Қарағанды облысындағы электр желілерінің 68,6%-ы тозған

10 Қыркүйек 2024, 18:05
358
Бөлісу:
Қарағанды облысындағы электр желілерінің 68,6%-ы тозған
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ -архив

Облыстың аумағынан шамамен 24 мың шақырым электр желілері өтеді. Оның 68,6 пайызының тозығы жетіп, ескірген. Бұл жайында аймақ басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік желіде аймақтағы ЖЭО-лар мен электр желілерін қыс маусымына дайындау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандығын айтты.

Облыстың энергокомпанияларының басшыларының атқарып жатқан жұмыстары бойынша есептерін тыңдадым. Облыс аумағынан шамамен 24 мың шақырым электр желілері өтеді. Олардың орташа тозу көрсеткіші 68,6%-ды құрайды. Апаттылықты азайту үшін энергия беруші ұйымдар электр беру желілері мен қосалқы станцияларды жаңғыртып, жаңаларын салуда. Биыл 6 мың шақырым желіні, 78 қосалқы станция мен орталық тарату пункттерін, 762 трансформатор бекетін жаңарту жоспарлануда. Қазірдің өзінде 5,5 мың шақырым желіде, 70 қосалқы станцияда және 553 ТП-да қажетті жұмыстар атқарылды, - дейді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Әкімнің сөзінше, қыс басталғанша Қарағанды аймағында 2,3 мың шақырым желі жөнделіп, 668 қосалқы станиция жаңартылмақ. Бүгінде бұл жұмыстар 92%-ға орындалған.

Энергокомпанияларға желілер мен қосалқы станцияларды жаңғыртуды жалғастыруды, сондай-ақ ықтимал мәселелерге жедел ден қоюды тапсырдым. Біз үшін жылыту маусымында тұрғындардың жылу және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етілуі аса маңызды, - деп жазды облыс әкімі.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды өңірінің қыс маусымына қалай дайындалып жатқандығы жайлы жазған болатынбыз

Өзгелердің жаңалығы