Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қауіпті кезең жарияланды. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қарағандылықтарды құрғақ шөпті өртемеуге шақырады.
Қар ерігеннен кейін өрт саны артады. Олардың басым бөлігі отты абайсыз қолдану (қоқысты, құрғақ шөпті жағу және т.б.) салдарынан болады.
Өрт қаупі бар кезеңде құрғақ шөптің өздігінен тұтануына жол бермеу маңызды. Себебі бұл жағдайда өрт орман қоры аумағына өтуі мүмкін. Ормандардағы өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитарлық ережелерді бұзу әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 367-бабына сәйкес жеке тұлғаларға – 10 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК, орта кәсіпкерлікке – 50 АЕК, ірі кәсіпкерлікке – 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, – делінген ведомство хабарламасында.
Егер өрт болып, адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келсе, алайда бұл әрекет үлкен залал келтірмесе, айыппұл мөлшері артады. Жеке тұлғалар 25 АЕК, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілері – 45 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілері – 70 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері – 250 АЕК мөлшерінде жаза алады.
Орман мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі шаруашылық қызметкерлері тұрақты режимде мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ, аумақтарды орманшылық қызметкерлері күзетеді.
Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, 2021 жылы Қарағанды облысында өрт қауіпті нормаларды бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғаларға жалпы сомасы 1,22 млн теңгеге айыппұл салынды.