Қарағанды облысында көктемгі су тасқынына дайындық жалғасуда. Биыл инженерлік жұмыстар жоспары бойынша 180-ге жуық іс-шара орындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
15 қаңтардан бастап ТЖД қызметкерлері өңірлердің дайындығын бағалау үшін су тасқыны қаупі бар елді мекендерді аралауды бастайды.
Су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша атқарылған жұмыстар туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа жауапты ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ қалалар мен аудандардың басшылары баяндады. Олар проблемалық мәселелерді белгіледі.
Қазіргі уақытта облыста материалдық-техникалық және қаржылық қаражат резерві қалыптасып жатыр. 3073 тонна ЖЖМ, 15 тонна азық-түлік, 48 мың тонна инертті материал, 99 мың дана қаптар дайындалды, - деді ТЖД басшысы Марғұлан Аманбаев.
Облыста 65 км қорғаныс бөгеттері мен қорғандары тұрғызылып, нығайтылды, өзен арналарының 18 шақырымнан астам су тасқыны қауіпті учаскелеріне санация жүргізілді, 26 км дренаждық және су бұру жүйелері тазартылды. Автомобиль жолдарының 75 учаскесінде су өткізу қабілеті артты.
ТЖД облыс өзендерінде жарылыс жұмыстарына шарттар жасасу бойынша конкурстық рәсімдерді өткізеді. 1 наурыздан бастап азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің барлық күштері мен құралдары жоғары дайындыққа келтірілетін болады.
Гидротехникалық құрылыстардың астында және өзен арналарының бойында орналасқан 150 елді мекен ерекше бақылауда. Мұнда еріген қар су тасуы мүмкін деген қауіп бар.
Ермағанбет Бөлекпаев атқарылған жұмыстарға қарамастан, босаңсуға болмайтынын атап өтті.
Ең бастысы – жұмысты дұрыс ұйымдастыру. Біз өткен жылғы қателіктерді ескеріп, су тасқынына тыңғылықты дайындалуымыз керек. Адамдар мен ресурстар қажет. Жергілікті тұрғындар дұрыс бағдарлануы керек. Жарылыс жұмыстарына конкурсты уақтылы өткізу, су өткізу құбырларын ашу және басқа да маңызды жұмыстарды орындау қажет. Қазір елді мекендерден қар шығаруға қаражат бөлуді ұмытпаңыз. Жауапкершілікті нақты бөлу үшін әр ауылда және әр қалада штаб болуы керек. Барлығы үйлесімді және жедел жұмыс істеуі тиіс, - деп атап өтті өңір басшысы.