Қарағанды облысында сиыр ауруы анықталды

15 Маусым 2022, 14:15
1643
Бөлісу:
Қарағанды облысында сиыр ауруы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысы Шет ауданы Ақшоқы ауылдық округінде жаппай мал өлімі тіркелді. Бүгінге дейін 260 бас инфекция жұқтырған. Оның ішінде, ресми деректер бойынша, 96 сиыр мен 2-3 айлық бұзаулар өлген. 

Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.

Өлекселер инсинератор арқылы өртеу жолымен жойылды. Жою жұмыстары ауылдық округке тиесілі ескі мал қорымының аумағында, мүдделі мемлекеттік органдардың, аудандық ветеринариялық станция мамандары және ветеринариялық пункттердің ветеринариялық дәрігерлерінің қатысуымен жүргізілді – делінген хабарламада.

Ветеринария мамандары мал иелерімен бірлесіп, ауырған жануарларға симптоматикалық емдеу шараларын жүргізіп жатыр.
Елді мекен бойынша барлығы 2 569 сиыр бар. Ақшоқы ауылының кіреберісіне, ДУК (дезинфекционная установка Комарова)  қондырғысы бар бекет орнатылды.

Ветеринариялық мамандар патологиялық материалдарды іріктеп алып,  Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің "Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық" ШЖҚ РМК-ны Нұр-сұлтан қаласына жеткізді.

Бүгінгі күні Сынақ хаттамасының (14.06.2022 жылғы№ 1-S22R-246/G-01-02) қорытындысы бойынша эмфизематозды карбункул (эмкар) қоздырғышы анықталды. Шет ауданының аумақтық инспекциясымен бірлесіп карантин белгілеу үшін ұсыныс жіберілді. Республикалық эпизоотияға қарсы отряд Ақшоқы ауылдық округінде жою іс-шараларын жүргізетін болады – дейді АШМ мамандары.

Карантин шарттары бойынша төмендегі жағдайларға рұқсат етілмейді:

1) Сиыр мен қойларды карантин белгіленген аумақтан тыс жерлерге әкетуге;
2) Сиыр мен қойлардың карантині белгіленген аймаққа әкелуге және оларды осы аумақ арқылы айдап әкетуге;
3) Сиыр мен қойларды сатуға, айырбастауға және шаруашылық ішілік қайта топтастыруға;
4) Карантин белгіленген аумақта жиналған шөп пен басқа да азықтарды әкетуге. Мұндай жем-шөпті жылқыларды және иммундалған қара малды азықтандыру үшін карантин белгіленген пункттің ішінде оларды вакцинамен еккеннен кейін күнтізбелік 14 күннен кейін пайдаланады;
5) Ауру жануарлардың сүтін тамаққа пайдалануға болмайды;
6) Ауру жануарларды союға;
7) Өлген жануарлардың өлекселерін ашу және терісін алуға;
8) Қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектіге бөгде адамдардың ауысуы және осы шаруашылық жүргізуші субъектіге қызмет көрсетпейтін көліктің кіруіне;
9) егілген және асқынулары бар жануарлардың сүтін тамаққа пайдалануға тыйым салынады.

Шаруашылық жүргізуші субъектіні эмфизематозды карбункул бойынша қолайлы деп жариялайды және жануар эмфизематозды карбункулдан сауыққан немесе өлген соңғы жағдай болған күннен бастап күнтізбелік 14 күннен кейін және қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен кейін одан карантин алынады. Ошақтағы эпизоотиялық жағдай қатаң бақылауда – дейді ветеринарлар.

Өзгелердің жаңалығы