Қарағанды облысында жол көлік оқиғалары жиілеген

Бүгiн, 20:48
134
Бөлісу:
Қарағанды облысында жол көлік оқиғалары жиілеген
Фото: pixabay.com

Жыл басынан бері Қарағанды облысында жол көлік оқиғалары 61,7 пайызға артқан. Жол апаттары салдарынан қаза болған адамдардың саны 39,3%-ға, жарақат алғандар 86,5%-ға өскен, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері облыста жол көлік оқиғалары жиілеген. Бұған себеп көлік жүргізушілерінің жылдамдық режимін асырып, жолдың қарсы бетіне шығып, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің де жол ережелерін сақтамауы болып отыр.

Талдау көрсеткендей жол көлік оқиғалары жылдамдық режимін асыру себебінен жиі болады. Жыл басынан бері жылдамдық режимін асыру салдарынан болған 148 жол көлік оқиғасынан 53 адам қаза тауып, 237 адам жараланған. Жаяу жүргіншілердің жол жүру ережелерін бұзуы салдарынан 9 адам қаза тауып, 85 әртүрлі деңгейдегі жарақат алды. Жүргізушілердің жолдың қарсы бетіне шығып кетуінен 17 адам көз жұмып, 26 адам жараланды, - дейді Қарағанды облысының полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Қарағанды облысында республикалық маңызы бар жолдардың ішінде «Алматы-Екатеринбург» бағытындағы тас жол ең қауіпті жолдардың қатарында. Жыл басынан бері облыстағы республикалық маңызы бар жолдарда 65 жол көлік оқиғасы орын алса, оның 49-ы аталған жолда тіркелген. Ел арасында өлім трассасы аталған жолдың бойында жыл басынан бері 43 адам қаза тауып, 101 адам әртүрлі деңгейдегі жарақат алған.

«Алматы-Екатеринбург» жол учаскесіндегі көлік ағыны тәулігіне 33-37 мыңға дейін жетеді. Көлік қозғалысын реттеу мен апатты жағдайларды азайту мақсатында мамыр айынан бері аталған жолдағы патрулдік полиция жасағының саны 10-ден 24-ке дейін ұлғайтылды, - Жасқайрат Қайыров.

Өзгелердің жаңалығы