Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымы кеңейтіліп жатыр. 2026-2027 жылдары жалпы сыйымдылығы 10 мың тонна болатын екі жаңа қойманы пайдалануға беру жоспарланған.
Биыл «Достық-2009» серіктестігінің 6 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы іске қосылмақ. Ал «Юбилейное» шаруашылығында бір мезгілде 4 мың тонна картоп сақтайтын қойма салынып жатыр. Оны 2027 жылы пайдалануға беру көзделген.
Қазіргі уақытта өңірде жалпы сыйымдылығы 329 мың тонна болатын 121 картоп қоймасы және 24 480 тонна өнім сақтауға мүмкіндік беретін 20 астық қоймасы жұмыс істейді.
Жаңа нысандар өнім шығынын азайтуға, қорларды тиімді басқаруға және көкөніс өнімдерін маусымаралық кезеңде де нарыққа тұрақты жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өңір шаруашылықтары өндірісті жаңғыртып, заманауи агротехнологияларды енгізуде. Мәселен, «Шығыс» шаруашылығы жаңа суару жүйесін орнатуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ мұнда 1 мың басқа арналған ірі қара мал фермасы салынып жатыр. Жобаның инвестициялық құны – 1,5 млрд теңге.
«Мемлекеттік қолдау шаруашылықты жаңғыртуға, заманауи технологияларды енгізуге және өндірілетін өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін маңызды», – деді «Шығыс» шаруашылығының басшысы Шамиль Осин.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, сақтау қуаттарын кеңейту өнімді жыл бойы нарыққа біркелкі жеткізуге, маусымдық тапшылықты азайтуға және баға ауытқуларын тұрақтандыруға ықпал етеді.