Өткен түні Саран қаласында ауа температурасы -1 градусқа дейін төмендеді. Алайда сарандықтардың үйлеріне жылу келмеді. Қаладағы орталықтандырылған жаңа қазандық қысқа дайын болмай шықты. Тұрғын үйлерді ескі жылу желілеріне қосу жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Саран қаласында 13 жылдан кейін пайдаланылуға берілген орталықтандырылған жылу жүйесі тұрғын үйлерді жылыта алмады. Қала әкімінің шешімімен тұрғындарды бұрынғы жылу жүйелеріне қайта қосу жүргізілуде. Қазіргі уақытта қала бойынша 83 тұрғын үй жылуға қосылған. Қалған 85 үйге бүгін жылу берілмек.
Орталық қазандық он жылдан астам уақыт бойы салынды. Онда қазіргі уақытта жабдықтау бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Жылумен қамтудағы іркілістерден кейін біз қаламыздың ескі жылу жүйесіне қосылу жайлы шешім қабылдадық. Біздің жергілікті жылу көздеріміз сақталған, олар бұзылған жоқ. Дегенмен де ескі жылу жүйесіне қосылу уақытты талап етеді. Тұрғын үйлерге барынша тезірек жылу беруге тырысамыз. Біз өткен түні 83 үйді осы жылу желілеріне қостық. Бүгін қалған 85 тұрғын үйге жылу берілетін болады. Ал орталық жылу қазандығы жұмысын жалғастыратын болады. Ол қалыпты параметрге жеткеннен кейін алдағы уақыттары қаланы қосымша жылумен қамтитын болады, - деп мәлімдеді Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов.
Әкімнің айтуынша, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған тұрғындардың электр энергиясы бойынша шоты қайта есептелетін болады.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Қарағанды облысы қысқа толық дайын екендігін айтқан болатын. Биыл облыстың жылу маусымына дайындығына 118,8 млрд теңге қаржы жұмсалған.