Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында түтін құбырларының техникалық жағдайына тексеру жүргізіледі. Тексерістер өңірдің басты жылу шығару көздерінде өткізілетін болады.
Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің бапсасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімдігінде жылыту маусымы қалай аяқталатыны және келесі дайындық жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны жайлы айтылды.
Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нақыпбековтың айтуынша, өткен күзгі-қысқы кезеңде елеулі технологиялық бұзушылықтар болмаған. Жылудың жеткіліксіз болған жайттары жабдықтың қанағаттанарлықсыз жағдайымен байланысты.
Келесі жылыту маусымын тұрақты өткізу үшін жылу көздерінің иелері жаңғырту мен жөндеуге 22 млрд теңге бөледі.
Сегіз станцияда 17 қазандық пен 9 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. 32 қазандық пен 22 турбинаның ағымдағы жөндеуі кеңейтілді. Осы жылдан бастап Жезқазған ЖЭО-да бір қазандық және Топар ЖЭО-да бір турбина ауыстырылады. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2-де екі қазандық пен бір турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған, – деді Нұржан Нақыпбеков.
Атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы жылу көздерінің басшылары есеп берді. Кестеге сәйкес, барлық ЖЭО-да жөндеу жұмыстары осы айда басталады.
Біз қандай қиын жағдайда жұмыс істесек те, тұрғындар жылу беру кезеңінде сапалы қызмет алуы тиіс. Биылғы жылды біз аяқтаймыз. 15–20 күн қалды. Келесі жылдың жылыту маусымына барынша дайындалуымыз керек. Жақсы ойластырылған жөндеу науқаны қажет, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Өңір басшысы энергия бақылау департаментіне жылу көздеріндегі жөндеу жұмыстарының сапасын қадағалауды, ал ЖЭО басшыларына – барлығын мерзімінде бастауды және жабдықтардың уақытылы жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.