Қарағанды облысында алюминийден жылыту радиаторларын шығаратын зауыт іске қосылды

Өңірде алюминий кластері қалыптастырылып жатыр.

 Қарағанды облысының әкімдігі Бүгiн 2026, 17:16
Бүгiн 2026, 17:16
182
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында жаңа өндірістік бағыт – алюминий мен одан жасалатын өнімдер өндірісі жолға қойылуда. Оның негізін кәсіпорындарды, ғылым мен жоғары оқу орындарын біріктіретін алюминий кластері құрайды. Бұл технологияларды жедел енгізуге және мамандар даярлауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, негізгі жоба – «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан Silumin of Qazaqstan алюминий және биметалл жылыту радиаторларын шығаратын зауыт. Кәсіпорын толық цикл бойынша жұмыс істемек. Яғни алюминий сынықтарын қайта өңдеуден бастап дайын өнім – профильдер, кабельдер, тұрмыстық бұйымдар, ыдыс-аяқ және жарық техникасын шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

Экологиялық таза decoating технологиясы зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді. Ал қайта өңделген шикізатты пайдалану қоршаған ортаға түсетін салмақты төмендетіп, қалдық көлемін қысқартады.

Кәсіпорын технологиялары Италия мен Германияның салалық институттарының қатысуымен әзірленген. Бұл өнім сапасы мен өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Біз кәсіпорын ретінде шикізат базасын қалыптастырып жатырмыз. Алюминий сынықтарының қатты және жұмсақ түрлерін қайта өңдеп, түрлі сериядағы қорытпалар аламыз. Ғылыми ұйымдармен бірлесу бізге қажетті құзыреттерді береді. Қазір республикада бұл бағыт толық дамымағандықтан, университеттерді тартуға мәжбүрміз. Қазақстанда энергия ресурстары, шикізат пен инфрақұрылым жеткілікті. Бірақ әрі қарай даму үшін технологиялық білімді күшейтіп, өнімнің қосымша құнын арттыру маңызды, – деді Silumin of Qazaqstan зауытының жетекшісі Нұрсұлтан Жұмабек.

Қазір зауыт құрылысы толық аяқталған. Жабдықтарды баптау жұмыстары жүргізіліп, алғашқы сынамалық құю жүзеге асырылған. Зауыттың жобалық қуаты – жылына 5,5 млн радиатор секциясын шығару.

Кластер өңірдің өндірістік әлеуеті негізінде және Ә. Сағынов атындағы ҚарТУ жанындағы «КарТех» жобасы аясында құрылып жатыр. Университет кәсіпорынның негізгі серіктестерінің біріне айналмақ.

Біз кәсіпорын үшін технологиялық шешімдерді әзірлеп, жетілдіреміз, өнімнің механикалық қасиеттеріне зерттеу жүргіземіз және шетелдік технологияларды жергілікті жағдайға бейімдеуге көмектесеміз. Сонымен қатар шикізат базасын іздеу және талдау жұмыстарымен айналысамыз. Алдағы уақытта өнім сапасын арттыруға бағытталған ынтымақтастық кеңейеді деп сенеміз, – деді университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Әли Мехтиев.

Жоба аясында кадр даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. Қазірдің өзінде университет түлектері кәсіпорында жұмыс істейді. Алдағы уақытта бұл әріптестік түсті металлургия бағытын дамыту арқылы кеңейе түспек.

Алғашқы кезеңде 250-ге дейін жұмыс орны ашылады. Болашақта олардың саны 750-ге дейін жетуі мүмкін.

Наверх