Қарағанды облысында газға қосылуға пайызсыз несие беріледі

12 Қазан 2023, 09:08
396
Бөлісу:
Қарағанды облысында газға қосылуға пайызсыз несие беріледі
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінен

Қарағанды облысында тұрғындарға орталық газға қосылуға көмек көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қарағанды мен Теміртауда пайызсыз несие бағдарламасы іске қосылған. Бұл мүмкіндікті 200-ден астам отбасы пайдаланып үлгерді.

5 жылға пайызсыз қарыздар Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы арқылы беріледі. Бұл республикадағы пилоттық жоба. Қаржыландыру облыстық бюджеттен бөлінді. Биылғы жылы бағдарлама 300 үйге есептелген, болашақта үйлер санын ұлғайту жоспарлануда.

Тіркеу процедурасы барынша қысқартылған. Адамдарға бірден қомақты ақша төлемей-ақ газға қосылу мүмкіндігі беріледі.

Пайызсыз бөліп төлеу бағдарламасы биыл іске қосылды. Ол газдандыру үшін бірден ауқымды сома төлей алмайтын үй иелеріне көмек көрсетуге бағытталған. Әркімнің несиелеу мөлшері әр түрлі, қарыз көлемі үйдің ауданына байланысты. Айына төлемдер 12-17 мың теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 226 өтінім келіп түсті, 218 меншік иесімен шарттар жасалды, - дейді Қарағанды облысы энергетика және ТКШ басқармасы басшысының м.а. Арман Саттыбаев. 

Бағдарламаға қатысу үшін үй иелері Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығына жүгінуі қажет. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарыңыз және газға қосылуға техникалық шарттарыңыз болуы қажет.

Газдандыруды толығымен мамандар өздері жүргізеді. Қызмет көрсетушілер ішкі құбырларды, қазандық пен есептегішті орнатады.

Қарағандылық Қайрат Мамаев өз үйіне газ қосқандардың бірі. Ол көгілдір отын үй шаруашылығын едәуір жеңілдеткенін мойындайды. Енді пешті тәулік бойы бақылап, күлмен араласудың қажеті жоқ, - дейді ол.

Бүгінгі таңда Қарағанды мен Теміртауда табиғи газ 4000 үйге жеткізілді. 3200 абонент қосылды. Газдандыру жұмыстары жалғасуда.

Біз шілде айында орталық газға қосылдық. Барлық монтаждау жұмыстары үш күнге созылды. Жабдық өте қарапайым, оны басқару, температураны реттеу оңай. Біз ризамыз, - дейді Қайрат Мамаев.

Өзгелердің жаңалығы