қарағанды әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсел Сәдуақасова.
Бүгінгі күні Қарағанды қаласында 170 шақырым газ құбыры тартылған. Қазіргі уақытта қаланың Михайловка ықшам ауданында екі газ кешені іске қосылған. Аталған газ кешендері төрт мыңнан астам тұрғын үйді газбен қамти алады. Биыл үшінші газ кешенін іске қосу жоспарланып отыр.