Қарағанды облысының қысқа дайындығы қандай?

31 Тамыз 2024, 17:47
475
Бөлісу:
Қарағанды облысының қысқа дайындығы қандай?
Фото: автордан

Қарағанды облысы қысқа дайын ба? Өңірде жылыту маусымына дайындық қалай жүріп жатыр? Қарағандының жаңа орталығы саналатын Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданындағы жылу тапшылығы мәселесі шешілеме? Осы сұрақтарға жауап іздеген едік, деп жазады BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.

Аймақ жылу беру маусымына 90,8 пайызға дайын

«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, Қарағанды өңірінің қысы қатты келеді. Арқадағы сақырлаған сары аяз, апталап соғатын боранға ұласып жатады. Сондықтан да, Қарағанды облысында қазанның алғашқы күндерінде басталатын жылыту маусымы сәуірдің соңына дейін созылады. Соңғы жылдары аймақты жылумен қамтитын жылу көздері мен инженерлік желілердің тозуы салдарынан Теміртау қаласында, Шахтинск кентінде, Молодежный, Приозерск елдімекендерінде жылу беруде проблема туындаған болатын. Облыс орталығының тұрғындары да көпқабатты тұрғын үйлердің көптеп салынуы салдарынан жылу тапшылығы байқалатындығын айтып, шағымдана бастады. Шенеуіктер Қарағанды облысында ауқымды жөндеу науқаны жүргізіліп жатқандығын айтады.

Өңірлерде жылыту маусымына дайындық штаттық режимде жүруде. Биылғы қыс аймақ тұрғындары үшін алдағы жылдармен салыстырғанда жайлы өтеді деп ойлаймын. Ағымдағы жылы жөндеу науқанына бөлінген қаржы көлемі айтарлық ұлғайып, барлық қаржыландыру көздерінен 118,8 миллиард теңге жұмсалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 млрд теңгеге артық. Бүгінгі таңда облыс бойынша 547 жергілікті жылу көзі, оның ішінде 38 қазандық пен 509 автономды қазандық, 2100 шақырымнан астам инженерлік желілер, 1061 әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысан, 5203 көпқабатты тұрғын үй жылу маусымына дайын. Жылу көздеріндегі 20 қазандық пен 11 турбинада жөндеу аяқталып, 10 қазандық пен 11 турбинада жұмыстар жалғасуда. Көмір мәселесіне қатысты айтар болсам, биыл өткен жылмен салыстырғанда жағдай жақсырақ. Бүгінгі таңда облыс бойынша көмірмен қамту 60 пайыздан асып отыр. Барлық станциялар көмірге тапсырыс берген, қатты отынды қоймаларға жеткізу жұмыстары басталып кетті, - дейді Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев.

Энергетика басқармасының басшысы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тапсырмасы бойынша қалалар мен өңірлердегі жылыту маусымына дайындықты қадағалау мақсатында жергілікті штабтар құрылғандығын айтады.

Балқаш қаласында магистралді және жылу жүйелерін ауыстыру бойынша ауқымды жұмыстар 15-20 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Теміртаудың жылу жүйелеріндегі апатты жағдайлар өткен жылу маусымында 30%-ға төмендеген. Мұнда да жөндеу жұмыстары жалғасуда. Теміртаудағы ЖЭО-2 жылу маусымына 5 қазандықпен кіреді, оның біреу резервтік. Бұл тұрғындарға жылуды нормативтік деңгейде беруге жеткілікті. Теміртауда қалаішілік желілер мен жылу жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табуда. Шамамен 30 шақырым құбыр жаңартылған, қалған 10 шақырымдағы жұмыстар қыркүйек айында аяқталады. Биыл басты назар Саран қаласындағы жаңа қазандықта болмақ. Өздеріңіз білетіндей, 20 жылдам астам уақыт бойы Саранда орталықтандырылған жылу жүйесі болған жоқ. Қазандықтың құрылысы аяқталды, енді оны сынамадан өткізуді бастаймыз, - дейді басқарма басшысы Тілектес Досаев.

Саран қаласындағы жаңа жылу көзі қала халқының 80%-ын жылумен қамтитын болады.

Қалдағы орталық жылу көзінің құрылысы ұзаққа созылып кетті. 10 жылдан астам уақыт бойы жердің астында жатқан магистралді желілердің барлығы техникалық тексерістен өтті. Ақауы бар жерлер анықталып, құбырлар бірден жаңасына ауыстырылды. Қазандық төмен температуралы қайнау технологиясымен салынған. Бұл энергияны тиімді пайдалануға, көмірдің кез-келген түрін пайдалануға және отынды үнемдеуге мүмкіндік беріп, тарифке оң әсер етеді. Еліміз бойынша мұндай қазандық облысымыздың Шахан мен Саран қалаларында ғана бар, - дейді Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов.

Қарағанды облысының қысқа дайындығы қандай?

Қазандықтың аумағында қалдықтарға арналған полигон да салынған. Мұндағы заманауи газ құбырларында зиянды заттар тұнатын болады. Биыл Сарандағы орталықтандырылған жылу жүйесіне 255 тұрғын үй мен әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысан қосылады.

Дегенменде, шенеуіктердің алаңдатушылығын туғызып отырған жағдайлар да жоқ емес.

Біздің департамент Қарағанды облысындағы 7 жылу көзіне бақылау жүргізеді. Барлық станцияларда жөндеу науқаны аяқталуға жақын. Дегенменде, Топардағы МАЭС-1, Теміртаудағы ЖЭО-2, Шахтинсктегі ЖЭО-те жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жүргізілуде. Топардағы МАЭС-1-ге қатысты айтар болсақ, мұнда жөндеу жұмыстарының кеш басталуына құрылыс материалдарының кешеуілдеп келуі себеп болды. Сонымен қатар, мердігер компанияда жұмыс күшінің жетіспеушілігі байқалды. Қазіргі таңда №10 қазандықтағы күрделі жөндеу жұмыстары 30 күнге кешігіп жүргізілуде. Яғни алдағы жылыту маусымын МАЭС-1 жөндеу жұмыстары аяқталмаған күйде бастайтын болады. №10 қазандықтағы жөндеу қараша айының соңында аяқталмақ. Теміртаудың ЖЭО-2-де ағымдағы жылы 3 қазандық жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Мұнда да кестеден қалу байқалуда. Яғни ЖЭО-2 жылыту маусымын 5 қазандық, 3 трубинамен бастайды. Өздеріңіз білетіндей, аталған станцияда соңғы бес жылда қосымша жетінші қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта құрылыстың кестеден кешігіп жатқандығын, сондай-ақ жұмыс күшінің жетіспеушілігін байқап отырмыз. Жетінші қазандықта 250 адамның орнына 178 адам жұмыс істеп жатыр. Білікті мамандардың жетіспеушілігі мәселесі де бар. 15 қыркүйекте қазандықтағы қорыту жұмыстары аяқталып, оны толтыру, гидравликалық сынақ жұмыстары басталады деп жоспарлануда. Бұдан кейін қазандықты қосу-жолға салу жұмыстары басталып, бұл шаралар 2-3 айға созылады. Яғни алдағы жылыту маусымында ЖЭО-2-де жетінші қазандық іске қосылмайды, - дейді ҚР Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Ернар Хасенов.

Шахтинск ЖЭО-сының жұмысына өткен жылы біраз сын айтылған болатын. Станцияны жөндеу науқанына былтыр 1 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл сомма 3,2 млрд теңгеге өскен. Билік өкілдерінің сөзінше, аталған ЖЭО-да соңғы 30 жылда мұндай жөндеу науқаны жүргізілмеген.

Биыл ескертпелердің барлығы ескерілді. Мұндағы 3 қазандық пен 2 трубина да жөнделіп жатыр. Сонымен қатар, қаланы сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін станциядағы барлық бойлерлік құрал-жабдықтар жаңартылды. Қазіргі уақытта Шахтинск ЖЭО-сында 15 тәулікке жететін 9 мың тонна көмір бар. Жылу беру маусымы басталғанға дейін көмірдің көлемін 30-40 мың тоннаға жеткізу көзделуде, - дейді департамент басшысы Ернар Хасенов.

Облыс орталығы жылу беру маусымына дайын ба?

Қарағанды қаласындағы жөндеу науқанына 51,8 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырған 23%-ға артық. Қаржының тек 10 млрд теңгесі мемлекет бюджетінен қарастырылса, қалған қаржыны монополистер инвестициялық бағдарламалар аясында бөліп отыр.

Қарағанды облысының қысқа дайындығы қандай?

Жалпы Қарағандыда жылыту маусымына дайындық кесте бойынша жүріп жатыр және жұмыстар жіті бақылауда. Ауқымды шаралар «Қарағанды Энерго орталық» ЖШС-да жасалуда. Жөндеу жұмыстары сәуір айында басталған. ЖЭО-1-дің бес қазандығы мен үш трубинасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалса, №3 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізілуде. ЖЭО-3-тің бес қазандығы мен төрт турбинасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалса, №2, 5 қазандықтарда күрделі, №5 трубинада ағымдық жөндеу жалғасуда. Сондай-ақ, облыс орталығындағы №10 жылу магистралін жаңғырту шаралары аяқталуға жақын. 73%-ға тозған ескі желілерде апаттар жиі болып тұруына байланысты жылыту маусымының дұрыс өтуіне кедергі келтіру қаупі туындаған болатын. Бүгінде мұндағы диаметрі 700 мм құбырлардың орнына 920 мм мырышталған құбырлар төселуде. Магистраль Оңтүстік-Шығыстың көп бөлігін қамтиды. Қыркүйек айында гидравликалық сынақтан өтуі тиіс. Мердігерлер жасаған жұмыстарына кем дегенде 5 жылға кепілдік береді. Осы уақыт ішінде олар барлық ақауларды өз есебінен жоюы керек, - дейді Қарағанды қаласының әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.

М10 жылу магистралінің жаңғыртылуы тиіс 5 шақырымының қазіргі таңда 4,86 шақырымы, яғни 96%-ы жөнделген.Жобаның жалпы құны 4,7 млрд тенгені құрайды. Құбырлар қашықтықтан жедел бақылау жүйесімен жабдықталған. Жылу магистралі «Степной»-1, 2, 3, 4, «Гульдер»-1, 2, «Кең-Дала», «Панель-Орталық» шағын аудандарының тұрғындарын сапалы жылумен қамтитын болады.

«Соединительная» жылу магистралінде де жаңғырту жүріп жатыр. 2023-2025 жылдарға жоспарланған жоба бойынша 2023 жылы 1,4 шақырым желі жөнделсе, биыл 2 шақырымды жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта жоспарланған 2 шақырымның 1,4 шақырымы, яғни 70%-ы жөнделген. Дәнекерлеу жұмыстары жалғасуда, - дейді қала әкімінің орынбасары Р.Қожақапанов.

Қала әкімдігінің мәліметінше, ЖЭО-1-ден бастау алатын I кезектегі жылу магистралінің жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жалпы құны 13,4 млрд теңгені құрайтын, құрылысы биыл басталған жобаның іске асырылуы 2026 жылға дейін жоспарланған. 2024 жылы қалпына келтірілуі тиісті 1,2 шақырым жылу желісінің бүгінгі таңда 780 метрі жөнделген.

Сондай-ақ, жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл шаралар үшін қала әкімдігінің бюджетінен 1,5 млрд теңге қарастырылып, 9,26 шақырым құбырды ауыстыру жоспарланған. Жоспарланған 17 учаскенің 15-інде жұмыстар басталған. Дәнекерлеу жұмыстары 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.

Қазіргі уақытта 29-шы шағын ауданда «Арай» базарынан Қарбышев көшесіне дейінгі кварталішілік желілерде қайта жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Маусым айында басталған жобаны жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Мұндағы ескі құбырлар 15 жыл қызмет етті, апаттық жағдайлар жиі орын алатын. Магистралдің құрылысы аяқталғанда 33 көп қабатты үйдің тұрғындарына, әлеуметтік мәдени тұрмыстық 4 нысанға, яғни «Сарыарқа» кинотеатрына, №66 орта мектепке, «Жұлдыз» балабақшасына, Е.А Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқу ғимараты мен жатақханаларына сапалы жылу жететін болады. Жылу трассасының жалпы ұзындығы 1,36 шақырым, бүгінде жұмыстардың 75%-ы орындалды. Жалпы құны 2,17 млрд теңгені құрайтын жоба жылу трассасын ұлғайту арқылы жылу шығынын азайтуға бағытталған, - дейді «Теплотранзит Қараганды» ЖШС-нің даму бойынша директоры Асқар Арыстанов.

Биылғы жоспар бойынша қалада 31 шақырым жылу желілері ретке келтірілуі тиіс. Желілерді гидравликалық сынау кезінде анықталған ақаулар жойылғаннан кейін қайта тексерулер жүргізіледі. 15-20 қыркүйек аралығында қала желілерін сумен толтыру жұмыстары басталатын болады.

Қарағандының Оңтүстік-Шығысындағы жылу тапшылығы мәселесі шешіле ме?

Қарағандыда жылу маусымы басталғанға дейін жаңа инфрақұрылымдық жобалар пайдаланылуға берілмек. Олардың ішінде ең маңыздысы – үшінші жылу магистралінің іске қосылуы болмақ. Құрылысы 2021 жылы басталған, жалпы ұзындығы 22 шақырымды құрайтын жылу магистралін салуға 44,8 млрд теңге қаржы жұмсалды. Қала әкімдігінің мәліметінше, ЖЭО-3-тен шығатын жаңа жылу магистралі қаланың жаңа орталығы саналатын Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданын сапалы жылумен қамтып, жылу тапшылығы мәселесін толығымен шешпек. Аталған ықшам ауданда бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлер осы желіге қосылатын болады.

Қарағанды облысының қысқа дайындығы қандай?

Биыл үшінші жылу магистралін іске қосу жоспарлануда. Жалпы ұзындығы 22 шақырымдық құбыр Оңтүстік-Шығыстағы жаңа ғимараттарды, көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етіп, қолданыстағы желілердің жүктемесін төмендетуі тиіс. Қарағандыда соңғы 30 жыл ішінде мұндай жоба болған емес. Жылу магистралінің төрт сорғысы бар, қазіргі таңда барлық қажетті жабдықтар орнатылған. Жұмыстар аяқталуға жақын, 3 шақырым желіні орнату ғана қалды. Қазіргі уақытта қосымша жылу көзінің болмауына байланысты ықшам ауданда көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысын жасанды түрде тежеп отырмыз, - дейді қала әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.

Сондай-ақ, қаладағы маңыздық инфрақұрылымдық жобалардың қатарына Пришахтинск іргесіндегі Шахтер елдімекеніндегі тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жобасын атауға болады. Биыл елдімекендегі 33 тұрғын үй алғаш рет орталық жылу жүйесіне қосылмақ.

Қарағанды облысының қысқа дайындығы қандай?
Өзгелердің жаңалығы