Құтқарушылар баланың саусағын аман алып қалуға көмектесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Приозерск қаласында футбол алаңында ойнап жүрген бала саусағынан айырыла жаздады. Ойын қызығымен жүрген 12 жастағы жеткіншектің саусағы металл есіктің тар саңылауына кептетіліп қалған. Бала өз бетінше қолын шығара алмай, жағдай ушыға бастаған соң куәгерлер «112» қызметіне хабарласқан.
Оқиға орнына жеткен ТЖМ жедел-құтқару жасағы жағдайдың күрделілігін ескеріп, арнайы гидравликалық құралдарды қолданды. Құтқарушылар металл конструкцияны зерек қимылмен кесіп, баланың қолын босатты. Мамандардың кәсібилігі мен шапшаңдығының арқасында саусақ аман қалып, бала тіпті медициналық көмекке де мұқтаж болмады. Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне барынша мұқият болуға шақырады, - деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Аршалыда Есіл өзені ағызып әкеткен көліктегі жүргізуші құтқарылды.